Тұрақты табыс пен өрлеу негізі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы қазіргі саясатты «мардымсыз» деп атап, елге қомақты әрі сапалы инвестиция тартудың жаңа кезеңіне қадам басу қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы Үкіметке инвестициялық саясатты түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Бұдан былай қаржы тек шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы тиіс. Ол үшін салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шаралары қарастырылмақ. Сондай-ақ, заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті «Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті» деп қайта атауды ұсынды. Бұл қадам шетелдік және отандық инвесторлардың сенімін арттыруға, олардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған. Қысқасы, бұл бастамалар Қазақстанды инвестициялық тұрғыдан тартымды елге айналдыруды көздейді. Жаңа саясат іске асса, ел экономикасы әртараптанып, инновациялық жобалар мен өңдеу өнеркәсібінің үлесі арта түспек.
Инвестиция – тек жеке қаржыға ғана емес, тұтас ел экономикасына серпін беретін маңызды құрал. Экономикалық тұрғыдан алғанда, инвестиция жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Өндіріс ошақтары мен шағын кәсіпкерлік дами түседі. Инфрақұрылым саласына құйылған қаржы жол, тұрғын үй, туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Осы арқылы өңірлерде халықтың әл-ауқаты жақсарып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Сонымен қатар, инвестиция жаңа технология мен инновацияны енгізудің негізгі тетігі саналады. Жеке адам үшін де инвестицияның берері мол. Қаржылық сауаттылық артып, қаражатты дұрыс басқаруды үйренеді. Қоғамдық тұрғыдан алғанда инвестиция әлеуметтік және экологиялық жобаларды қолдауға сеп болады.
Әлемдегі дамыған елдердің түп негізі инвестициялық саясатты ұтымды пайдаланғаннан берік орнығып отыр. Айталық, Қытай соңғы қырық жылда инвестиция құюдың озық үлгісін көрсетті. Олар ең алдымен, арнайы экономикалық аймақтар құрып, салықтық және кедендік жеңілдіктер берді. Инфрақұрылымын жылдам дамытып, жол, порт пен электр жүйесін жетілдірді. Арзан әрі мол еңбек күші де шетелдік компанияларды қызықтырды. Үкімет инвесторларға саяси тұрақтылық пен құқықтық кепілдік ұсынып, технология алмасуды міндеттеді. Нәтижесінде елге триллиондаған доллар тікелей шетелдік инвестициядан келіп, Қытай «әлемдік фабрикадан» жоғары технологиялы экономикаға айналды.
Көрші елдің озық тәжірибесін алған Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі жылдан жылға артып келеді. Сенімді ақпарат көзіне жүгінгенде, тәуелсіздік жылдарында елге 170 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция құйылыпты. Соның нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым саласы дамыды. Биылғы жеті айда ел экономикасы 6,3 пайызға өсті. Нақты сектордағы өсім 8 пайыздан асса, қызмет көрсету саласы 5 пайыздан жоғары қарқын көрсетті. Инфрақұрылым, көлік, құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі негізгі драйвер болып отыр. Бұл инвестициялық табыстың арқасында қол жеткен көрсеткіштер деуге болады.
Мемлекет инвестицияны қолдау үшін арнайы бағдарламалар мен жеңілдіктер ұсынып келеді. Әсіресе өңірлерде нақты секторды дамытуға, экспортқа бағытталған өндірістерге басымдық берілуде. Астана халықаралық қаржы орталығы да инвесторларға тиімді жағдай жасап отыр. Дегенмен, кейбір қиындықтар да бар. Мәселен, кейінгі жылдары тау-кен өнеркәсібіне салынатын инвестиция көлемі азайғаны байқалады. Жеке инвестиция тарту да азайып барады. Сарапшылардың пікірінше, инвестицияның сапасы артып, инновациялық жобаларға басымдық берілсе Қазақстанның әлеуеті бұдан да жоғары болмақ. Десе де еліміз табиғи ресурстарға бай, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқандықтан инвестициялық бағытта тартымды болып қала береді.
Шұрайлы жері мол облыста соңғы жылдары инвестиция тарту көрсеткіші айтарлықтай жақсарған. Былтырғы есеп бойынша облысқа келген инвестиция көлемі 522 млрд. теңгені құраған. Биылғы жарты жылдықта да оң динамика байқалады. Айта кетерлігі, облыс басшылығы алдағы бес жылда ірі жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлуде. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, туризм мен логистика салаларына басымдық беріліп отыр.
Талдықорған қаласында заманауи кафель және керамогранит өндіретін «Алмаз Керамикс» зауыты бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын қуаттылығы жағынан еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Зауыт тәулігіне шамамен 40 мың шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Бұл – ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта экспортқа шығуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорын 600×600 және 1200×600 мм. өлшемдегі плиталарды өндіруде. Компания өкілінің айтуынша, өндірісте жергілікті шикізат та, сырттан әкелінетін қоспалар да қолданылады. Бұл өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай ету үшін қажет.
«Алмаз Керамикс» зауыты – Жетісу облысына келген шетелдік инвестицияның нақты нәтижесі. Кәсіпорын өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде. Алдағы жылдары экспортқа шығып, Қазақстанды сапалы керамикамен танытуы әбден мүмкін. Осындай ірі жобаны жүзеге асырған қытайлық кәсіпкер өңірдің инвестициялық мүмкіндігі зор екенін айтады. Дегенмен, шешімін күткен түйткілдер де бар екенін жасырмайды.
– Жетісудың аграрлық әлеуеті мен туризм бағыты бізді қызықтырды. Өңірде кәсіп бастауға жағдай жасалып келеді. Әкімшілік рәсімдер де кейде созылып кетеді. Егер осы түйткілдер шешілсе, Жетісуға құйылатын қаржы көлемі әлдеқайда артар еді, – дейді инвестор Шу Даофу.
Жетісу облысындағы жеке инвестицияның өсуі, жаңа жобалардың іске асуы мен жұмыс орындарының ашылуы өңірдің болашағына сенім ұялатады. Сарапшылардың пікірінше, инновациялық бағыттағы жобаларды қолдау мен экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту облыстың өркендеуіне тың серпін бермек.
Түйін: Инвестиция – елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Қазақстан инвестициялық саясатты жаңғырту арқылы әртарапты, инновациялық бағыттағы экономика құруды көздеп отыр. Жетісу облысындағы нақты жобалар соның айқын көрінісі. Әкімшілік тосқауылдар азайып, инфрақұрылымдық мәселелер шешілсе, өңірге де, елге де тартылатын инвестиция көлемі артып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсері сөзсіз. 
Қажет АНДАС

Мәліметпен бөлісу: