«Шин-Лайн» компаниясы Алматы облысында балмұздақ шығаратын зауыт салады

Балмұздақ шығарумен айналысатын «Шин-Лайн» ЖШС компаниясы Алматы облысының Іле ауданында азық-түлік және балмұздақ өндіретін, жобалық қуаты жылына 22 мың тонна болатын өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. Оған 33,4 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың аталмыш компания өкілдерімен кездесуі кезінде тиісті меморандумға қол қойылды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Компания басшыларымен арнайы жүздескен Амандық Баталов облыстың инвестициялық мүмкіндіктері жайлы қысқаша айтып өтіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды.

Балмұздақ пен азық-түлік индустриясында көшбасшылардың қатарында аталатын сіздердің «Шин-Лайн» компаниясымен бірлесіп жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Осындай таза өндірісті іске қосу арқылы өңір экономикасына 34 млрд. теңге инвестиция тартылады, тұрақты жұмыс орындары құрылады. Бұл — экспортқа бағытталған кәсіпорын, Елбасының, Президенттің бізге берген басты тапсырмалары да осы отандық өнімдердің экпорттық әлеуетін арттыру болатын. Қандай да бір туындаған мәселелеріңіз болса, тыңдап, талқылап, бірігіп шешуге әзірміз. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетеміз, — деді А.Баталов.
Компания өкілдерінің айтуынша, зауыт құрылысы Іле ауданының аумағында жүріп жатыр. Қазір құрал-жабдықтары орнатылуда. Бірінші кезегін мамыр айының аяғында бітіріп, биылғы жылғы жазғы маусымда балмұздақ өндірісін іске қоспақ. Жаңа зауытта қауыз ішінде, стақанда және басқа да түрде балмұздақтар шығарылады. Балмұздаққа арналған вафлиді де компанияның өзі өндіреді. Сонымен қатар екі жыл ішінде 200 млн. теңге инвестиция салынып, зауыт аумағы абаттандырылып, іші ретке келтіріледі. Ағаштар отырғызылады, жарықтандырылады, шағын сәулеттік формалар қойылады, мұның бәрі балаларға және басқа да ниет білдірушілерге арнап зауытта қызықты экскурсия ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Компания президенті Андрей Шиннің айтуынша, жаңа өндірістік кешеннің құрамына балмұздақ өндіретін ТМД-дағы, Шығыс Еуропа және Орта Азиядағы ең ірі әрі инновациялық зауыт, сол сияқты түрлі азық-түлік өндіретін кәсіпорындар кіреді. Құрылыстың бірінші кезегінің жобалық қуаты жылына 21 500 тонна өнім шығаруға жетеді. Ал 2024 жылға қарай кәсіпорын тәулігіне 350 тонна өнім шығаратын қуаттылыққа шығады деп жоспарланған.
Жобаның жалпы құны – 33,4 млрд. теңге. Зауытта балмұздақ, сүт өнімдері, мұздатылған жартылай дайын өнімдер, қамыр, кеспенің әр түрі шығарылып, кондитерлік өндіріс ұйымдастырылады. Зауытта Данияның, Германияның озық үлгідегі құрал-жабдықтары орнатылған. Кәсіпорын балмұздақтың нарықта жоқ түрлерін шығаруға мүдделі.
Сонымен қатар Андрей Шин балмұздақтың тек бір ғана бөлігінде ішкі нарықтың 35%-і осы компанияның үлесіне тиесілі екенін атап өтті. «Шин-Лайн» ЖШС өз өндірісінде шикізаттың сапалы болуына баса көңіл бөледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Шин-Лайн» балмұздағы Беларусияға сырттан жеткізілетін балмұздақтардың жалпы көлемінің тең жарымнан астамын құраған. Сол сияқты Қырғыз нарығындағы балмұздақтардың 50% үлесі де осы «Шин-Лайнаға» тиесілі. Компания аты Әзербайжан, Ресей, Монғолия, Қытай елдерінде танымал. Алдағы уақытта жаңа нарық ретінде компания өнімдері Украинаға жіберіледі.

Біздің үлкен кәсіби командамыз негізгі ресурсымыз деуге болады. Біз кәсіпорынға Ресей, Балтика, Шығыс Еуропа елдерінің индустриясында көшбасшы саналатын компанияларда тәжірибеден өткен мықты мамандарды тартамыз. Қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттыруға көп күш саламыз. Балмұздақ өндірісіне маусымдық фактор әсер ететіндіктен, зауытта сүт, тез дайындалатын кеспе, жартылай дайын өнімдер де шығару қолға алынған, — деді А. Шин. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай «Шин-Лайн» компаниялар тобында шамамен 2500-дей жұмыс орны құрылатын болады.
Сонымен бірге компания өкілдері тауарлы сүт фермасын құру жоспары туралы да баяндады. Бірінші кезегінде 600 бас сауын сиыр, кейін тағы 1200 бас сатып алу жоспарда бар екен. Сөйтіп олар кәсіпорынды қосымша өз шикізаттарымен де қамтамасыз етпек. Ол үшін қажетті жем-шөп азығы базасын қалыптастыру керек. Сол сияқты зауытқа электр және кәріз жүйелерін тартуға да көмек қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында облыс әкімі Амандық Баталов «Бизнестің жол картасы» шеңберінде кәсіпкерлерге сыртқы инженерлік желілер тартуға қолдау көрсетілетінін айтты. Сондықтан әкімдік бұл компанияға да осы тұрғыда көмек көрсетуге әзір. Облыс әкімі жауапты мамандарға ТСФ мен жем-шөп базасын құруға қатысты қолдау шараларын зерделеуді тапсырды.
«Мемлекет қолдауының және қабылданған шаралардың арқасында біздің өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан, кәсіпкерлерге қажетті көмек көрсетіледі. Бүгінгі айтылған мәселелеріңіздің шешілуіне жәрдемдесеміз. Сол сияқты «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында логистикалық орталық пен қойма салуға да қолдау көрсетеміз. Сіздердің кәсіпорындарыңызда ең озық технологиялар, түрлі инновациялар қолданылады, оның базасында жаңа заманауи кәсіпорындарды қалай құруға болатынын іске қосылғаннан кейін көрсетуге болады. Маған зауыт аумағын көгалдандыру, абаттандыру ісімен айналысатындарыңыз ұнады. Тауарлы сүт фермасы ашылғанда шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі өндірістің үздіксіз циклы қалыптасатын болады», — деген А.Баталов осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Серік Тұрдалиевке жобаның жүзеге асырылуы барысын назарда ұстауды тапсырды.
Жиын соңында екі жақты ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.
Атап өтсек, «Шин-Лайн» ЖШС 2002 жылдан жұмыс істейді, Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан. Қазіргі кезде «Шин-Лайн» компаниясы қызметінің 91%%-ін балмұздақ өндіру ісі құрап отыр. Бүгінгі күні зауыт жобалық қуатына сай тәулігіне 140 тонна балмұздақ, 60 тонна сүт, 3 тонна тез дайындалатын кеспе, 20 тонна мұздатылған жартылай дайын өнімдер шығарады.
Еске салсақ, Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 373 кәсіпорын бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақта 281,2 млрд. теңгеге азық-түлік өндіріліп, өсім 8% құраған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәліметпен бөлісу: