САЙЛАУ – БІР КҮНДІК ЕМЕС, КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮРЕТІН ҮДЕРІС

Кейде азаматтар сайлауды тек дауыс беру күнімен байланыстырады. Алайда шын мәнінде сайлау – бірнеше өзара сабақтас кезеңнен тұратын заңдық әрі ұйымдастырушылық процесс. Оның әрбір сатысы маңызды және әр кезеңнің өзіндік міндеті бар.
Ең алдымен сайлауға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңде сайлау комиссиялары ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтап, сайлау учаскелерінің әзірлігін қамтамасыз етеді. Дауыс беруге қажетті жағдайлардың барлығы алдын ала жасалады.
Одан кейін кандидаттарды ұсыну және тіркеу рәсімдері өтеді. Бұл жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылып, барлық қатысушылар үшін тең құқықтық мүмкіндік қамтамасыз етіледі. Заңдылық қағидаты осы кезеңнен бастап қатаң сақталады.
Келесі кезең – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары. Азаматтарға дауыс беру тәртібі, сайлау мерзімдері, сайлау учаскелерінің орналасқан жері және басқа да маңызды мәліметтер жеткізіледі. Халықтың ақпараттандырылуы – ашық сайлаудың негізгі шарттарының бірі.
Дауыс беру күні әрбір сайлаушы белгіленген тәртіппен өз таңдауын жасайды. Бұл кезде дауыс беру құпиясы толық сақталып, әр азаматтың еркін таңдау жасауына барлық жағдай қамтамасыз етіледі.
Соңғы кезеңде дауыс беру қорытындыланып, нәтижелер заң талаптарына сәйкес рәсімделеді. Сайлау комиссиялары барлық рәсімдерді белгіленген тәртіппен орындап, қорытындыларды ресми түрде жариялайды.
Сайлау процесінің барлық кезеңдері бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – азаматтардың конституциялық құқықтарын толық қамтамасыз ету және сайлаудың ашық, әділ әрі заң талаптарына сәйкес өтуіне жағдай жасау.
Қазақ халқы «Асыққан шайтанның ісі» дейді. Сондықтан сайлау сияқты маңызды науқанда әрбір кезеңнің өз уақытында әрі заң аясында өткізілуі – әділ нәтижеге бастайтын ең дұрыс жол. Осы қағидаларды сақтау қоғамның сайлау нәтижесіне деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениеттің нығаюына ықпал етеді.

Мәліметпен бөлісу: