ТӘУЕЛСІЗДІК ЕЛ ТҰҒЫРЫ

Адамзат ұрпағының тарихи тағдыры қилы-қилы болғанымен, жүріп келе жатқан даңғылы жалғыз. Сонау есте жоқ ескі күндерден бүгінгі дәуірімізге дейінгі аралықта адам баласы басынан кешірген барша аламан-сүргіндердің астарында жалғыз ғана сыр түюлі. Ол – барша ұлттар мен ұлыс атаулының азаттығы мен мемлекеттігі жолындағы қастерлі күресі. Осы қасиетті са­парда жеңіске жетіп, байрағы көкте желбіреп, мемлекет болып қалыптасқандар да, жер бетінен біржола жойылып тынғандар да аз емес. Ата-бабалары ұлы тарих сахнасында от кешіп жүріп орда тігіп, бүгінгі күні Отансыз қалғандар қаншама? Құдайға шүкір, біздің қабырғалы қазақ жұртының несібесі зор. Дүниені таңырқатқан кешегі Кеңес Одағының шаңырағы шайқалған тұста он бес Одақтас Республика құрамынан шығып, егемендігін жарияға жар салған Қазақстанды бұл күнде әлем таныды. Егемендік-бұл әрбір халық үшін маңызы өте зор қасиетті сөз, ұлы ұғым. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: “Желтоқсан көтерілісі ерліктің ғана емес, елдіктің де нышаны” деп баға берген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдарды ғасырға бергісіз “алтын кезеңге” баласа да болады. Қазақ халқы басынан небір ауыр тағдырды аштықты, саяси қуғын-сүргінді, нәубатты басынан өткерді. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі жастарға рух берді, от берді, ертеңгі күнге сенім ұялатты. Отанға деген махабббаттың ұрығын екті. Біз – қазір өз еркіміз өзіміздің қолымызға тиген, ешкімнің алдында есеп бермейтін, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік рәміздің бекітілуі, шекарамыздың айқындалуы, Астана қаласының салы­нуы, төл теңгеміздің дүниеге келуінің өзі бізді болашақта бастайтын батыл қадам. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағлымы» атты мақаласында «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас- тап біз береке – бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге баста­ды. Осының қадірін білуіміз керек. «Бірлігі бар ел озады»,-дейді дана халқымыз-деп жазды. Шын мәнінде Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, елміздің дамуы жолында аянбай еңбек ете берейік. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Б.ТАЛҚАНБАЕВА,

Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Мәліметпен бөлісу: