Тау туризмін дамыту: Жетісуда «Shagan Fest 2026» ауқымды спорттық-экологиялық фестивалі өтті

Жетісу облысында Шаған тауының етегінде таулы туризмді дамытуға бағытталған «Shagan Fest 2026» ірі спорттық-экологиялық фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль аясында белсенді демалысты ұнататын қауым мен спортшылар 2551 метр биіктікке жаппай көтерілді. Іс-шараны облыстық туризм басқармасы мен «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шыңға көтерілу басталар алдында қатысушыларды Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады:

– Облыс әкімінің атынан «Shagan Fest» фестивалінің барлық қатысушыларына қош келдіңіздер деймін! Жетісу өңірінде үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған бұл фестиваль тау және экологиялық туризм мәдениетін дамытуға, адамның табиғатпен байланысын нығайтуға әрі салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Бағыт ұзақ болғанымен, маршрут тәжірибелі спортшыларға да, балалы отбасыларға да қолайлы. Осындай шараларға бірге қатысу ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады. Сондықтан бұл – жай ғана табиғат аясындағы белсенді демалыс емес, бірлік пен достықтың символы. Баршаңызға жаңа белестерді бағындыруда сәттілік тілеймін! Туған жеріміздің әсем табиғатын тамашалап, оны аялай білейік және еліміздің нағыз патриоттары болайық! – деді ол.

Фестиваль қатысушылары Көксу ауданының Ақтекше ауылы маңындағы теңіз деңгейінен 2551 метр биіктікте орналасқан Шаған шыңына жол тартты. Шыңға апаратын бағыт өңірдегі ең көркем треккинг маршруттарының бірі саналады. Жалпы ұзындығы шамамен 13 шақырым. Қашықтығына қарамастан, бұл бағыт салыстырмалы түрде жеңіл, сондықтан оны тек тәжірибелі туристер ғана емес, белсенді демалысты ұнататын балалар мен аға буын өкілдері де бағындыра алады.

Таудың таңғы таза ауасы, көкжиекке созылған жоталар мен биіктеген сайын ашылатын панорамалық әсем көріністер қатысушыларға ерекше еркіндік пен рухани серпіліс берді. Ал мәреге жетіп, шың басына көтерілген барлық қатысушыларға арнайы медаль табысталды. Сонымен қатар ашық аспан астында караоке алаңы мен арнайы фотозоналар жұмыс істеді.

Фестивальге қатысушылар өз әсерлерін жеткізді. Солардың бірі – Ескелді ауданынан келген спорт ардагері, «Temiradam» атағының бес дүркін иегері Бақытжан Бектенов:

– Бұл – нағыз тау туризмінің мерекесі әрі салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі. Белсенді болыңыздар, тауға шығып, денсаулықтарыңызды нығайтыңыздар, қасиетті Жетісу жерінің табиғатын аялаңыздар. Кез келген шыңды бағындырудың өзіндік мәні бар: бүгінгі көтерілу әр адамды жаңа өмірлік белестеріне бастайды, – деді Бақытжан Байтайұлы.

Шаған шыңына алғаш рет көтерілген талдықорғандық Ирина Аксенова фестивальге қатысу өзі үшін үлкен жаңалық болғанын айтты.

– Біз құрбыларымызбен бірге фитнес-студияда жаттығамыз. Сол жерде бізге осы тауға көтерілуге қатысу туралы ұсыныс айтылды. Әрине, бірден келістік – бұл біз үшін өте қызықты әрі ерекше тәжірибе. Ұйымдастырушылар қатысушыларға қауіпсіздік шаралары мен таулы аймақта өзін ұстау ережелерін түсіндіріп, арнайы нұсқаулық өткізді. Фестивальге қатысып, шыңды бағындырғаннан алған әсеріміз ерекше, – деді ол.

Оның пікірін Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Андрей Герман да қолдайды:

– Бұл жерге екінші рет көтеріліп отырмын. Алғаш рет мұнда үш жыл бұрын келгенмін. Бұған дейін Алматы марафонына қатысып, 10 шақырым жүгіріп өттім. Мұның бәрі денсаулық пен жақсы көңіл-күй ге пайдалы. Фестивальдегі атмосфера да ерекше. Бүгін бұл шараға бауырым, әпкем, достарым бәріміз бірге қатыстық. Өзімнің таныс адамдарды кездестіргеніме өте қуаныштымын, – деді ол.

Сонымен қатар фестивальге туристік ұйымдар мен клубтардың өкілдері де белсенді қатысты. Атап айтқанда, «Истоки» туристік клубы мен «Жоңғария» туристер клубының 50-ден астам тәрбиеленушісі шараға атсалысты.

Фестивальдің соңында «Жетісу жастары» КММ директорының міндетін атқарушы Арнай Байжұрынов бастаған волонтерлер мен эко-белсенділер кездесуі өтті.

– Бүгін біз ерекше миссия атқарып, фестиваль аяқталғаннан соң волонтерлермен бірге экологиялық акция өткізіп, аумақтағы қоқысты жинап, сыртқа шығарамыз. Осындай іс-шаралардан кейін табиғаттың таза күйінде сақталуы өте маңызды. Біз таза экологияны қолдаймыз! – деді Арнай Рақымберліұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Shagan Fest 2026» фестивалі Жетісудың табиғи мұрасын насихаттап, ішкі туризмді дамытуға бағытталған маңызды жоба ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар фестиваль белсенді демалыс әуесқойларын біріктіріп қана қоймай, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастырып, салауатты өмір салтын дәріптеуге де үлес қосты.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографытар: Карина Закриева, Қанат Өмірәлинов, Абай Сұракбаев

Мәліметпен бөлісу: