Ұрпақтар мақтанатын төлқұжат

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттық рухымызды оятатын шынайы дерек. Мұнда ұлы даланың  тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға арналған алты жоба ұсынылып отыр. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр көлемінде үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт — бағдар алып отырмыз. «Мәдени мұра» –  ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өшкенімізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныстыратын даңғыл болды. Ал мына  «Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, арғы тектерін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат.

Елбасымыз атап көрсеткендей, бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Иә, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды.

Елбасы осы арада «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деп ашып айтып отырғаны мемлекет басшысының аса парасаттылығы деп білеміз.

Мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бірінші бөлімінде ұлы даладағы дана халқымыздың жеткен жетістіктерінен сыр шертіп, мақтанышпен баяндалса, келесі «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде осындай бай тарихымызды жас ұрпақ санасына сіңіріп, әлемге танытуымыз үшін не жасау керектігіміз айтылады.

Енді осы мақаланы     алға ұстай отырып, Қазақстан тарихын тереңдетіп қайта жазуға болады. Мемлекет басшысы айтқандай: «тарихи сананы жаңғыртып, көтерілген мәселелерді ой елегінен өткізіп, терең зерделеу қажет». Әлемнің бүкіл архивтеріндегі өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқан шындықтарға із салу керек. Соған жол бастайтын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы болмақ.

Тіпті алысқа бармай – ақ, өз ауданымыздан шыққан мықты ата – бабаларымыздың тарихын ашып, зерттеу жүргізсек табылатын тың деректер де жетерлік. Кеше ғана «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында іздеу салып, ауылымызда зираты мал аяғына тапталып жатқан жетімдерге пана болған – Мәкей Еркінбековтың қорымын қоршап, басына тас қойдырдық. Тарихын ашып, аудандық газетте жарияланды. Біздің ауданымызда ол кісіден басқа да іздеушісін тосып жатқан даналарымыз жетерлік. Алдымыздағы жылы жыр құлагері Ілияс атамыздың 125 жылдығы, «Мамания» мектебінің 120 жылдығы екенін білеміз. Ең бірінші мектеп, мешіт салдырған Маман байдың және оның ұрпақтарының тарихы да әлі толық ашылмаған. Тіпті кейінгі Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміздің екеуіне ғана Батыр атағы берілген. Бүгінде көзі тірі үш – ақ батырымыз қалды. Зерттеулер жүргізіп, тарихты ақтарсақ басқа да батырларымыз шығатыны анық.

К.Дәулетбекова,

аудандық партия филиал төрағасының бірінші орынбасары

Мәліметпен бөлісу: