РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ВЛАДИМИР ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН КЕЛДІ

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір — біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Мемлекеттік сапар – бұл ең жоғары және ресми сапар түрі. Ол елдер арасындағы екіжақты қатынастардың маңыздылығын көрсетеді және қабылдаушы елдің құрметінің символы болып табылады. Мұндай сапар тек мемлекет басшысымен жүзеге асырылады және әдетте оның қызмет мерзімінде бір-ақ рет өткізіледі. Айта кету керек, В.В. Путиннің Қазақстанға соңғы осындай сапары 2015 жылы, яғни 9 жыл бұрын болған.

Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік — логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени — гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.

Кездесу соңында Ресей Президенті Владимир Путин «Біз достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым — қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз», – деп қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый — құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,

«Ақсу өңірі» газетінің директор – бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: