Еліміздің тәуелсіздігіне биыл 30 жыл. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Егемендік, ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші – ең қадірлі күш. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел.
Еліміздің көгінде тәуелсіздік туы желбірегеннен бері өшкеніміз жанды, өлгеніміз қайта тірілді, ата-баба дәстүрі көш түзеді, халқымыз еңсесін тіктеп жарқын болашаққа қол созды. Содан бері атқан оқтай зулап, табандатқан 30 жыл өтті. Қазақстанның отыз жылдық ғұмырына көз салсақ, ауыз толтыра айтарлықтай, көкірегіңді мақтаныш сезімі кернеп еске аларлықтай жеткен жетістіктері, асқан асулары мен бағындырған жаңа белестері бар. Экономикалық, әлеуметтік, интеллектуалды тұрғыда өркендеп келеміз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, Қазақстанымыз айшылық жерді алты-ақ аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді.
Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығы бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.
Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан- жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады.
А.САПАРОВА,
Ақын Сараның мемориалды музейінің
экскурсия жүргізушісі.