Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Арман Тленчин айтты.
«2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап шетелдік автокөліктер заңдастырыла бастайды. Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы немесе арнайы Автоцонға бару арқылы беруге болады. Автоцондарда арнайы секторлар ашылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады», — деді Арман Тленчин.
Сонымен қатар ол Автоцонда Әкімшілік полиция қызметкері болатынын, оның халыққа құжат рәсімдеу тәртібін түсіндіріп беретінін айтты.
«Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де Автоцонда отырады. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді», — деді маман.
Полиция департаменті бастығының орынбасары автокөліктер қандай жағдайда 200 000 теңге алымын төлей отырып, утиль алымынан босатылатыны жайлы сөз етті.
Арман Тленчиннің сөзінше, заңдастырылатын көліктер мынадай талаптарға сай болуы керек:
• көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек;
• іздеуде болмауы қажет;
• басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс;
• кедендік тазартудан өту керек.
«2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жеңіл автокөліктер, шағын және салмағы 5 тоннаға дейін үлкен автобустар, салмағы 3,5 тоннаға дейін жүк көліктері заңдастырылады», — деді Арман Тленчин.