ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРЛАНДАРЫ

БҰЛ ӨМІРДЕ ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АДАМДАР ҚАНША КӨП, АРМАН­ДАЙМЫН СОНЫҢ БӘРІ МЕНІҢ ДОСЫМ БОЛСА ДЕПКҮЛЕ ҚАРАП КЕЛЕ ЖАТСА БІР АДАМ, ІШТЕЙ ГҮЛДЕП КЕТЕ БАРАМ, ШАТТЫҒЫНА ҚУАНЫП.

МҰХТАР ШАХАНОВ.

ТАРШЫЛЫҚТА ТАРЫҚПАЙ ҚУАНҒАН СӘТТЕРІМ АЗ БОЛҒАН ЖОҚ

(ҚҰРМЕТ ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖӘНЕ АҚСУ, ТАЛҒАР АУДАНДАРЫНЫҢ «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ», ЕҢБЕК ЖӘНЕ СПОРТ АРДАГЕРІ БАЙБОЛОВ ҚАЛИМОЛДА ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК СЫР)

Зымырап өте шығар қайран уақытқа әр адам өзіндік миссиясымен келеді де­сек, сол миссиясын кейінгі ұрпаққа ізгілік болар жақсылыққа, туған жерінің жарқын болашағына жұмсай білсе зор ғанибет деген сол емеспе. Міне, біз мақаламызға арқау етіп отырған Қалимолданың ғибратты ғұмыр жолы осыған толы.

Иә, шағын ауылдың жалғыз көшесінің шаңын аспанға шығарып шапқылап жүріп өскеннен бастап өнегелік өмірінің әр сәтінде айналасына сәулесін төгіп, көппен дос, нағыз жолдас болып жақсылар мен жайсаңдарды жинап, үлкенге іні, кішіге аға болды. Есейіп етек жинаған шағында ел сыйлар білікті де, бірегей басшы ретінде атқарған ісін қалың бұқараның игілігіне арнады.

Отбасының ұйытқысы, ортасының беттүзері бола білген ол әрбір жанға туысқандай қарап, достыққа берік, жолдасқа адал қасиеттерінен бөлек сонау бала кезден бергі еңбекке араласқан жолы бір әлем. Енді елі сыйлаған азаматтың ғибратты ғұмырындағы еңбек жолына ой тербейтін болсақ, әуелі әр адам өсе келе дара болсын, тіпті дана болсын ең алды­мен бала болатыны айдай айқын емес пе. Олай болса, мақаламызға оның қол жеткізген жетістіктерін тізе бергенше оның балалық кезі мен бозбала шағындағы бейнесін бедерлеу үшін әуелі бала Қалимолданың, одан соң есейіп еңбек жолын бастаған шағында дұрыс бағыт — бағдар беріп, ел сыйлар азамат болып қалыптасуына ақылшы болған сол кездегі аудан басшыларының, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы таршылық пен тапшылық жылдарында қиындықты бірге көтеріскен әріптестер естеліктерімен әңгімені өрбіткенді жөн көрдік. Олай бол­са, бала Қалимолданың естеліктерінен бастайық:

– Өткен күндер өзінше бір дәуір, оны еске түсіру, айту, жазу тарих. Ауылдағы «Октябрь» мектебiнiң алғашқы табалдырығынан аттадым. Алғашқы ұстазым Зияш Дүйсебайқызы апаймыз еді, — деп жалғастырды. Мектепте барын­ша зерек оқыдым, әрбiр пәндi сыныптас ұл — қыздар үздiк оқуға жарысушы едік. Ең алғашқы арманым ұшқыш болу. Ол кезде теледидар жоқ, электр жарығының өзі жаңадан қолға алынып жаткан шақ. Кинофильмдер айына екі рет клубта көрсетілетін. Ауыл ортасында биік ағаш бағандағы жалғыз радиодан ғана соңғы хабарларды еститінбіз.

Кеңес Одағының батырлары Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Коже­дуб секiлді ерлердің атын естіп, со­лардай көкке самғап ұшатын, ұшқыш болсам деген балалық арманым ба­сым еді. Сондағы ұстаздарымыздың бірі — Кәден Еркiнбеков деген ағамыз «Кiм – болам» деген тақырыпқа мектеп оқушыларымен кездесу өткiзiп, пікірлесіп әңгімеге тартқаны бар. Класс партасында жағалай отырған оқушылар келешекте кім болғысы келетіндерін айтып жатты. Біреулері дәрігер, біреулері ұстаз, ендi біреулері қаламгер журналист болсақ деуде. Кезек маған келгенде мен жұлып алғандай Кәден аға, мен мектептi жақсы бiтiрiп өскенде ұшқыш боламын,-дедім. Кәден ағамыз ойланып қалып, бала­лар мiне көрдiңiздер ме бiздiң бүгiнгi кездесуiмiзден ұшқыш та шығайын деп тұр дегені бар.

— Қалимолда айналайын талабыңа жет, сен өте киын, әрі күрделі мамандықты айттың. Осы бағытта сабағың жақсы, саған дене тәрбиесіне үлкен мән беру керек деді. Өйткені, ол кезде жиі ауырып, ауыл дәрігеріне жүгiнетiн мен енді спорт­пен тұрақты айналысуға бел буып, бүгiнгi егде тартқан шағыма дейін қол үзбей келемін. Ал ұшқыштың орнына, кейін ин­женер мамандығын таңдадым.

Ауданымызға бірінші хатшы болған тұста әуелі жастарды қамқорлыққа алудан бастаған Тұрғамбаев Ғалым Тұрғамбайұлының естелігі былайша сыр шертеді:

– Мен алғаш ауданға басшы болып келіп жастар өмірімен танысқан кезімде Қалимолданың тағдыры маған ұқсас екен. Шешесi көп қиыншылық көріп өсірген жалғыз ұлынан үміт күтіп жүргенін сездім.

Бір күні Қалимолданы кабинетке шақырып, қарама — қарсы отырғызып қойып біраз анкетасымен танысып үндемей от­ырдым да неге жоғары оқу орындары­на түсіп біліміңді жалғастырмадың,–деп сұрадым. Ол жалғыз шешемнің жағдайына қарайтын адам болмағандықтан, жоғарғы оқу орынының күндізгі бөлімшесіне түсіп оқуға жағдайларының болмағанын айт­ты. Қалимолда сол кезде Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының 4-ші курсында сырттай оқиды екен. 1985 жылы Ауылшаруашылық институтының инженер — механик мамандығы бойынша аяқтап шықты.

— Ал, сені мұнда неге шақырғанымды сезесің бе? — деп сұрап едім, жоқ білмеймін,-деді. Сені шақырғаным аудандағы «Казсельхозтехника» мекемесіне басшы тағайындау керек. Осы орынға сенi белгілеп отырмыз. Аудан шаруашылықтарының басшыларын жақсы бiлесiң, осы ұсынысыма қалай қарайсың,-деп сұрап едім, абыржығандай болып үндемей біраз отырып қалды. Егерде Сіз қолдасаңыз келісемін,-деді.

Сен аудандық партия комитетінен қолдау тауып тұрасың, бiрақта барлығы өзіңе байланысты. Саған артқан сенiмдi сезініп жүріс тұрысыңа өзіңе сын көзіңмен қарап, әр ісіңе жауапкершілікпен кіріссең мекемені басқарып кете аласың. Сені ертең аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Медведов Олег Михайлович жаңа жұмыс орныңа отырғызатын бола­ды,- деп шығарып салдым.

Сонымен Қалимолда 5 жылдай «Казсельхозтехника» мекемесін үздiк басқарып, облыс көлемінде өзін көрсете білді. Осыдан кейін Ш.Уәлиханов атындағы совхозында 4 жыл басшы бо­лып жұмыс атқарды. Ш.Уәлиханов совхо­зын 4 жылда әлеуметтік — экономикалык көрсеткіштері бойынша аудан көлемінде 1 — ші орынға шығарып, 2 дүркін облыстың ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алған — ды. Жалпы шаруашылыктың дамуында жақсы нәтижеге жеткізгеннен кейін, Аксу ауданы әкімінің 4 — жылдай 1 — ші орынбасары, ал 1995 — 2001 жылдары осы ауданның әкiмi болып қызмет атқарды.

Ол туралы ерекшелеп айтылатын жай оның өз ортасындағы жұртпен ете­не араласып, жасымен де, үлкенiмен де, қарапайым жұмысшы, қатардағы әріптестерден бастап мемлекеттік деңгейдегі тұлғаларға дейiн еркін тіл та­быса бiлу қабiлетi жоғары еді. Бойындағы салмақтылығы мен сабырлылығы, өмiрдегi және тұрмыстағы қарапайымдылығы, осының бәрі басқаларды өзiне ерiксiз жақындатқызып, сыйлатқызып тұратын.

Енді Қалимолда Байболұлы тура­лы «Таланттың аты талант» атты кітап жазған сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Наурыз Қылышбайұлының естелігінен үзінділер келтірсек:

– Бір жағы өндірісте, екінші жағынан үміткерлер тобының құрамында шыңдалған Қалимолда Байболов тура­лы ауыз толтырып айтарым баршылық. «Қаракөз» қызылша совхозына директор бол деген ұсыныстан көңілге қонымды жауаптарымен бас тартқанын ұнатып, аудан өміріндегі ағымды жұмыстарға бұрынғысынан да жиі қатыстыратын бол­дым.

Аудандағы ірі шаруашылықтың бірі Шоқан Уәлиханов атындағы қой совхозының директорлығына ұсынылған кезде ойламаған жерден PTC ұжымының жұмысшылары қатты наразылық білдірді. Мәскеуден ескен демократияның ықпалы болар, ынталы топ құрылып Байболов­ты орнында қалдыруымды талап етіп, аудандық партия комитетіне жолдаған ар­найы хаттарына жауап беру үшін өзімнің баруыма тура келді. Әңгіме ұзаққа со­зылды. Өз басшыларының жұмысына деген ризашылығынан бастап, соңғы бір жарым жылда 18 тұрғын үй салы­нып, екі көшеге асфальт төселініп, елдің әлеуметтің жағдайының жақсарғанын, 80-нен 140 адамға жеткен жұмысшылыр саны тұрақтанып қана қоймай, олардың жұмаққа бөленіп отырғанын бірінен соң бірі қайталай айтады. Сөздерінің төркіні қой совхозын басқаруға арнайы маман таппай инженерді ұсынғаныңызға жол болсын деген облыстық партия комитеті ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісінің пікірімен ұштасып жатыр. Осының бәрін ұйымдастырып жүрген «Қалимолданың өзі емес пе екен» деген ой да маза бермейді. Ірі шарушылықты басқару қолынан келеді деп резервке ұсынарда өздері бекіткен мінездемені ескеретін түрі жоқ. Сөздерін бөлмей айтқандарын үнсіз тыңдап отыр­мын. Енді бірде тыныштық орнады. Не дер екен деп барлығы маған қарап отыр.

Сол сәтті пайдаланып, аудандық партия комитеті Байболовты сіздердің ұжымдағы жұмақтың төрінен жұлып алып, «Шоқан» атындағы совхоздағы жерінің шаңы бұрқылдап жатқан тозақтың қазанына апа­рып салады. Одан аман шығу — шықпауы тек өзінің қабілеттілігі мен шынайы шеберлігіне ғана байланысты. Бір жарым жылдың ішінде мына сіздерге жасаған қамқорлығын жаз болса күннің ыстығына тап болып, жауын мен желдің өтінде, қыс болса мұз жастанып, қар жамылып өмір бойы қойдың соңында жүрген қазақтарға жасасын деп жібермекпіз. Оның жетпіс мың қой өсіріп отырған «Шоқан» атындағы совхоздың шопандарына басшы болып баруы қалайша сіздерге қиянат болып көрінетінін түсіндіріп беріңдер маған,-деп сөз кезегін енді өздеріне аудардым. Үнсіздік.

В таком случае как говорят, молчание знак согласие, — дедім де, орнымнан тұрып, қош айтысып, артыма қайрылмастан ауданға жүріп кеттім.

Бір жұманың ішінде Қалимолда Байбо­лов «Шоқан» атындағы қой совхозының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл 1988 жылдың күзі болатын. Енді бұрынғыдай 100 саулықтан 114 қозы алып, күзге 80-ін ғана аман сақтайтын совхоз шопандары, енді совхоз бойынша 98-ден қозы алып, тамыз айында 95-тен бөліп беріп қой басының өз төлінен тиянақты өсуін қамтамасыз етіп, «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл — көсір» қағидасын дәлелдеді. Осылай даңғазалыққа, рапортаманияға құмар басшылардың екпіні басылып, барлық шаруашылықтарда да көз бояушылыққа тыйым салынуы ау­дан бойынша мердігерлік әдістің кеңінен ендірілуінен басталған еді. Сөйтіп, 14 мың бас тоқтыны ақпан айында қырқып, сәуір айында 45 — 50 килолық салмақпен ет комбинатына өткізілуін қамтамасыз етіп, толағай табысқа қол жеткізді.

Қалимолданың ізденімпаздығы, қажымас қайсарлығы, жұмысындағы тиянақтылығы жаңа қырынан айшықталып, ауылдың төрт көшесіне асфальт төселініп, жарық жүргізілді. Үлгілі жобамен үш жүз орын­ды Мәдениет үйі, «Арасан» атты жаңа типтегі монша салынып, ауыл жастарының аудандық деңгейдегі 5 — 6-ы спартакиадасы осы совхозда жаңадан іске қосылған ауыл стадионында өтті. Совхоздың машина — трактор паркі қуатты трактор, автокөлік, комбайнмен толықтырылды.

Осылай төс пен балғаның арасында шыңдалған болаттай берік Қалимолда 2001 жылы Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары, одан 2008 жылы аудандық басқарма бастығы қызметіне ауыстырыл­ды. Бұл еліміздегі ең ірі аудандардың бірі еді. Ауылшаруашылық құрылымдардың саны 2001 жылы 1477 болса, бүгін 4495-ке жетіп, оның 4426-ы шаруа қожалығы болып отыр. Аудан бойынша өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 2001 жылы 6,2 млрд. теңгені құраса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 17,2 миллиардқа жетіп отыр. Орта есеппен алғандағы сол кездегі жалақы мөлшері 5480 теңгеден 27694 теңге деңгейіне өскені де көп нәрсені аңғартқандай. Иә, мұндай көрсеткіштерге Қалимолданың да қосқан үлесі, қолтаңбасы жатқанын бұл ауданның жұртшылығы да шындыққа балайды.

Иә, анасының ақ батасын алып, адалдықтан қия баспаған Қалимолда мен Жамал үш ұл өсіріп, жақсы жермен құда болып, үш немеренің ата — апасы атанған бақытты әулет иелері.

Нарықтың қысқан шағында ау­дан әкімінің орынбасары болған Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» Серікбек Серпербаевтың ой — толғауына үңілсек:

— Қ.Байболовтың аудан басшысы болған кезеңі нарықтың, аудан экономикасының құлдырауының төменгi шегiне жеткен уақытпен сәйкес келді. Ерекше бір еске алар кезең — ол ауданның негізгі және жалғыз кәсіпорны — Ақсу қант зауытын қайта іске қосу — үлкен саяси — әлеуметтік мәселеге айналды.

Міне, осы кезеңде Қ.Байболовтың қайсарлық, тапқырлық қасиеттері анықталды. Халықтың облыс басшысына тікелей кіруге батылдықтары жетпей жа­татын кез туды. Қалимолда болса бірден Астанаға, Үкіметке халық атынан жол тарт­ты. Нәтижесінде министр С.Мыңбаевтың тікелей және сол кездегі облыс басшыла­ры С.Ә.Үмбетовтың, З.Қ.Нұрқаділовтың қосымша көмектерiмен зауытқа 25 млн. теңге қаржы бөлінді.

Алайда, бұл керек қаржының жартысы ғана едi. Қалғанын басқа жолмен шешу үшін. Осы мақсатта аудандық бюджет мекемелерi қызметкерлерінің келісімдері бойынша бір айлық жалақылары қарызға — көмек ретінде алынып, Қырғыздардан, Қытайдан арзан бағамен нашар сорт­ты болса да тұқым алынып, шаруаларға тартылды. Қарыздар жыл соңында таза қанттың есебімен толық қайтарылды.

Ендiгi бiр үлкен мәселе — Матай стан­сасында да туындады. Ауылдық округтегі 4 — 5 мыңдай халқының барлық тұрмыс — тіршілігі, күнкөрісі темiржолмен, оның мекемелерімен тығыз байланысты бо­латын. Соған қарамай, оңтайландыру саясатымен стансаның Локомотив депо­сын жауып, Ақтоғай стансасына қосу ту­ралы шешім қабылданды. Осыған орай, Қалимолданың тағы да Астанаға жол тартуына тура келді. Бұл жолы ол, көлік министрі Қалиев Еркін Жекенұлының қабылдауында болып, халықтың, жерлестерінің жан айқайын, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мәселе оңды шешіліп, Матай стансасы өз орнында қалды.

Енді аяқ астынан Халық банкiсiнiң Ақсу ауданындағы мекемесі жабылып, Сарқан ауданына өткiзiлiп кетті. Аудан тұрғындары жалақыларын, зейнетақыларын алу үшін Сарқанға сабылатын болып, ел арасында наразылықтар туындады. Бұл жолы да әкімнің Халык Банкісінің сол кездегі рес-публикалык басшысы Кәрім Масимовқа бірнеше рет хабарласып, жағдайды қайта — қайта түсіндіруіне тура келді. Нәтижесінде, Кәрiм Масимовтың өзі ауданға келіп, ел жағдайын көзбен көріп, мекеменi қайтарып алуға нұсқау берді. Сөйтіп, ол да туған жері, халқының алғыс — ризашылығына ие болып кетті.

Ауданның Арасан ауылындағы «Қапал — Арасан» шипажайының да тағдыры қыл үстінде тұрып, оған да сол Қалиев Еркiннiң тiкелей қаржылық көмегiмен ескi бiр ғимарат күрделi жөндеуден өткiзiлiп, жаңаша үлгiдегі шипажай iске қосылды. Онда ауданның жүздеген адамы арзан бағалы жолдамамен демалып емделді. Сол сияқты Ақсу өзені бойындағы ерте­ректе тоқтап қалған ГЭС–ті қайта салу жұмысын бастап, кейін сәтті аяқталып іске қосылды. Міне, азаматтың азаматтығы осындай тар жол тайғақ кезеңде сына­лады десек, Қалимолда әкім болғанда бұл сындардан сүрінбей өткені әлі жұрт есінде.

Ақсу ауданының «Құрметті азама­ты» Орал Исанова Сердалықызы өз естелігінде былай,- дейді:

— «Шақырғанда бармасаң, сығалауға зар боларсың»,-дегендей аудан әкімі орынбасарлыққа келіңіз деген соң белдi бекем буып, танымайтын жер, жұмыс көп болса да, тәуекел деп келісім бердім. 1997 жылдың 21-ші шілдесiнде қызметке кірістім. Бұл кез халықтың тұрмыс — жағдайы төмендеп, елдiң сiркесі су көтермейтін дағдарыс шақ едi. Осы қиыншылықтарды жеңу үшiн ұйымдастырушылық пен жауапкершілікті басты мақсат еткен Қалимолда өзіне де, басқаға да жұмысқа деген талапты қатаң қоя бiлдi.

Ауылдарда бос жүрген жастар көп. Олардың теріс жолға түсіп кетпеуін қадағалап өнер мен спортқа ерекше көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде аудандық жарыс — спартакиаданы ауыл жастары Олимпиаданы күткендей күтетін. Жолдың алыс — жақынына қарамай, транспорттың жоқтығын сылтауратпай ауданда тамыз айында спорттың 8 түрiнен 23 — 25 ко­мандалар іріктеліп, жазғы спартакиадаға спортшы қыздардың қатысуымен Е.Сиқымов атындағы аудандық стади­онда спорт мерекесiн өткіздік. Бел орта­сында баскетболшы, волейболшы әрі, төреші болып аудан әкімі Қалимолла Байболұлының өзі жүретін. Басшы болған жерде әрине қосшы да көбеймек. Ал, көркемөнерпаздар үйiрмесінің байқауы қандай дәрежеде өтетiнiн сол кездегі қатысушылардың естерiнде әлі ұмытылған жоқ. Ауданда 30-ға жуық көркемөнерпаздар ұжымдары жыл сай­ын ақпан айында жергілікті жерлерде өз өнерлерін көрсетіп, олардың нәтижесi мерекелік салтанатқа ұласатын.

Жастар ортасында рух, көңіл — күй көтерілді. Солардың ішінен №4 лицей, Қ.Сәтбаев, Е.Сиқымов, Ж.Сыдықов атындағы орта мектептер, аудандық ау­рухана ұжымдары, көптеген округтер жүлделі орындарға ие болып жүрді. «Ақ әжелер», «Ақсу аруы», «Жiгiт сұлтаны» сияқты үлкен тәрбиелік, мағыналық мазмұны бар байқаулар өткізіліп тұрды. Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп гимназиясының, Қызылағаш, Кеңжыра ауылдарының әжелері, Суықсай ауы­лы мен Матай поселкесiнiң арулары көріктеріне мінездері сай болса, Ойтоған ауылы, Телекоммуникация жiгiттерi «сегіз қырлы, бір сырлы» екендерін көрсетті. «Мамания» мектебiнiң 100, ауданның 70 жылдықтарын өткізу аса жауапты шаралар ретінде атқарылып, ол да көңілдегідей өтті.

Аппарат жиынында ауыл, аудан тұрғындары алдында бiр жылдық атқарылған жұмыстарға есеп беру тура­лы әкiм сөз қозғады. Мақсаты — халықтың істелініп жатқан жұмыстарға баға беруі. Құп десе, жандандыра түсу, жоқ десе командасымен кету. Ол кезде респуб-лика көлемінде аудан әкімінің жылдық қорытындысы бойынша есебін тыңдау де­ген болмаған жағдай еді. Бұған біреулер түсінушілікпен, ал көбі бұл қалай болар екен деген күдiкпен де қарады.

Сонымен қараша, желтоқсан айла­рында ауылдық, поселкелік округтерде, ал, желтоқсанның аяғында орталықта аудан әкiмiнiң есебі тыңдалды. Аудан әкімінің жылдық есебі 1996 жылдан бас-талды. Қатысқан адамдардан ине шан­шар жер жоқ болатын. Жетіспеушілік, кейбір жағдайда жоқшылық, бәрiнiң көкейінде не істеу керек? — деген сау­алдар тұратын. Қалимолда болса өзіне тән сабырлылықпен, байыппен әрі азаматтықпен әр сұраққа тиянақты жауа­бын беріп, атқарылған істерді айшықтап, алдағы істер жайлы айтып, жылдық есебін беретін. Халық әкімінің әр сөзiне сенді, оңды бағаларын беріп отырды. Осын­дай ең қиын өтпелі кезеңде қарлығаштың қанатымен су сепкендей халқының жүрегіне жылылық, сенiмдiлiк себе білген жүректі азамат Қалимолда Байболұлымен әріптес болғанды қазір мақтан етемін.

Барлық оқиғалардың бел ортасында жүретін «Ақсу өңірі» газетінің бас ре­дакторы Дүйсен Мұхамедшарұлының естелігінен:

(Фотодерек: Егемендіктің елең – алаң шағында тапшылық пен таршылықтың нағыз қысқан кезінде аудан әкімі Қ.Байболовтың командасында болып, аудан жұртшылығының әлеуметтік – тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға елеулі үлес қосып, абырой биігінен көрінген бір топ аудандық мәслихаттың депутаттары.

Алдыңғы қатарда аудан әкімінің орынбасары Исанова Орал Сердалықызы, аудан әкімдігінің бас бухгалтері Күлпаш Мұстапова, (оңнан солға қарай) аудан әкімінің көмекшісі, аппарат бас­шысы, кейін әкім орынбасары болған, қазір облыстық мәслихат депутаты Шабдарбаев Берік Тынышбайұлы, аудандық мәслихат депутаттары Досмұхамбетов Асхат Сейденұлы, Сам­бетов Элдар Ермолдаұлы, аудандық мәслихат хатшысы Бимұратов Бауыржан, «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы Дүйсен Мұхаметшарұлы.)

— Қалимолда өз қызметiнде ешкiмдi алаламайтын, қудаламайтын, бәрi де болсын, бәрі де оңсын дейтін жаны таза, қылдай қиянаты жоқ, «Біреудің ала жiбiн аттама»,-деген анасының ақылын қасиетті тұмарғып ұстап, ешкімге жел болып тимей, көңiлдерiне көлеңкесін түсірмей жүретін көпшіл, қазақшыл еңбекқор жан болды.

Ендi осынша қиындықтардан жол тауып шығу жолындағы аудан әкімі Қалимолданың кейбір ерен iстерiн естелік ретінде айта кетудiң еш артығы жоқ шығар деп ойлаймыз. Соның бірі — аудан жұртшылығының көмегімен іске қосылған қант зауытын коммуналдық мекеме ретінде аудан әкiмдiгi тiкелей қадағалап отырды. Жақсы iс жалғасын осылайша тауып, аудан халқы несібелерiн көрейін деп жатқанда «Жер астынан жiк шықты, екі кұлағы тік шықты»,-дегендей енді за­уыт басшылары, мамандары ала жаздай «еңкейген шал мен еңбектеген баланың» бәрi атсалысып есігінің алдындағы бақшаға дейін өсірген қызылшаның ластығы көп деп пайызын көтерiп қанай бастамай ма. Бұл өзі күн бұзылып, суытып тұрған күз айы едi.

(Тәуелсіздіктің қиын кезеңінде алғаш іске қосылған Ақсу қант зауыты)

Зауыт басшыларының қысымынан әбден зәрезеп болған еңбек адамдары мұң — мұқтажын аудан әкiмiне жеткiзiп, бүйте берсе көк тиынсыз қалатындарын айтқан ғой. Аса жауапты науқан — қызылшаны төкпей — шашпай жинап алудың қамында күндiз — түнi кiрпiк iлмей жүрген аудан әкiмiнiң шаршаңқырап бiр iске ашулы сәтiне тап келді ме, оның үстiне мұндай өрескел iстi бұрын да естіп, бiлiп жүрсе ке­рек. Бірден қызылша жинау пунктіне келсе, жиналған топтың ортасында сол кездегі зауыт басшысы, қара костюм — шалбармен шiренiп сөйлеп тұрғанын көрген әкім жан — жағына қарап, алқапты аралап келген керзi етiгiмен түскен қызылшаларды түртіп аударыстырып қараса пәлендей дерлiк кiр қызылшалар көрiнбейді, талапқа сай. Зау­ыт басшысына қараса жөн сөз тыңдар түрi жоқ. Кеңес дәуiрiнде осы зауыттың әбден қызығын көрген басшының тiптi шектен шығып бара жатканына шыдамаған әкім онымен қатты жаға жыртысқан ғой. «Ты что» дегенге ғана тiлi келiп, кабинетiне қарай жүре жорғалай жөнелген — ді. Мұнан соң қызылшашы азаматтарға жол ашы­лып, тиiстi қанттарын, қызылша сiрнелерін алып қарық болғаны бар. Ал, аудан әкiмi мен зауыт басшысы қанша айтқанмен бір ауданның бiрге өскен азаматтары емес пе өзара тіл табысып, зауыт басшысы өмірден озғанша сыйлас дос болып кетті.

Бiрде теміржол бойындағы ауылдарды аралап қайтуға іс — сапарға бiрге шықтық. Ол кезде Матайда төрт мыңнан астам халық тұрды. Әсіресе, құм қойнауындағы ауылдарға егістік жер аса қажет еді. Сол сияқты Молалы, Егінсу, Құрақсу елді мекендерінде де жер мәселесі болатын. Мiне, осы елдi мекендердi бетке алып жүйткіп келе жатқан әкімнің автокөлiгi ке­нет кiбiртiктеп барды да кілт тоқтады. Түсе қалған жүргізуші «я же сказал»,-деп без­ектеп машинасын айналып жүр. Сөйтсек, бір темiрi шорт сынып кетiптi. Әне, міне жөндейсің деп уақыт бермеп едім, сынған жерін қарашы деп әкім тұр. Осы­лай дағдарып тұрғанымызда бір жеңіл автокөлік ызғытып өте шықты да, қайта оралып келді. Автокөліктен домаланған бiр жiгiт түсе қалды да Қалимолдаға амандасып, екеуі шеткері шығып, біраз әңгімелесіп тұрды да қол алысып, шо­фер мен сынған темірді салып алып әлгі жігіт аудан орталығын бетке алып жүйітки жөнелді.

Олар кеткен соң Қалимолда мына көліктің бұзылғаны қандай жақсы болды, жаңағы жігіт жақсы таныс, әрi бiзге бере­шек қарызы да бар теміржол бойындағы көмір қоймасының бастығы едi, әбден ұстатпай жүрген. «Енді бiрiншi кезекте сіздің ауылдарыңызға жетерлік көмiрдi жеткiзiп беремiн, әбден ұят болды» деп сөзін беріп кетті, — деді. Расында сол жылы аудан халқы да, мекеме, ұйымдар да қара көмірге қарық болғаны бар.

— Иә, Қалимолданың өзгеден ерен, тумасы бөлек сырбаз жан екенiн, си­рек кездесетін қаталдық мiнезi мен бе­кем ұстамдылықтың, нәзік іңкәрліктің, парасаттылықтың иесі екенін күні бүгінге дейін замандастары, өзі басқарған аудан халқы ауыздарынан түсірмей келеді.

Бұл жолы аудан әкімі телефон арқылы хабарласып, түстен кейін жөн білетін, көзі ашық молда мен ауылға сыйлы бір ақсақалды ертіп кабинетке кел,-деп тап­сырма берді. Мен аң — таң болып, әуелі молда іздей бастадым. Ол кезде ауыл тұрмақ, ауданда мешіт жоқ. Бiрақ аудан имамы бар еді, ол басқа ауылда тұратын. Ол молда ауырып қалаға кеткен көрінеді. Шындығында имандылыққа ендi бет бұра бастаған ауданымызда оқымысты молда­лар жоқтың қасы еді. Тығырыққа тіреліп тұрғанымда ұлты өзге елдi имандылыққа шақырып жүретін бір таныс молданың есiме сап ете түскені. Уақыт тығыз. Са­лып ұрып үйiне барсам үйiнде екен, амандасып болған соң сен ендi дұрыстап киiн де менімен бірге жүр, қазір әкiмге кiремiз дедім. Ол да неге шақырды, — дейді. Мен қайдан білейін, қолына құран кітапшаларыңды алсаңшы деппін. Мол­да маған ыржия күліп қарады да: — Бәрін жатқа білемін ғой, әкiм менен «емти­хан» алады дейсiң бе? дегенi. Екеумiз қарқылдап тұрып күліп алдық.

Айтқан уақытында жаңағы молда­ны, Қаракемерлік бір ақсақалды ертіп әкімнің кабинетіне кірдік. Жылы қарсы алып, амандасты да, әңгімесін бастады. Ақсақалдар «Өлі риза болмай , тірі байы­майды», — деген бар емес пе? Ел — жұрт болған соң өлім — жітім болмай тұрмайды. Мына аудан орталығындағы қазақтардың бейiтi тау жотасына орналасқан. Соңғы жылдары байқап жүрмін мәйітті тауға шығарып қоюда әсіресе, күз, қыс, көктем айларындағы қолайсыз ауа — райы қиындатып тұрған сияқты. Соған сіздермен акылдасып, әруақтарға құран бағыштап, бейіттің орнына жаңа қолайлы жер таңдауға ұсыныс берсеңіздер,-деп тоқтады. Ақыры Алтынарық ауылы­на қарасты бесінші шақырымдағы елдi мекеннiң тұсындағы тау етегiндегi жазық жер таңдап алынып, құран бағышталып, белгітас қойылды. Күні бүгінге дейін ел — жұрт әкімнің әруақтарды сыйлап, жаңа жер бөлудегі сан жылдар бойы ешкімнің ойына келмеген осы шешіміне алғыстарын білдіріп келеді.

Мен аудандық газеттiң редакторы болғандықтан аудан әкiмi iс — сапарларға жиі алып жүретін. Осындай бір іс — са­парда аудан мектептерінің жаңа оқу жылына, қысқа дайындықтарын көріп, бiлiп кайтуға шықтық. Осы жылдары экономикалық — әлеуметтік саладағы жағдайлар жақсарып, ел еңсесi көтеріліп, мектептердi ағымды жөндеулерден өткізуге қаржы көздері табылып, мәдени — көпшілік жұмыстар тұрақты жүргізіліп тұратын. Сонымен тау жақтағы мектептерді аралап, ондағы сырланған, әктелген, айналасы тазартылып басқа да жұмыстарды көрген аудан әкімі ауыл әкіміне, мектеп басшыларына тиісті тапсырмаларын қосымша беріп жатты. Соңында Ащыбұлақтағы мектепке жол тарттық. Ауыл жастары өз күштерімен шағын клуб ашып, мәдени шараларын еткізуге жағдай жасап алған көрінеді. Ал, мектепте жылу жүйесін жаңадан салу аяқталып қалыпты. Бәрі жақсы, мектептің іші — сырты мұнтаздай. Аудан әкімі мек­теп басшысына тапсырмалар беріп, біраз адамдармен әңгімелесіп тұрды да (атын атамауды жөн көрдім) бүкжектеп жүрген орта жастан асқан бір азаматты шақырып алды да, «Ей, сен бұдан былай арыз жазсам үріп кетейін»,-деп ант су iшкенiн кайда? Ер деген сертке берік болмаушы ма еді? Арыз жазып ауылыңа абырой әпермейсің дегенім кайда? Екеуміз жер­лес едiк қой?», — деп сынай қарағаны.

«Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері ме, әлде тексіз тек тұрмайдының кері ме: Ой, ағатай кешір, арыз жазбай — ақ қояйын деп ақ едім екі айға әзер — әзер, әрең шыдадым. Өзі мен қалаға кеткелі екі айдан асты. Ал, ауылдан кеткенде мек­теп жабық, жөндеу жұмыстары жоқ бола­тын. Содан əлі жабық тұрған шығар де­ген ойда мектеп жаңа оқу жылына, қысқа дайын емес деп жоғары жаққа абайсызда арыз жазып жіберіппін. Жақында ауылға келсем мүлде басқаша сіздің алдыңызда жерге кірердей болып тұрмын, енді қолыма қаламсап ұстамаспын деп ыр­жиып тұр. Әкім не десін, «Әй, сендерге дауа жоқ, елді дүрліктірмей таза, тыныш жүрмейсіңдер ме, ана бала — шаға не тәрбие көреді»,-деп жотасынан бір қағып қоя берді. Дегенiмен Қалимолда басқа жұмысқа ауысып кеткенше бірде — бір арыз жазу деген сөз де, іс те болған емес.

Кейіннен мынандай мысал — өлең жол­дарын жазуыма тура келді:

Қолда барды қолпаштап жырламаған, Жəдүгейде күн жоқты тыңдамаған. Ағат басса аңдумен тізе берген, Бүгін – дос, ертең – дұшпан мұндай адам. Ұр да жық, ұрт мінезді, ұры сымақ, Талмайтын таласудан тырысып ап. Өзінше төрдің «текті» төрағасы, Жоғарыға жағымпаз жылы ұшырап. Бермегеннің үстінен арызданып, Куә бар деп жазады, нағыз анық. Құрыққа сырық жалғап ұзартады, Өтірік пен өсекті жазып алып. Зейнетке шыққандарды «кетірдім»,-деп, Тағынан талқан етіп «ұшырдым» деп. Өзін әділ, халыққа мұңшы жасап, «Жанашыр» екенмін,- деп түсіндірмек. Сияқты әділ, ұят, ар іздеген, Пәле — жала, өсектен қара үзбеген. Қартайып шал болса да жазасыз жүр, Қанша том жазылды екен арызбе­нен.

Иә, біз Қалимолданың қол жеткен та­быстарын тiзбелемей, азды — көптi бiрге жүрген сапарлас уақыттардан шағын сыр шерттік. Оның ес бiлiп, ел басқарған шағында алға қойған ең басты қағидасы мен кредосы — туған жері мен халқына адал болу еді. Солай болды да.

***

Міне, мақаламыздың басты кейіпкері Қалимолда туралы кешегі аға — дана болған аудан басшыларының, әріптестерінің нақты естеліктері осылай­ша сыр шертеді. Иә, Ел басқару – ерге сын десек, Қалимолда адал еңбегімен одан сүрінбей өтті. Ендеше, бұл естеліктерді Батыр Бауыржан бабамыздың «Мен істедім дегенше ер істеді десеңші, ер істеді дегенше ел істеді» десеңші деген қанатты сөзімен аяқтауды жөн көрдік.

Дүйсен МҰХАМЕДШАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы».

Мәліметпен бөлісу: