
Ардақты Ақсулықтар! Қадірлі жерлестер!
Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Қазақстан біраз жыл үзілістен кейін екінші рет Республика күнін тойлайды. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, Президент Қасым — Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Мереке тарихы алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Өткен жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, — деді.
Ендеше, елдігіміздің алғашқы мерекесі Республика күні құтты болсын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ата — бабаларымыз армандаған, береке — бірлігі жарасқан Тәуелсіз елімізді сақтап қалу біздің барлығымыздың парызымыз
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
Берік ТЫНЫШБАЕВ,
Ақсу ауданының әкімі.