РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ,

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ.

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін!

Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан ай­ында ораза ұстау – парыз. Алай­да, жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда бала­сы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.

Біз талай сындарлы сәттерді ба­стан кешіп келе жатқан халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің арқасында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Аллаға шүкір, елдігімізді көрсетіп, кешегі «қасіретті қаңтар» оқиғасын еңсердік. Екі жылға созылған пандемиялық жағдай кезінде де бірлігімізді көрсеттік.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят) дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан ай­ында жамағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құлшылық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жеткізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жаратушы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз.

Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені, қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі. Бұл ту­ралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашыла­ды. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деген сүйінші ха­бар жеткізген.

Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын. Ата — анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық.

Осы ретте кәсіпкер азаматтар­ды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.

Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз ба­янды болғай. Әмин!

РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға болсын! Иісі мұсылман асыға күткен қасиетті Рамазан айына аман — есен жеткенімізге жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

Құрметті мұсылман бауыр­лар, жерлестер!

Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасыға Рамазан айының молшылығы мен берекетіне бөленуді тілеймін. Ра­мазан – жақсылықта жарысатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауа­бын) Өзім ғана беремін…»,–деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Биыл – Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 2 мамыр – Ораза айт күні. Сәуір айының 27-нен — 28-не қараған түн – Қадір түні. Тарауих намазы 1 сәуір күні басталып, 30 сәуір күні аяқталады. Пітір садақа мөлшері – 500 теңге болып белгіленді.

Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамыз­ды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!

Анарбай ТАСБОЛАТҰЛЫ,

аудандық мешітінің

бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: