ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жетісу облысында БАҚ өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жетісу облысына іс-сапар жасап, өңірдің бірқатар ауруханаларының жұмысымен танысты. Атап айтсақ, Ескелді ауданының орталық аудандық ауруханасы мен Шымыр ауылының дәрігерлік амбулаториясын және облыстық перинатальдық орталықтың, қалалық көпбейінді ауруханасын аралады. Министр облыстың денсаулық сақтау жүйесіндегі бағыттар бойынша БАҚ өкілдерімен кездесуде сөз қозғады.
«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету болып табылатынын атап өткім келеді. Өткен жылы халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы байқалады. Атап айтсақ, Республика бойынша көрсеткіш 74,44 жасты, Жетісу облысы бойынша 73,48 жас болды.Облыс бойынша 2023 жылдың 4 айында халықтың жалпы өлімі 13%-ға төмендеді», — деді Ажар Ғиният.
Спикердің айтуынша, халықтың сұрауы бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді. Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болғанда тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді. Оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алып, тексеріледі.
«Қазіргі уақытта қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кеңінен қолданылады. Мәселен, 506 мыңнан астам қашықтықтан қызмет көрсетілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының шеңберінде шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде Жетісу облысында 59 объектінің құрылысы қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, биыл Жетісу облысында Ұрықты сақтау орталығы құрылды. Онда жүкті әйелдерге ультрадыбыстық зерттеу және биохимиялық скрининг, ұрықтың дамуын бағалау және одан әрі қадағалап-қарауды айқындау үшін генетиктердің консультациясы жүргізіледі», — деді спикер.
Кездесу барысында міндетті әлеметтік медициналық сақтандыруды іске асыру шеңбері жайлы сөз болды. Осы жылдың 1 шілдеге міндетті әлеметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған адамдардың саны 16,5 млн. адам. Ал Жетісу облысында міндетті әлеметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 526 мың адам сақтандырылған.
«Бүгінде Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту бойынша стратегиялық бағыт іске асырылуда. Осыған байланысты Президенттің тапсырмаларын орындау және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыру жөнінде жан-жақты шаралар қабылданатын болады», — деп қорытындылады Ажар Ғиният.

Мәліметпен бөлісу: