
Қоғамның дамуын тек экономикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Елді мекендердің тазалығы, қоршаған ортаға деген көзқарас, қоғамдық орындардағы тәртіп – халықтың өмір сүру мәдениетін айқындайтын маңызды факторлар.
Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы зор. Президент бұл жұмыстың түпкі мақсаты қоршаған ортаны тазалаумен ғана шектелмей, азаматтардың бойында тазалық, ұқыптылық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру екенін атап өткен.
Ауданда бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Елді мекендердің көшелері мен аулаларын тазалау, қоғамдық орындарды ретке келтіру, ағаштарды күтіп-баптау, абаттандыру және көгалдандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Мұндай жұмыстардың нәтижесі күнделікті өмірден байқалады. Тазартылған көше, ретке келтірілген аула, күтілген саябақ пен отырғызылған көшеттер – аудан тұрғындары үшін жайлы ортаның қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен бірге тазалық жұмыстарының тәрбиелік маңызы да ерекше. Мемлекет басшысы: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», – деп атап өткен еді.
Бұл – бүгінгі жұмыстың ертеңгі нәтижеге бағытталуы керектігін көрсетеді. Егер бала қоршаған ортаны таза ұстауды отбасынан, мектебінен, өз ауласынан үйренсе, бұл дағды оның азаматтық мәдениетінің бір бөлігіне айналады.
Сондықтан аудандағы тазалық шараларына жастардың, мектеп оқушыларының, еңбек ұжымдарының және қоғамдық ұйымдардың қатысуы маңызды. Әр буынның ортақ іске араласуы туған жерге деген жауапкершілікті күшейтеді.
2026 жылғы еліміздегі «Таза Қазақстан» шараларының ауқымы да бұл бастаманың жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Ресми мәлімет бойынша, 2026 жылдың алғашқы жеті айында бастама аясында 500 экологиялық іс-шара өткізіліп, 813 мың тонна қалдық жиналған, 1,2 миллион ағаш отырғызылған.
Бұл көрсеткіштер тазалық мәселесінің бір реттік науқаннан қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын тұрақты бағытқа айналып келе жатқанын аңғартады.
Таза аудан қалыптастыру – бір мекеменің ғана міндеті емес. Бұл – билік пен қоғамның, әрбір мекеме мен әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Тазалық әр үйден басталуы керек».
Ендеше әрқайсымыз өз ауламыздың, өз көшеміздің, өз ауданымыздың тазалығына үлес қоссақ, бұл ортақ іске қосылған нақты азаматтық үлес болмақ.
Ербол Сымханов.
