
Республика сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына береді екен.
Елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда қаншама ұлт өкілдері тату — тәтті тұрып жатыр. Ұлтаралық келісім, ұлтаралық қатынасты нығайтумақсатында сол өзге ұлт өкілдері де осы ортақ іске бір кісідей атсалысуда.
Халқымыздың ұмытылып бара жатқан мәдени мұрасы – тоқыма өнерін жаңғырту және халқымыздың ежелден келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі арқылы қазіргі заманымызға лайықты сапа түр беріп сәндік қолөнерді дамыту мақсатында қолынан іс келетін алдыңғы толқын әжелеріміз қаншама. Олар келер ұрпаққа өдерінің қол өнерін үйретуден жалықан емес.
Себебі қазіргі жас буын дайын өнімді дүкеннен сатып алуға ұмтылады. Қолдан дайындалған тоқыма бұйымдар ескінің қалдығы сияқты сезінетіні шындық. Тоқыма өнерінің түрлері көп. соның ішінде алаша, кілем, тоқуды былай қойғанда, аяқа киетін ең қарапайым, бірақ жылы шұлықтың өзін қазіргі жастар кигісі келмейді. Себебі киім — кешек дүкендерінде неше түрлі әдемі дайын бұйымдар толып тұр. Сондықтан көне өнеріміз ұмытылып бара жатқаны айтпасақ та түсінікті.
Сол дәстүрімізді жаңғырту мақсатында Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің жылдық жоспарына сәйкес ауданда қолданбалы өнер шеберінің іріктеу көрмесін өткізіп, жеңімпаздар облыстық байқауға қатысып, ол жерде дайын өнімді көрсетіп қана қоймай тоқыма тоқудан дәріс өткізіп, қолмен көрсетіп бас жүлдені жеңіп алған жерлесіміз, орыс ұлтының өкілі болса да қазақтың өнерін насихаттап, таратып жүрген — Кузмина Татьяна Васильевна «Үздік тоқымашы» атанып ауданымыздың намысын бір биіктетіп қайтты. Бұл жеңіс қазан айындағы — халықаралық қарттар күні мен Республика күнімізге үлкен сыйлық болды.
Қолдан тоқылған жылы жемпір, бас киім, шұлықтардың түрлері сол көрмеде үлкен сұранысқа ие болып, жоғары бағада сатылды.
— Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендеуде. Мен осы жұмысты бастап үйренгенде қазақтың қолданбалы қолөнері жайлы білдім. Енді осы бастаған жұмысымды тоқтатпай әрі қарай жалғастырып, әрбір жұмысты істеген кезде одан қандай да бір нәтиже шығарып, біріншіден, тоқыма өнерін зерттей келе олар жайлы көп біле бастадым. Екіншіден, тоқымамен жұмыс істеуді үйрендім. Енді осы білгендерімді келер ұрпаққа үйретіп қалдыру менің бірінші мақсатым — дейді шебер.
Иә, шебердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы” өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен үлкендер өз бойындағы бар асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келген.
Міне сол дәстүрді, сол қасиетті Кузмина Татьяна Васильевна да жалғастырып келеді. Осындай шеберлердің қол өнері ұрпаққа жалғаса берсін.
Бағлан Нарышева,
аудандық «Іскер әйелдер» төрайымы.