Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, мектеп жасында балалары бар отбасына жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. Мұнда өскелең ұрпақтың жастайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр.
Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден — бір ықпал ететін фактор болып табылады. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.
Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор.
Сондықтан отбасында ұлттық тәрбиенің негізі, адамгершілік пен іс — әрекеттің өзегі ретінде адал еңбек басым болуы тиіс. Сонда ғана отбасы деңгейінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоя аламыз. Бұл тосқауыл осы мәселені заңдық реттеуге қарағанда мықтылау, тиімдірек болары сөзсіз.
М.МҰСАНОВ,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.