1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын тыңдадық.
Біздің Ақсу ауданы ауылшаруашылық ауданы. Жолдауда «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал — тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді» — деп нақтылап айтты. Сондай – ақ, «Судың да сұрауы бар» — деп, суды ысырап етпей тиімді пайдалану керек екенін де айтты.
Яғни, инновациялық амал-тәсілдер мен заманауи ғылымға сүйену дегеніміз суды үнемдеп, тамшылатып суғару тәсіліне көшу дегенді білдіреді деп ойлаймын. Әрине халқымыз «Жеті күн жауған жаңбырдан – желіп өткен су артық» дейді. Сонда да суды ысырап жасамай, суғарғанда жылдамдатып, жүгіртіп – жүгіртіп алған дұрыс. Тәжірибелі сушылар дәл солай жасайды. Себебі судың алқапта көп жатуы да өнімнің сапасын азайтады. Жапырақтары сарғайып, қандай дақыл болса да біраз уақыт ауырады. Ал, сол уақыт өнімнің өсу қарқынын бәсеңдетеді. Ал, тамшылатып суғару әдісі осы аталмыш екі мәселені шешуге септігін тигізетін ең дұрыс амал. Сондықтан мемлекет басшысы ауылшаруашылығы саласының қыр – сырын терең түсініп, заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кететінін ашып айтып отыр.
Ербол СЫМХАНОВ.