«Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды». Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында қоғамды мазалап жүрген жер мәселесі бойынша тағы бір мәрте нақты жауап берілді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл он екі ай толымды істерге толы болуы тиіс. Президент мақаласының алғашқы бөлімі «Бағдар мен белес» деп аталып, онда осы күнге дейін елімізде атқарылған дүние сараланады. Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық — инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықтағы міндет — қуатты елдің иесі және кемел қалық болу,-дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімде тарихты түгендеп, келер ұрпаққа қалдырар «Мәдени мұраға басымдық берілген. Президент азаттықтың ақ таңы оңай келмегенін айта келе, осы құндылықты бағалай білу үшін құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи туындылармен шектелмей, ауқымды фильмдерге арқау болатын шежіреміздегі маңызды белестер мен оқиғаларға мән беру керек, — дейді мемлекет басшысы.
Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан- жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала — құла деректер және оның себеп — салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарау-ымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс.
Президент бұл мақалада бодандық бұғауынан босауға ат салысқан желтоқсаншылар жайын да көтерді. Биыл бұл оқиғаға 35 жыл толғалы тұр.
1986 жылы өрімдей ұл- қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары — Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Жалпы жаңа Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмаған. Сондықтан президент ұлттық мүддемізге сай академиялық үлгідегі көп томдықты жарыққа шығаруды тапсырды. Шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынды. Мұның стратегиялық мәні зор. Жерімізге көз алартып, аумақтық тұтастығымызға күмәнданатындар әлі де бар. Соңғы кездері азаматтарды аса толғандырған жер мәселесіне қатысты президент «Қоғам мен құндылық» бөлімінде былай деп қадап жауап береді:
— Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс — әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді. Яғни, бабалар қанымен, Алаштың жанымен осы күнге дейін сақталып келген қазақтың жеріне нұқсан келмейтініне Президенттің өзі кепіл болып отыр.
Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат — қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату — өте маңызды мәселе. Сондықтан биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн.
Президент барды бағалауға да шақырды. Жер қадірін жалаң ұранмен өлшемей, Көкжайлауға от жақпай, Көбейтұзды лайламай, әр тоқымдай жерді көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Қоғамда үнемі қызу талқыланатын тағы бір тақырып — қазақ тілінің мәртебесі. Бұған қатысты да президенттің пайымы мығым.
Мемлекеттік тілді білу — Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.
Ал, мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталып, азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруға арналады. Білім мен біліктің дәуірі — ХХІ ғасырда қазақ халқы да технологиядан қалыспай, әр адам өзін жетілдіріп, жаңа кәсіпті игеріп, ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Ал ондай азаматтарға қамқор болу — мемлекеттің міндеті. Тәуелсіздіктің құрдастары орда бұзар отыз жасқа келіп отыр. Сондықтан президент талантты, талапты буынға сенім артып отыр. Ал басты ұран «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген ұғым болмақ.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата- бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.