Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылдық округінде білім беру орталығы іске қосылып, жұмысын бастады. «Шебер қолдар» оқыту орталығын кәсіпкер Толымшахова Кульзира қолға алып бастаған. «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді оқыту жүйесіне қатысушылар үшін мұнда, түрлі мамандықтар оқытылатын болады. Мамандарды қайта даярлау курсы ең бірінші тігіншілерге шеберлік сабақтарын үйретпек. Бүгінде орталық 4 тігін машинасымен толыққан.
Толымшахова Кульзира: «Орталық түрлі шеберлерді дайындайтын қысқа мерзімді оқыту жүйесімен ашылды. Мұнда жұмыссыз жастардың мамандық игеруіне мол мүмкіндік қаралған. 16 мың шәкіртақысы бар. Аптасына 6 күн қажетті мамандық бойынша келушілерге жоғарғы санатты мұғалімдер дәріс береді. Курска қатысып, маман иесі атану үшін ең алдымен жұмыссыз болып тіркеліп, жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алады. Мақсатымыз: Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында халықты жұмысқа тарту» деді кәсіпкер.
Оқыту курстары тегін, шәкіртақысы бар, жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Мұндай тиімді оқыту крустары қаншама жұмыссызды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтіні сөзсіз. Орталық жұмысы жанданып, шеберлер қатары көбейе берсін.