
40 жылдан астам беделді қызмет атқарған Сүлейменов Сәттібек Алимолдаұлы биыл мерейлі 63 жасқа толып отыр. Олай болса, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезеңдерде аянбай еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Сәттібек ағамызды «Тәуелсіздік тұлғасы» десек жарасатындай. Сәттібек Алимолдаұлы еңбек жолын сонау 1978 жылы Ақсу қант зауытынан бастап, одан кейін 2 жыл КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етіп, 1980 жылы Ақсу қалалық коммуналдық кәсіпорны жұмысшысы, 1981 жылы суару жүйелерінің реттегіші қызметін, 1982 — 1986 жылдары Ақсу облыстық атқару комитеті, Облыстық сәулет басқармасының құрылыс инженері, 1997 — 2004 жылдары Ауданның бас сәулетшісі, 2004 — 2005 жылдары Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, 2005-2008 жылдары Аудан әкімінің көмекшісі, 2008 — 2013 жылдары Аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы, 2013 — 2015 жылдары ЖШС «Талдықорған жолдары» сызықтық жол шебері, Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының маманы қызметтерін атқарған.
Қырық жыл бойы толассыз қызмет атқарған абыройлы ардагер бүгінде өз ұжымдастарының сый — құрметіне және ыстық ықыласына бөленген жан.
Сондықтан да апта басында аудан әкімінің аппарат жиыны алдында Сәттібек Алимолдаұлын аудан әкімі Есім Базарханов арнайы құттықтап, арқасына шапан жапты. Сондай – ақ, аудандық мәслихат, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі, өзінің ұжымдастары ардагер сәулетшіге құрмет көрсетті.
Құрметті Сүлейменов Сәттібек Алимолдаұлы!
Сізді, ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер асқаралы 63 жас – мерейтойымен құттықтай отырып, өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға деп білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат Сізді зор құрметке бөледі. Сіздің жаныңыз жомарт, қамқор да талапшыл аяулы аға ретіндегі абзал қасиеттеріңіз тәнті етпей қоймайды.
Өмірлік еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі өзіңіз, отбасыңыз үшін ғана емес, қатар жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос — жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ бала — шағаңыз үшін де нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.
Қадірлі аға! Сізге осындай мерейлі күні шын көңілден мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз.
Ербол СЫМХАНОВ.