Талдықорғанда жастар арасында есірткінің алдын алу бағытында кездесу ұйымдастырылды

Талдықорған қаласында есірткіге қарсы күрес аясында студент жастармен «Таңдауың – тағдырың» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру.

Кездесуге Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Абдушева Мадина Габдоллаевна, Облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы Мұхамеджан Талшын Сағдатқызы, сондай-ақ Жетісу облысы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі Курмашева Зайда қатысты.

Іс-шара барысында мамандар жастарға есірткі заттарының адам ағзасына, психикалық денсаулыққа және әлеуметтік өмірге тигізетін зияны туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері есірткіге байланысты құқықбұзушылықтар үшін қарастырылатын заңдық жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Дәрігер-нарколог тәуелділіктің медициналық аспектілеріне тоқталып, оның алдын алу жолдары мен ерте белгілерін анықтаудың маңызын атап өтті. Ал полиция өкілі жастарға есірткі қылмыстарының салдары мен оның қоғам қауіпсіздігіне төндіретін қаупі туралы нақты мысалдар келтірді.

Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, студент жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шара қорытындысында қатысушылар салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын түсініп, әр адамның бүгінгі таңдауы оның ертеңгі болашағы мен тағдырын айқындайтынын ұғынды.

Мәліметпен бөлісу: