Текелідегі №452 дауыс беру учаскесі ашылып, салтанатты жағдайда ҚР Мемлекеттік Гимні орындалған соң, дауыс беру учаскесіне бірінші болып келген тұрғындар ел болашағы үшін аса маңызды мәселеге қатысты өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алды.
Ынтымағы мен ырысы жарасқан Текелі қаласында тұратын сан алуан ұлт өкілдері республикалық референдумға белсенділікпен қатысып, «Болашақ үшін дауыс береміз!» деп ұран тастады. Қазақ, орыс, неміс, татар, өзбек, кәріс ұлтының өкілдері №452 дауыс беру учаскесіне ұлттық киімдерімен келіп, татулық пен бірліктің, отаншылдықтың өнегелі үлгісін көрсетті.
«Қазақстан – біздің Отанымыз! Еліміздегі жетістіктерге, жаңа бастамаларға ылғи қуанып, барынша қолдап отырамыз. Достық, бірлік, татулық – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан да бүгінгідей аса маңызды таңдау кезінде референдумға әртүрлі ұлт өкілдері бір кісідей қатысып, ынтымағымызды паш етсек, кейінгі буынға үлгі көрсетсек деп келдік», – деді кәріс этномәдени орталығының мүшесі Надежда Цой.