Мейірімді, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!
Адам өмір сүру үшін тіршілік жасауы керек. Ал, тіршілік кәсіптен тұрады. Біреу егін ексе, біреулер мал бағады. Кейбіреулер бағбандықпен айналысса, енді біреулер сауданы қол көреді. Дініміз әрбір пендеге еңбектеніп, тіршілік етуге үндеген. Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: — «Ешбір пенде өз еңбегінен артық хайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген». Ең маңызды нәрсе Алла Тағала адам баласына тек адал жолмен мал табуды, адал жолға жұмсауды, арамнан алыс болуды бұйырған білуі.
Ислам діні сауда жасауды адал етті. Бірақ, адал, өсім араласпаған сауда ғана адал болып табылады. Құранда бұл жайында Алла Тағала былай дейді: «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара» сүресі, 275-аят).
Ислам саудаға рұқсат берумен қатар табыстың негізгі көзі екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда», – дейді. Және бір хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, сыддықтар (шыншылдар) және шәһидтермен бірге болады».
Ислам сауда жасауды ешқашан да тыймаған, керісінше насихаттаған. Алайда сауда мәселесінде адалдықпен қоса ережелері бар. Хазреті Омар (Алла оған разы болсын) халифа болған дәуірінде: «Ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білмейтін адам біздің базарымызда сауда жасамасын…» деген жарлық шығарғаны мәлім. Сол үшін сауда жасайтын адамдардың ислам ережелеріне сай сауда-саттық жасауды білуі керек. Біз бүгін сауда жасаудағы екі негізгі ереже жайлы айтамыз:
1). Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят). Сондай-ақ, Мутаффифин сүресінің 1-7 аяттарында: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады», – делінеді. Демек, саудагерге қойылатын басты талап – метрмен өлшеп берсе, алдамай, дұрыс өлшеуі тиіс. Сол секілді тартып берсе де, таразыдан жемеу керек. Базардағы кейбір саудагерлер қайсы бір зат болмасын таразыдан жеу арқылы пайда табудың жолын іздеп, соны әдетке айналдырады. Алушыны алдағанымен бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы қалай алдамақ? Бұл өмірдің уақытша, ақыреттің сынағы екендігін біле тұра бес-он теңгеге бола қалайша ар-ожданын, ұятын ойламайды?
Алайда, бес күндік пайда үшін ақыретін тозаққа айналдырып алмауды ұмытпағаны жөн. Адал болып, азда болса тапқан нәпақасының берекесін Алладан тілеу – шынайы мұсылманның сипаты. Береке көп табуда емес екенін білуіміз керек.
2). Тыйым салынған харам затты сатпау. Алла тағала мұсылмандарға халал мен харам дүниені нақты белгілеп берді. Тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азық та соншалықты күнә болмақ. Айталық, доңыз етін, өлексе, арам өлген малдың, жыртқыш аң — құстардың етін жеу, шарап, қан ішу секілді тыйым салынған әрекеттерді баршамыз білеміз. Міне, осындай харам заттарды сату да шариғат бойынша күнә саналады. Мысалы, ішімдік жайында бір хадисте былай делінеді: — «Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны езген, ездірген, тасыған және тасытқанға лағынет етсін». Ал мына хадисте пайғамбарымыз: «Алла тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын харам етті. Шошқаның етін және ақшасын да харам етті» – деп, мұндай тыйым салынған заттарды қолдану тұрмақ, оны сатып, түскен пайдасын жеуді де біздерге харам етуде. Олай болса, өзім жемесем, ішпесем болғаны деп, шошқаның етін және арақ-шарап сатып нәпақа табу шариғат бойынша құпталмаған сауда ісіне жатады.
Демек, шариғат біздерге сауда жасау барысында осындай ережелерді орындауымызды талап етеді. Алла баршамызға адал рызық — несібе нәсіп еткей!
Ақсу аудандық мешіті.