(ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Б.Ө.ИСАБАЕВТЫҢ АУДАН ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСУІНЕН)
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісу облысының әкімі Б.Ө.Исабаевтың биылғы жылғы алғашқы кездесуі біздің Ақсу ауданынан басталды. Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай кездесу алдымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдаудан басталды.
Жеке қабылдауға оннан аса адам жазылып, өздерінің ойларында жүрген көкейкесті мәселелерін ортаға салды. Көтерілген мәселелердің көбісі «Жер дауы, жесір дауы» дегендей, жер мәселесіне келіп тірелді. Соның бірі барлық әлеуметтік желіні шуылдатып, еліміздің басқа өңірлеріне дейін тарап кеткен Матайдағы шу. Осы мәселе бойынша басшылықтан екі адам жұмыстан кетсе де, мәселе мәселе болып қалған екен. Жерден басқа да мәселелер тыңдалып, қанағаттанарлық жауаптар қайтарылды. Көп мәселе сол жерде шешімін тауып та жатты.
«Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуде облыстың 2022 жылғы даму қорытындылары мен жос- парларына қысқаша тоқталып, былтырғы кездесуде көтерген мәселелер бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
— 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуында оң динамика қамтамасыз етілді.
Ауылшаруашылығы саласында өсім 2,4% пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 281 млрд. теңгеге жетіп, 1,3 пайызға ұлғайды. Құрылыста 4,3 пайыз (136,4 млрд. теңге) өсімге қол жеткізілді. Облыс экономикасына 270 млрд. теңге инвестиция тартылды — деп жетістіктерден бастаған облыс басшысы — осы жетістіктерге жету барысында біздің ауданымыз ең соңғы орында тұрғанын баса айтты.
— Ауылшаруашылығы – біздің облыс үшін жетекші сала. Сондықтан оның дамуына ерекше басымдық беріледі. Қабылданған шаралардың арқасында аграрлық салада 510 млрд. теңгеге жуық өнім өндіріліп, қант қызылшасын өсіру ісін жолға қою жұмыстары атқарылды.
Жалпы өткен жылы 4,3 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егіліп, одан 187 мың тоннадан астам тәтті түбір жиналды, — деді. Осы арада да Қант зауыты бар біздің ауданымыздың өндірген өнімін айтуға ұят екенін ашып айтты. Бұл мәселе менің өткен номерлардың бірінде «Қоғамдық кеңесте» көтерілген мәселелер туралы жазған мақаламда да айтылған еді.
Қай саланы айтпасын Ақсу ауданын бір мақтамады ғой. Ауданда біздің көзімізше қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары да мезгілінен кешіктіріліп жатқанын айтып әбден жерге қаратты.
Жалпы аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді. «Итің жаман» дегенде намыстанатын ел едік қой. Бұл сын аудан әкіміне ғана емес жалпы ауданға қиын тиді. Бірақ, сын түзелмей — мін түзелмейді ғой.
Облыс басшысының баяндамасы бойынша бір мақтанатын, қуанышты, жағымды жаңалық болмады. Барлық облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл аудармай біздің ауданымызға қатысты жағымды жаңалық іздеп отырдым. Соның бірі — біз жол, ауыз сумен қамту, газдандыру сияқты маңызды мәселелерді бірінші кезекке қойып отырмыз. Өйткені, бұл салалар халықтың өмір сүру сапасына, тұрмыс деңгейін жақсартуға тікелей әсер етеді.
Бұл ретте облыс өңірлерін табиғи газға қосу кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр, — деген жерден бастап барлығын емес бізге қатыстысын айтсам, бір көңіл марқайары — жоспар бойынша 2024 жылдың 2 жартыжылдығында «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысын бастаймыз. Соның нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекені газға қосылады. Оның ішінде Ақсу ауданының 26 ауылы бар (31997 адам). Бұл бір қуаныш. Жоба құнын әзірге айтпай — ақ қояйын. Келер жылдың еншісінде тұра тұрсын. Көрініп тұрған тау алыс емес.
Нақтысы осы жобаларды жүзеге асырсақ, 2030 жылға дейін облысымыз толық газдандырылатынын білдік.
Жол мәселесі де, әсіресе, ауылдық жерлерде өзекті. Сондықтан өңірде инфрақұрылым сапасын жақсарту жұмыстарын биыл да жалғастырамыз, — деп келесі мәселеге ауысқан облыс басшысы өткен жылы 52 елді мекеннің жергілікті жолдарын жөндеуге 24,2 млрд. теңге жұмсалса, осы жылы бұл мақсатқа 29,1 млрд. теңге бөлінді. Соған сәйкес 66 елді мекеннің ішкі жолдары ретке келтіріледі екен. Біздің аудан бойынша – 4 елді мекен.
Сол сияқты 2022 жылы 6 ауылда ауыз судың сапасы жақсартылды (Ақсу ауданы, Арасан ауылының ауыз су мәселесін сұрап, жұмыстың бітіп, бірақ әлі қосылмай тұрғанын естідік.
Халықты қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Өткен жылы 295 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерсе, биыл да сол қарқын сақталады, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен — 161,9 мың, коммерциялық қаражат есебінен — 21,1 мың, ал тұрғындар тарапынан 112,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.
Мұның ішінде Ақсу ауданының да құрылыс жұмыстары бар.
Әлеуметтік сала да әрдайым ерекше назарымызда. Оған облыс бюджетінің басым бөлігі бағытталып отыр. Атап айтқанда, білім беру саласына 162,8 млрд. теңге бөлінді (оның 122 млрд. теңгесі — мұғалімдердің жалақысы).
2022 жылы 6 мектеп салынып, 58 мектеп күрделі жөндеуден өтті (2,4 млрд.теңге). Осы арада Сағабүйен ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектеп пен Сағакүрес ауылында жаңадан салынған, әлі аты берілмеген 9 жылдық мектепті айтуға болады.
Ал, денсаулық сақтау саласында өткен жылы 2 млрд. теңгеге 6 объектінің құрылысы басталып, 12 блокты-модульді медициналық пункт салынды. Бұл жерде біздің ауданымызда бар.
Жалпы облыстың даму қарқыны туралы айта келіп, сол қарқын сақталып, халықтың әл- ауқатын көтеру жұмыстары одан әрі жалғасады, — деді Бейбіт Исабаев
Баяндама аяқталған соң, жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Соның ішінде көңілге қонымды ең жақсы өтініш Жансүгіров ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Тойлыбай ақсақалдың ауданға «ҚазМұнайГаз» жанар май бекетін салу және төрт жылға созылып, әлі аяқталмай тұрған орталық саябақ пен балалар шомылатын бассейнді абаттандыру жұмыстарына бөлінген қомақты қаржыны қайтарту немесе жұмысты соңына дейін жеткізу мәселесі болды.
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.