СУ — ТІЛСІЗ ЖАУ

«Су — тілсіз жау». Еліміздің бірқатар өңірі су тасқынынан зардап ше­гуде. Оны әлеуметтік желілерден көріп жағамызды ұстап, халықтың қиналғанын көріп, біз де қайғыларымен бөлісіп жатырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды.

«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған» — деген Қасым — Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланыс ты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Бүгін апатқа байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтіп, Барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беріп, мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтап, алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді.

Осындай қиын қыстау заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Бір ел, бір халық болып» бұл апатты еңсереміз, бұл біздің қолымыздан келеді – деді.

Иә, 2010 жылы біздің ауданымызда да осындай апат болғанын ау­дан халқы жақсы біледі. Сол кезде барлық қазақстандықтар бізге көмек қолын созғаны шындық. Соның арқасында аз уақыттың ішінде ауыл қайтадан қалпына келді. Ол күндер қазір артта қалды ғой.

Өткен жылдарда «Көкбектіде» болған апатқа байланысты ақсулықтар қайырымдылық керуенін аттандырғаны біз үшін мақтаныш. Бүгін апат болған өңірлерге ауданнан әлеуметттік көмектің алғашқы керуені аттанды. Өзгемен бір үзім нанын бөліскен халқымыздың қашанда қиындықта қарап қалмасы анық. Бұл күндер де артта қалар. Жақсы күндеріміздің алда екеніне сенейік.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,

«Ақсу өңірі» газетінің директор — бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: