ТӘУЕЛСІЗДІК — АТА — БАБАМЫЗДЫҢ АРМАНЫ

 Н.Ә.НАЗАРБАЕВ:

Біз Тәуелсіздікті ақылмен, ата – баба жолымен алдық деп ойлаймын.


1991 жылы — еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан кезі болды. Қазіргі Қазақстан әлемге мақтанарлықтай абыройға қол жеткізді. Жас мемлекетіміз аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда жас мем­лекет Қазақстан бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап осынау 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бе­кем қаға білді»,- деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр. Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің мемлекетіміздің ұлттық валютасы — теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту бар еді. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – ерек­ше тарихи жетістік. Айта берсек, 30 жылда жеткен еліміздің жетістігі көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.

Мен тәуелсіздіктен кейін дүниеге келсем де, Егемендіктің қаншама қиындықпен келгенін жақсы білемін. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Ата — бабаларымыздың аңсаған арма­нына біздер, яғни, бүгінгі ұрпақтың қолы жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата — бабамыздың ежелден келе жатқан арманы, ен­деше, біз де келешек ұрпаққа дәл солай жеткізейік. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт — азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан — сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Оның ішіндегі қазақтың қос жұлдызын айтпай кетпеуге бол­мас. Елі үшін, жері үшін Мәншүк пен Әлия тәрізді қазақ қыздарын айтсақ болады. Тәуелсіздік де­ген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ. Студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын. Міне, осыдан – ақ, қазақ жастарының қандай екенін байқауға болады. Жерін қорғауға барлығы бірдей атсалысты. Бұл олардың отанын сүйетінін, ауызбіршілігіміз жарасқан ел екеніміздің айқын көрінісі деп білемін.

Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: