Бүгінде елдегі төтенше жағдайға сәйкес, Алматы облысы аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары қашықтан қызмет көрсетуде. Оның үстіне 42 500 теңге жәрдемақы беру туралы Қаулыдан кейін 1414 байланыс орталығына қонырау шалушылар күрт көбейген.
Осыған байланысты біз аталған орталыққа хабарласып атқарып жатқан жұмыс жайын бір бағамдап шыққан едік. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, қазіргі кезде Алматы облысы бойынша 100-ге жуық қызметкер 1414 телефоны арқылы қызмет көрсетсе, оның тең жарымы үйде отырып, ұялы телефонмен кеңес береді. Сонымен бірге, 20-дан астам қызметкер бейнеқоңыраумен көрсетілетін қызметті алушыларды бейнеидентификациялау үшін тартылған. Мәселен, Талдықорған қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары – Индира Құдайбергенова мен оның туған бауыры Данияр Құдайбергенов. Олардың екеуі де 1414 Call-орталығында бірге консультант ретінде азаматтарға кеңес береді. Олар әр күні жұмыстың қарбаластығынан уақыттың қалай өткенін сезбей қалатынын айтады. Ал, Еңбекші ауданындағы халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы Әлия Көкінбаева болса: «Маған күніне кемінде 250-ге жуық қоңырау келіп түседі. Оған мемлекеттік қызмет түрлері бойынша қолымыздан келгенше жедел түрде ақпарат беріп, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысамын», – дейді.
Талғар ауданыңың ХҚК бөлімінің қызметкері Әлия Оскар 1414 байланыс орталығына таңнан кешке дейін келетін қоңырауларға үйден жауап беріп отыр. Әлия барлығына бір мезетте үлгеріп, халыққа да, отбасына да бірдей көңіл бөліп келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Талдықорған қаласының Мамандандырылған ХҚК бөлімінің маманы, 3 баланың анасы Дилара Ахметова: « Күніне 100-ден астам қоңырауға жауап беремін. Әрі үйдегі екі оқушы балама да көңіл бөлемін. Мұның бәрі уақытша құбылыс. Елдегі төтенше жағдай кезінде бұл сынақтан да сүрінбей өтуге күш салудамын», – дейді ол.
Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ құрған Call-орталықтарда 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін 2300 ден астам ХҚКО қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 600-ге жуығы үйден ұялы телефондар арқылы кеңес береді, 769 қызметкер бейнеқоңырау арқылы көрсетілетін қызметті алушыларды бейне идентификациялау үшін тартылған.