«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет».
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында – «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек»,- деп атап өтті. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Өркениетке қадам басқан Тәуелсіз еліміздің ертеңі тек жаңаша ойлай алатын, уақыт өзгерісіне сай парасат — пайымы, білімі, түсінігі бар, жарқын жолға түскен жастардың еншісінде екені белгілі.
2018 жылдың 29-31 қаңтар аралығында «Балдәурен» Республикалық оқу және сауықтыру орталығында (Щучье қаласы) 1-7 сынып оқушыларының арасында шығармашылық жұмыстар мен ғылыми зерттеу жобаларының жарысы болып өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім Министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми практикалық орталығының жос-парына сәйкес жүзеге асырылды. 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының «Зерде» республикалық конкурсы жыл сайын өткізілетін іс-шара болып табылады. Ережеге сәйкес Конкурс үш кезеңде келесі мерзімдерде өткізілді:
1) бірінші кезең – мектепшілік.
2) екінші кезең – облыстық (іріктеу).
3) үшінші (қорытынды) кезең – республикалық.
Жарысқа еліміздің барлық аймақтарынан 420 жас зерттеушілері қатысты. Жарыста Алматы облысының намысын қорғаған 18 оқушының бірі Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының 6 сынып оқушысы Ермеков Сұлтан болды. Ермеков Сұлтан «математика, информатика» секциясы бойынша «Ақсу ауданына байланыс-ты есептер» тақырыбындағы өз жобасын қорғап, жүлделі 2-орынды иеленіп, Алматы облысының қоржынына өз үлесін қосты. Оқушылар ғылыми жобаларын қорғаумен қатар «Балдәурен» оқу сауықтыру орталығының барлық қызықтарына тәнті болды. Сонымен қатар жарысқа қатысушылар Көкшетаудағы Бурабайға, «Лапландия» демалыс орталығына серуен жасады. Конкурстың негізгі мақсаты – балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады.
А. ҚАЛИБЕКОВА,
Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының
математика пәнінің мұғалімі.