ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ — БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ

Еліміздің болашағының жарқын болуы – біздің жастарымыздың, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне, алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекелестік танытып, үздіксіз дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өзгермелі өмірге тез бейімделуіне, жаңа кәсіптерді игеріп, алған білімдерін өмірде дұрыс пайдалана алуына байланысты. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», — деп ата-бабамыз ертеден – ақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өскелең ұрпақ – біздің болашағымыздың алтын діңгегі, жалынды жастар – ерек­ше күш. Сондықтан да өскелең ұрпақты жан-жақты, білімді, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, сыни тұрғыдан ойлай алатын, өздігінен шешім қабылдай білетін, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, өресі жоғары тұлға етіп тәрбиелеу – мемлекетіміздің басты міндеті, ата-ананың парызы, білім беру саласы қызметкерлерінің борышы. Бүгін қандай ұрпақ тәрбиелесек, ертеңіміз сондай деңгейде болары анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 19 қаңтардағы №780 Жарлығымен 2022 жылды – балалар жылы деп жария­лауы балалар үшін жасалған үлкен қолдау мен көмек. Жыл бойы балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында 7 бөлім, 50 тармақтан тұратын іс-шаралар балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған республикалық деңгейдегі ша­ралар жүзеге асырылуда. Осы орайда балалардың өмір сүру сапасын жақсарту «Білімді бала» жобасы аясында балалардың сапалы білім алуына және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асыруға, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компоненттерін күшейтуге үлкен мән берілуде.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісі отбасынан бастау алып, мек­тепте жалғасып, үлкен өмір мектебіне аяқ басатыны белгілі. Бүгінгі таңда ұлы даланың да­нышпаны, кемеңгер Абайдың «Толық адам» концепсиясы негізге алынып, тұлға тәрбиесінің тұжырымдамасының жобасының әзірленуі ұрпақ тәрбиесінің ел болашағы үшін аса маңызды мәселе екенін айқындай түседі. Білім беру саласындағы оң өзгерістер мен жағымды жаңалықтар да – өскелең ұрпақ үшін енгізіліп жатқан маңызды істер. Осы орайда биылғы жаңа оқу жылында қолға алы­нып жатқан жаңа бағыттағы ауқымды жұмысты тілге тиек етуді жөн көрдім. «Қазақстан халқына қоры» мен «Тұрақты даму қоры» қоғамдық қорымен бірлесіп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептеріне әдістемелік қолдау» қайырымдылық жо­басын жүзеге асыруда. Респу­блика бойынша осы атаулы жобаға 17 мектептің енуі ауыл мектептері үшін үлкен қолдау. 17 мектептің ішіне Жетісу облысы­нан біздің Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің енуі – біз үшін өте жақсы әрі жауапкершілігі аса жоғары мүмкіндік болып отыр. Қор есебінен мектептің материалдық-техникалық базасы жаңаратын болса, Педагогикалық шеберлік орталығы мен Талдықорған қаласындағы На­зарбаев Зияткерлік мектебі та­рапынан мұғалімдерге үлкен әдістемелік көмек, оқушыларға қолдау көрсетіледі. Осы жоба аясында мектебімізге «Назар­баев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы, Талдықорған қаласындағы Шеберлік Орталығы филиалының директоры Оспанов Бағдат Садриевич, Талдықорған қаласындағы На­зарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сосин Виктор Нико­лаевич келіп, керемет кездесу өтті. Талдықорған қаласындағы Шеберлік Орталығы филиалының тренерлерімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Талдықорған қаласындағы На­зарбаев Зияткерлік мектебінің базасынан педагогтер тағылымдамадан өуде. Бұл – ауыл мектептері мен қала мектептерінің алшақтығын жою, ауыл мектептерінің оқушыларына көмек әрі қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктері мен шығармашылық әлеуетін көтеруге ықпал ету, жалпы мектептің оқу -тәрбие үрдісін дамытуға үлкен көмек. Бұл бағыттағы жұмыс та өскелең ұрпақ тәрбиелеу мен оқытуда аса маңызды шара болып отыр.

ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, білімді ұрпақ болашақтың тұтқасына ие болары анық. Заңғар жазушы М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім», — деген еді. Еліміздің жарқын болашағының кепілі – білімді ұрпағымыз көп болсын.

Рахат ИБРАИМОВА,

Е.Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен» КММ-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты.

Мәліметпен бөлісу: