Соңғы 3 жылда шекаралық Панфилов ауданында 30 жаңа әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

Соңғы 3 жылда Жетісу облысының Панфилов ауданында 30 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, тағы 9 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар осы кезеңде ауданда облыстық маңызы бар 42 шақырым жол жөнделіп, 14 елді мекендегі 28 көшеге жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ 11 ауылда көше жарық шамдары орнатылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды. Жалпы өңірде жаңадан салынған немесе жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды жаңарту деңгейі орта есеппен 55,8%-ға жетті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, жаңа оқу жылы басталғанға дейін Сүптай ауылында 120 орындық мектептің құрылысы аяқталып, Жаркент қаласында екі жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл Үшарал орта мектебі мен Үлкеншыған ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаркент қаласындағы Головацкий және Нағарашы атындағы орта мектептер газ жүйесіне қосылып, Д. Рақышұлы атындағы өнер мектебіне жөндеу жүргізу жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласында биыл Жаркент қаласындағы перинаталдық орталықты күрделі жөндеу және жаңа ғимарат салу жұмыстары басталды. Жобаны 2027 жылдың ақпан айында аяқтау көзделген. Ал медицина кадрларының тапшылығын шешу мақсатында биыл ауданға жұмысқа 11 дәрігер келеді деп күтілуде.

Мәдениет саласында Сарыбел және Ынтымақ ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту да назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда Ынтымақ ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар биыл Әулиеағаш ауылындағы ұзындығы 2,23 шақырым болатын Қарақызов көшесіне орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, осы жылы Жаркент қаласындағы 9 көшеге жөндеу жасау жоспарланған. Сондай-ақ Көктал, Ақжазық ауылдарындағы Л. Асанова көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде, ал Кішішыған ауылындағы Бестерек көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

– Ақжазық ауылына 7 жыл бұрын көшіп келдім. Ол кезде көшеде асфальт жоқ, шаң-тозаң, лай-батпақ, тұрғындарға қолайсыз еді. Жақында бірнеше көшеге, соның ішінде жерлесіміз Ләззат Асанова атындағы көшеге жөндеу жасалды. Қазір ауылда өмір сүру бұрынғыдан әлдеқайда жайлы. Ауылға газ да тартылып жатыр, жақында пеш жағып, отын-көмір дайындап, күл шығаруды ұмытамыз. Қаламен қатар ауылдардың да көркейіп жатқанына қуаныштымын, – деді жергілікті тұрғын Айтбек Ділдә.

Сонымен қатар республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жібек жолы даңғылының шығыс бөлігін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар тамыз айында аяқталады. Сондай-ақ облыс басшылығының қолдауымен Жаркент қаласының орталық көшесіндегі 12 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбетін жөндеуге қаржы бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жобаны осы жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған.

Жөнделіп жатқан №8 үйдің тұрғыны пікірін білдірді:

– Біздің үйлер ескі. Мұндағы ең үлкен мәселе – жаңбыр жауса шатырдан су өтіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызатын. Жөндеу басталғанда алдымен шатырды ретке келтірді, ал шамамен екі аптадан бері үйлердің қасбеттерін абаттандыру жүргізілуде. Қазір бәрі әдемі әрі заманауи көрінеді, жұмыс сапалы атқарылып жатыр. Біз, тұрғындар, осындай қамқорлық пен қолдау үшін ризамыз. Туған Жаркентіміздің жыл сайын көркейіп, абаттанып келе жатқаны қуантады, – деді Әсемай Нүсіпбай.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

Мәліметпен бөлісу: