Сәуірдің басында Тұрсын Омаров пен казак Петр Черных бастаған көтерілісшілер тобының соңына жазалаушы екі отряд түседі. Ақсу өзені маңындағы Адансай бұлағынан оңтүстікке қарай 1520 шақырымдай жерде жазалаушылар көтерілісшілерді қуып жетеді. Сол жерде қоянқолтық ұрыс болып, көтерілісшілер жазалаушылардан құтылып кетеді. Көтерілісшілердің айла — тәсілінен титықтаған жазалаушылар отрядының командирі, ОГПУ-дің жергілікті басшысы Тарутис жедел әрекет бөлімшелерінің бастықтарына көтерілісшілерді біржолата жойып жіберуге бағытталған арнайы бұйрық берді. Ол бойынша атты әскер дивизиясының бірінші эскадроны Қызылағаштағы көтерілісшілер топтарын жойған соң Сарқан ауданындағы көтерілісшілерді талқандауды көздейді. Тарутистің бұйрығымен жазалаушы отрядқа қосымша 155 жауынгер, 119 адамы бар атты әскер, 36 жаяу әскер, 3 взвод, 58 жауынгері бар коммунистік отряд, 30 жауынгері бар комсомол отряды, 170 жауынгері бар Қызылағаштағы комотряд, 70 жауынгерден құралған Сарқан комотряды, 60 жауынгері бар Ақсу комотряды, Алакөл мен Андреевкада 53 адамнан құралған еріктілер отряды жасақталды. Осы кезде Алматыға ОГПУ-дің бастығы Даниловскийге Қапалдан құпия жеделхат жіберіледі. Онда: «Бүйен – Ақсу ауданының Қызылағаш, Ақешкі, Сарқан, Қапал, Арасан елдімекендерінде 1500 адамдық банды жойылды. Операция кезінде бандиттер жағынан өлгендердің жалпы саны 161 адам. Сарқан, Ақсу операциялары кезінде 40 адам өлтірілді. Қосымша тексергенімізде Қызылағаш түбінде 10 адамның өлтірілгені анықталды. Қапал, Баласаз операцияларында 120 адам тұтқындалған»,-деп келтіріледі. Мәскеуге Даниловский жіберген тағы бір құпия жеделхатта: «Бандалар топтарын жойып жіберу чекистік шаралармен жүзеге асырылады…»
деп жазылған.
*** Қапал, Сарқан, Бөрлітөбе жұрты ешкімнен пана таба алмасын білді. Ендігі мақсат – Қытай еліне көшіп, бала-шағаны аман алып қалу. Ауыл-аймақтың баскөтерерлері жиылып Омар байдың баласы Тұрсын төреге келеді. «Қызылдар тұқым-тұяғымызды түгел құртатын түрі бар. Не де болса көшті бастаңыз, Қытай асайық. Ұрпағымызды босқа қырып алмайық. Ол жаққа тау арқылы баратын жолды білесіз, көшті бастаңыз»,-деп өтінеді. Сонда бірнеше
жыл бұрын Қытай жеріне бір барып келген, жетпістен асқан Тұрсын төре ұзақ ойланып: «Ресей патшалығын үш жүз жыл басқарған Романовтар әулетін де кеңес өкіметі жоқ қылды. Олар ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. Оның үстіне күш алып кетті. Арамыздан шыққан тыңшылар шетімізден «сатып», қайда жүргенімізді айтып, ұстап беріп жатыр. Алла салды, біз көндік, Өтсек өтейік Қытайға»,-деп көшетін уақытты белгілейді. Енді туған жер топырағына табаным тие ме, жоқ, жат елде қалам ба деген оймен жасы жетпістен асқан Тұрсын тығылып барып, әкесі Омар төренің басына құран оқыды. Есіне балалық шағы түсті. Сартау, Баянжүрек, Бүркүтті, Баласазда кең жайлап, ағайын — туыстың қызық тойын тойлап, шайқалтып жорға мініп, өздерімен дәрежелес адамдармен құдандаласып, он екі қанат үй тігіп, арқа — жарқа болып жататын дәурен-ай! Әкесі өте зерделі, әділдігімен танылған ауқатты адам еді. Серғазыұлы Омар сұлтанның үйір-үйір жылқысы су ішуге келгенде Бүйен өзені тартылып қалады екен. Омар аталық- матай руларының сұлтаны болған. Ол көзінің тірісінде бір сандық алтын беріп, Түркістан жақтан шебер алдырып, өзіне кесене салғызды. Онысы бақилық мекенім бала-шағама рух беріп тұрсын дегені еді. Күмбез арқылы өзінің дәрежесін де байқатқысы келген. Биіктігі 10 метрге жуық мазарды ешкінің майы, жылқының жал-құйрығы мен ешкінің қылшық жүнін сары батпаққа араластырып салдырды. Батпақты бір үйір жылқыға таптатып, иін қандырады. Құлап қалған жылқылар болса, шеткерек шығарып, бауыздап, ел — жұртқа үлестіріп жіберіп отыратын. Кесененің төбесіндегі айы айналып тұрады. Мұндай мазар бұл маңда
бұрын — соңды болмаған. Қасиетті Омар төре өмірінің соңында кесене салынып бітті ме деп қайта — қайта сұраумен болады. Бақилық үйі тұрғызылып біткенде барып көз жұмады. Мұнда өзінің бауыры Алқан да жатыр. Жан-жағында өрен-жарандары. Өткен күндерді көз алдынан өткізген Тұрсын төре соңғы жылдардағы жағдайды есіне алды. Тұлпардан тұғыр озған заманда Шыңғыс қағаннан тараған, бүкіл қазақ қадір тұтқан текті ұрпақтың басы қадірленбеді. Керісінше, қалыптасқан өмір сүру қалпы бұзылып, күнкөріс
көзі жойылды Осыны ойлап терең күрсінген бай баласы атақоныстан бір уыс топырақ алып, ақ шүберекке орап қалтасына салып, атқа қонды. Суыт жиналған көш түнделетіп жолға шықты. Көштің құрамында ұзын саны 300-дей адам. Сартаудан өтіп, Демікпенің асуына барғанда жолды қар басып қалған екен. Көштің арасында көтеріліске бірге шыққан орыс-казактар да бар еді. Күрек, кетпен ұстауға бейім орыстар жолды қардан аршуға кірісті. Қызылдардан енді құтылған шығармыз, аттарды да суытып алайық деген көшбасылар арқаны кеңге салып, демалмақшы болады. Сол кезде көпірдің қарсы бетінен мұздай қаруланған қызылдардың әскері шыға келеді. Тұрсын төре қасындағыларға қашыңдар деп бұйрық берді. Немересі Мәжін өзінің қашпайтындығын, керісінше, ағайынтуысы құтылғанша қызылдардың жолына кедергі болатынын айтады. Көшке ілескендердің арасында Тұрсынның Батырқан деген бауырынан туған Садық есімді ұлы бар еді. Батырқан қайтыс болған соң жесірі Жаңылысты Тұрсын әмеңгерлікке алған. Мәжін Садық інісіне: «Мені енді бұлар құтқармайды. Тұрсынның туған немересі екенімді біледі. Сен қаш. Ұстап алса кедейдің баласы едім. Малдарын айдатуға ертіп алған де. Өзіңнен кішілерге, әпке — қарындастарға бас-көз бол. Малды қалдырма, бірге айдап кет»,-деп бауырына амандық тілейді де өзі қызылдарға қасқая қарап, тұрып алады. Соның арасынша, Курносов әскерінің қандықол жендеті шауып келіп, әлі жиырмаға да толымаған Мәжінді ортан белден қылышпен шауып түсіреді. Сол кезде Тұрсын төре көзінен жас шығармай тістеніп тұрып алады. Болар іс болды. Әйел, бала — шаға қашып құтылғанша жолдарын бөгей тұрайын деп ойлайды.
Қазақтың жаужүрек батырына жақындауға батылы жетпеген қызыл әскер командирі Курносов төрені алыстан көздеп, винтовканың шүріппесін басып қалады. Командирден кейін де бірнешеуі ажал оғын жаудырады. Тұрсын төре сол кезде барып құлайды. Ойлағанындай осы сәтте біраз адам қашып үлгереді. Осының бәрін көз алдынан өткізген Тұрсынның баласы Қырықбай тас түбіне тығылып, аман қалады. Атыс — шабыс аяқталған соң қызыл әскер оқиға орнынан жылдам аттанып кетеді. Тас түбінде қозғалмай жатқан Қырықбай көз байлана әкесі мен Мәжін және сонда мерт болған бірнеше адамның денесін атақонысы Баласазға жеткізіп, әкесі Омар төренің қасына жерлейді. Түнделетіп денелерді тасып, қабір қазып, басын көтергенше бірнеше ай өткен екен. Тарихшы Халел Досмұхамедов: «Тарихты ұлылар жасайды, пенделер бүлдіреді. Ит өз — өзін танымаған соң айнаға қарап үреді» деген еді. Тарих – ұлттың айнасы. Ендеше, ұжымдастыруға қарсы көтерілістің болғанын, көтерілісшілерді сталиншілдердің аяусыз қырғанын халық білуі керек. Өткеніңді саралау арқылы бүгініңді бағалайсың. Кеңес өкіметі кезінде «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр аз-ақ»,-деп әндеттік. Кеңестік билік қып-қызыл қантөгіспен келген. Бай-манаптар ұжымдастырудың соңы жақсылыққа апармайтынын білді. Аша тұяқ қалмасынның соңы ашаршылыққа апаратынын бағамдады. Шынында да малынан айрылған халық өзінен — өзі мылтық кеземейақ қырылды. «Қайырымсыздар қаптаған заманда қайыршылар көбейедінің» кері келді. Банды аталған аталарымыздың шынайы ерлігі жайлы ауыз толтырып айта алмадық. Санамызға әбден сіңіп, қантамырымызға дейін өтіп кеткен қорқыныш еңсемізді көтертпеді. Мақтануға тұрарлық аталарымыздың атын айтуға сескендік. Мектеп, жоғары оқу орнына арналған оқулықтарда көтерілісшілер ұры — қары ретінде көрсетілді. Шындығында олар мал-мүлікті талантаражға салуға қарсылық білдірген, ақыры соңында көтерілістен түк шықпайтынын біліп, ел — жұртты аман алып қалу үшін шет ел асырып, басын бәйгеге тіккен батырлар еді. Тарихтың кейбір маңызды беттері әлі толық парақталмай жатыр. Тұрсын төредей алыптарымыз бастаған көтерілістің шынайы бет — бейнесі алдағы уақытта ашыла түспек.
Гүлжан ТҰРСЫН, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі.