Сайын Мұратбековке – 90 жыл: Жетісуда ғылыми конференция өткізіліп, жаңа кітап таныстырылды

Жетісу облысында қазақ прозасының көрнекті өкілі, қабырғалы қаламгер Сайын Мұратбековтің 90 жылдығы аталып өтті. Талдықорған қаласында «Сайын даланың Сайыны» атты мерейтойлық конференция ұйымдастырылып, жазушы туралы кітаптың тұсауы кесілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев,  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, еліміздің әдебиет және мәдениет саласының көрнекті өкілдері, Сайын Мұратбековтің туыстары, жетісулық кітапсүйер қауым қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайындағы конференцияны ашқан Ә. Жақанбаев жиналған қауымға ҚР Вице-Президенті Ерлан Қариннің мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

 «Сайын Мұратбеков – ұлт руханиятының дамуына елеулі үлес қосып, қазақ прозасын жаңа белеске көтерген қарымды қаламгер. Жазушы шығармаларында адамгершілік құндылықтары, ауыл өмірінің боямасыз болмысы, туған жерге сағыныш сезімі асқан шеберлікпен суреттеледі… Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл ретте жұртшылық бірауыздан қолдаған Конституцияда білім мен ғылымды өркендету, мәдениетті қолдау, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындалды. Осы орайда ақын-жазушыларымыздың әдеби мұрасын зерделеудің, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттаудың маңызы зор екені анық. Сайын Мұратбековтің шығармашылығы мен өнегелі өмірін ұлықтауға арналған конференция жұмысына табыс тілеймін», — делінген Вице-Президенттің құттықтау хатында.

Бұдан бөлек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының, ТМД Жазушылар одағының және басқа да шығармашылық ұйымдардың құттықтаулары М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. 

Осы жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен жарық көрген «Суреткер Сайын Мұратбеков» кітабының тұсауы кесілді. Атап өтсек, жинаққа жазушы туралы әр кезеңде жазылған естеліктер, әдеби портреттік мақалалар, замандастары мен қаламдас достарының ой-толғамдары, сондай-ақ жазушының өзі әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарына берген әдеби сұхбаттары топтастырылған.

Конференция аясында қаламгердің шығармашылығы мен әдеби мұрасы туралы баяндамалар жасалып, Сайын Мұратбековтің қазақ әдебиетіндегі орны мен көркемдік әлемі туралы сөз болды.

— 1960 жылдары қазақ әдебиетіне үлкен шоғыр келді. Сол шоғырдың басында Сайын Мұратбеков тұрды. Олай дейтініміз — ол өз шығармаларымен қазақ әдебиетіне жаңа леп алып келді. «Менің қарындасым» деген алғашқы әңгімесінде қазақтың бұрын айтылмаған сөзі — қарындасқа деген сезімін, ал «Жусан иісі» шығармасында жусан иісінің қазақ халқының төл иісі екені жайлы бірінші болып жазған қаламгер. Сол жылдары әдебиетке қатар келген Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Дүкенбай Досжан сияқты бірқатар жазушылар жарысып жазды. Және сол арқылы қазақ әдебиетін биікке көтерді, — деді Мереке Құлкенов.

— Сайын Мұратбековтің стилі — аскеттік лиризм. Бұл стиль — асып-таспайтын, кейіпкердің ішкі сезімін төгіп-шашпайтын, барынша үнемшіл көркемдік тәсіл. Жазушыға мұндай декоративтілік жат. Жеріне жеткізіп жазу, үлгі ретінде ұсынуға болатын шығарма тудыру, ағымдардың басында тұру «классика» деп аталады. Бұл тұрғыдан алғанда Сайын ағамызды «соңғы классик» деуге толық негіз бар. Бұл бейресми және субъективті пікір. Орыс әдебиетінде Иван Бунинді, Америка әдебиетінде Джон Апдайктті «соңғы классик» деген пікірлер айтылған. Бұл олардан кейін классиктер туған жоқ деген сөз емес, бұл әдебиеттің бір дәуірі аяқталып, жаңа кезеңге өткенін меңзейтін пікір. Сайын Мұратбековті де біз сол тұрғыда «соңғы классик» деп атадық, — дейді Қазақстанның Құрметті жазушысы Жүсіпбек Қорғасбек.

Мұнан кейін де қаламгер шығармашылығына қатысты толымды пікірлер, жылы естеліктер айтылды.   

Атап өтсек, осы күні Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында  жазушы шығармасының негізінде дайындалған «Жабайы алма» қойылымының премьерасы көрермен назарына ұсынылмақ.

Бұдан бөлек, өңірде жазушының 90 жылдығына орай кітап көрмелері, әдеби байқаулар, оқырман конференциялары, дөңгелек үстелдер т.б форматтарда 50-ге жуық шара өткізілді.

Еске салсақ, Сайын Мұратбеков – Жетісу өңірінің тумасы, қазақ прозасының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Оның «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Кәмен-тоғай», «Дос іздеген қыз» секілді туындылары қазақ әдебиетінің қазынасына айналды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

Мәліметпен бөлісу: