Талайлы тағдыр, таспалы тауқіметті ғасыр қонышында тарта жүріп тұран даласының төрінде Тәуелсіздік таңы тарағайлап атты, тәңір таңбасын басқан егеменді елдің ертеңі мәңгілік болғай. Ендігі беталыс егеменділіктің керегесін замануи білім, ғылыммен бекемдей түсу – алдағы жол алапат атырап,
әлем кеңістігінде бірегей ұлт болып қалыптасу.
Осыдан екі жыл бұрын «елі сүйген, елін сүйген Елбасы» өзінің миссиясын әлем тарихының алтын парақтарында жазып қалдырып, кемел елдің келешегін Кемелұлының (Қ.Тоқаев) қолына сеніп тапсыру сәтіне куә болдық. Тәуелсіздік киесін тұғырына қондырған ұлы дала ұлының ұлы қызметін жаһан жаршылары жарыса дәріптеді. Он мың жылдан астам тарихи даңғыл жолы бар ұлтты ұйыстыру кез келгеннің қолынан келе бермес. Елбасы ерлеген отыз жыл ішінде құт мекен татулық пен береке — бірліктің ұйытқысына айналды, шекара шегенделіп алпауыттармен ғасырға жалғасқан шиеленістер шешімін тапты. Ұлт пешенесіне біткен Нұрсұлтандай ұл ғасыр айырығындағы жолда Тәуелсіздік тұғырын ұлы даланың мызғымас діңгегі етіп бекітті. Уақыт иірімі әкелген сәтті жеңіс.
Тәуелсіздік жер бетіндегі әрбір ұлтқа бұйыра берген жоқ. Ал, орта азия кеңістігінде ойып тұрып төрден территориямызды тік тұрғыздық. Ел мен Елбасы ұлы даланың заңды мұрагері Қазақстанның замануи келбетін жасақтап, күн астында көшпенді еркін ғұмыр кешкен елдің Елтаңбасын айшықтап, тұғыры тамырлы күн мөрлі туын арқа төріне тіктеді. Толассыз уақыт ағыны егемдік мамырлаған күннен бері зырғып өтті. Жаһан алпауыттары Қазақстанның дамуына сын көзбен қарады. Бірақ, елі қолдап Елбасы терін төгіп жүріп көптеген жетістіктерге жеттік. Орда бұзар отыз жыл ішінде әлем алыптары мойындады. Ел құтына айналған елордамыз астананың арқа жонына көшіп гүлденгені қашан?! Шаратарапқа шұғыласын шашып келбеті келіскен жас орда мемлекеттің келешегін келістірер алтын тұтқаға айналды. Әлемнің қаржы және бизнес ортасы болған елдің әлеуеті жанданды. EXPO өтіп, замануи энергияның, мега технологияның таныстырлымы болды. Осының барлығында Елбасының қолтаңбасы жатқан еді. Ел қамы үшін терін төккен ер есімі Тәуелсіздік символы. Қазақтың ежелден жалғасқан танымында «ырым ету» деген бар, астананың жаңа жанданысы елбасының есімімен таңбалануы тегін емес. Мәңгілік Ел болуды армандаған халықтың келешек кенішіне құт даритыны анық.
Тәуелсіздік әрбір қазақстандық үшін киелі сөз. Бойыңда рухыңды түлетіп, серпілісіңді күшейтеді. Оны сезініп те келеміз. Биыл өз басым жас маман ретінде жұмысқа орналасуымның бір себебі де осы – арайлап атқан азаттықтың шұғылалы мезеті деп білемін. Елбасы әрдайым еліміздің болашағы жастардың қолында екендігіне баса мән береді. Біз де осы парызды өзіміздің мақсат — мұратымызға айналдырып, мемлекетіміздің дамуына күш саламыз деген ойдамын. Сондықтан да, Мәңгілік Ел болу үшін «Рухани жаңғыру» әркімнің тұтқа тұтарлық болашақ бағдарына айналуы тиіс. Осыған орай, ой түйініміз Тәуелсіздік серпілісі алты алаш, түп төркіні түгенделген, танымы толағайлы тұран топырағымен тамырласып тұғырлана түсуін тілейміз.
Әділет ЫҚЫЛАС,
Жансүгіров атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қызылағаш ауылы.