БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АҚЫЛМЕН, АТА — БАБА ЖОЛЫМЕН АЛДЫҚ ДЕП ОЙЛАЙМЫН.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
1991 жыл еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Бүгінде сол сәбидей қадам басқан еліміз әлем сахнасында ойып орын алар, мақтанарлықтай беделге ие мемлекеттер қатарында.
Сол сәттен бері міне, 30 жыл да өте шықты. Әрине, 30 жыл деген аз уақыт емес. Десек те, осындай аз ғана уақыттың ішінде жас мемлекетіміз көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес, тәңірдің сыйы. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында қаншама қан мен жас төгілді. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтау үшін қанша адам өз жандарын пида етті. Осынау ұлы жеңіске қол жеткізуде кешегі тарихи ақтаңдақтармен бірге, әлі бояу сіңе қоймаған, құпиясы толық ашылмаған Желтоқсан оқиғасының да септігі аз емес. Бұл азаттықты аңсаған елдің сенімі мен жігерінің арқасы.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күші — ең қадірлі күш. Тәуелсіздік бізге қазақтың басы мен жұлын — жүйкесі Кенесары арқылы, қайқы қара қылышты Бауыржан арқылы, уыз сезімді Қайраттар арқылы келді. Сондықтан оны аялауымыз керек.
Тәуелсіздік күні – Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттықты аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттігін бұдан 30 жыл бұрын жариялаған болатын. Осы күнге жету үшін қазақ елі небір ұмытылмастай оқиғаларды еңсере білді. Ұлт — азаттық көтерілістері, ел қорғау соғыстары, қандай ауыртпалықты көтере білген, рухы қайтпайтын табандылықты, өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуы тиіс.
Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Еліміз алып құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Еліміз әлемдік қауымдастыққа дербес мемлекет ретінде өркендеу жолында берік нығайып келеді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы дегеніміз — өткен жылдар ішінде елімізде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктері. Осы жетістіктерге біз маңдай терімізбен қол жеткіздік. Бірақ, алда әлі де алар асулар, бағындырар белестер көп. 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерді ұрпақ жадысында, есінде қалдырып, еліміздің болашақ тағдырын, тарихын, салты мен дәстүрін дәріптеу біздің қолымызда.
Ендігі жеңіс те, ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз — Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. Халқымыз «тайында тасқа байла»,-дегендей өз елімнің тағдыры үшін қашан да тас қамалын бұзып, көркеюі мен өркен жаю жолында өзімнің білімім мен күш — жігерімді салуға әрқашан дайынмын.
Ата — бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп білемін. Осы қуанышымыз құтты болып, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!
Әйгерім НҰРМҰХАМБЕТОВА,
«Ю.Гагарин атындағы орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.