
Алматы қаласы. Ескі алаң. Осы алаңның қақ төрінде осыдан 35 жыл бұрын Қазақ Кеңестік Республикасын басқарған орталық коммитеттің ғимараты тұр. Бұл ғимарат ұлт тағдыры сынға түсіп, құбан болған талай боздақтардың түбіне жеткен қаһарлы жылдардың айғағындай болып, сонадай жерден көз тартады. Осы ғимарат сол қанды оқиғаның басталуына бірден — бір себепкер болып, кейінгі отыз жылдық тарихымыздың беттерінде «Желтоқсан оқиғасы» деген атты қанды әріптермен жазып қалдырғанын қазіргі таңда еңкейген қарттан бастап, еңбектеген балаға дейін біледі. 1986 жылдың желтоқсан айы. Алматы қаласында бірқалыпты өмір ағымы өтіп жатты. Барлық оқу орындары өздерінің дәстүрлі сабақ беру кестесінен ауытқымай жұмыстарын жалғастыруда. Студенттер жатақханаларында қызыққа толы мамыражай өмір. Сол жалынды жастықтың арманына толы кезеңде, ботагөз қыздар мен сай тасындай жігіттер 16 күні өз тағдырларының мүлдем басқа арнаға бұрылып, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналатынын білді ме екен. Әрине жоқ. Барлығы да аяқ астынан болғандай, желтоқсанның 13 күні орталық коммитеттің ұйғарымымен Дінмұхамет Ахметұлы Қоневтың өз еркімен қызметтен босап, оның орнына Қазақстанда мүлдем болып көрмеген Генадий Колбиннің келуі бүкіл жұртты төбеден жай түскендей дүр сілкіндірді. Осы хабар түрткі болып, жоғарыда аталған, қанды ғимарат орналасқан қанды алаңға кеуделерінде оты бар студент қыз- жігіттердің легі құзды құлататын тау тасқынындай ағылды. Бірақ құлауына санаулы жылдар қалса да кеңес өкіметінің тоталитарлық жүйесі өз күшінде еді. Империяның түпкір – түпкірінен мұздай қаруланған әскер алдырып, алаңда тайсалмай үш күн тұрған студент жастарды аяусыз басып-жанышты. Студенттер де жан аямай қарсыласты, бірақ жалаңаш колмен
қарулы әскерге қарсы тұра алмады. Соның нәтижесінде жүздеген студент алаңда мерт болды, көпшілігі қуғын-сүргінге түсті, талайлары сотталды, одан қалғандары оқудан қуылды, тіпті сол жылдары қуғынға түскен 1-курс студенттері өз еріктерімен сұранып Ауғанстанға кеткендері де кездеседі. Сол қан жауған жылы, қандыбалақ империяның құрбанына айналған Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанованың ерліктері ел есінде. Бұл айтулы азаматтар құрбан болған, буыршын мұзға тайған сол мұнар күндерде қанды алаңда болған азаматтар өз жерімізде де кездеседі. Нақтырақ тоқталсақ, сол жылы дене тәрбиесі институтының 1-курсында оқыған Жиенқожанов Арман Махметұлы, КазПИ-дің химия-биология факультетінің 4-курсында оқыған Жақыпбекова Гүлнар Оразалықызын ерекше айтуға болады. Осындай қайсар да табанды азаматтардың ерліктері себеп болып, жалпы халықтың санасына сәуле түсіп, «Желтоқсан оқиғасы» сол кездегі бүкіл одақ көлемінде бостандыққа қарай жасалған, алғашқы демократиялық қадам болды. Бұл қадам 1991 жылы алған тәуелсіздігіміздің ең бірінші негізгі баспалдағы болып тарихта қалады. Содан бері 35 жыл уақыт өтіпті. Сол қанды алаңның қақ ортасында, қанды ғимаратқа қарсы қарап, сол кездегі студент-жастарша қасқайып Тәуелсіздік моннументі тұр. Бұл моннументтің ұшар басында қанатты барысты қасқая мініп, ерліктің қыран құсын қолына қондырып, садағын қыса ұстап тәуелсіздігіміздің символы алтын адам бейнеленген. Бұл алтын адам рухы биік халықтың ерлігін паш еткендей сол қанды алаңға ерекше көрік беріп, ат шаптырым жерден көз тартады.
Айдын ЖАҚЫПБЕКОВ,
Ақын Сараның мемориалды музейінің қор сақтаушысы.