«Өркен» спорт мектебінде 800 жеткіншек жаттығады

1983 жылы іргетасы қаланған «Өркен» спорт мектебінде 37 жаттықтырушы еңбек етеді. Олардың 7-і жоғары дәрежелі, 2- I дәрежелі, 17-II санаттағы бапкерлер. Тағы екеуі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Білікті мамандардың қол астында жаттығатын бала саны 800-ден асады. Салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ, аталған мекемеде спорттың 10 түрімен шұғылданады.
Мектепте спорттық гимнастика, ауыр атлетика, бокс, дзюдо, грек-рим күресімен шұғылдануға арналған арнайы залдар жасақталған. Сондай-ақ, ұзындығы 25 метр болатын 6 жолаққа бөлінген бассейн де жұмыс жасайды. Жаттығудан кейін, ретке келу үшін барлық залдарда себезгі қондырғылары және массаж, дәрігерлік бақылау кабинеті бар.
«Залдар тегістей спорттық жабдықтармен, құрал-саймандармен жабдықталған және спорт залдарына кварц шамдары орнатылған, бұл оқу процесіне спорттың сан алуан түрі бойынша оқу бағдарламаларын игеруге мүмкіндік береді», — дейді ««Өркен» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ директоры Рамиль Мұратов.
Осы жылдар ішінде мектеп спорттық базаны нығайтуда және спортшыларды даярлауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Мектеп ашылғаннан бері 14-спорт шебері, 80-спорт шеберіне үміткер, 46 — І спорттық разрядты және 500-ден астам бұқаралық разрядты спортшы дайындалды. 2019-2020 оқу жылы әр түрлі дәрежедегі жарыстарда 30 алтын, 36 күміс және 44 қола медальді қанжығаларына байлаған.

Мәліметпен бөлісу: