Отты үрлей берген жағады

Өткен жыл ауданымыз үшін жаман болған жоқ. Он жыл бойы қаңтарылып тұрған аудан алыбы қант зауытымыз іске қосылды. Сонымен қатар алты учаскелік пункт, үш балабақша ашылып ел игілігіне берілді. Ескі жыл есіркеді. Өткен жылдан неден ұттық, неден ұтылдық  қорытынды жасап, болашаққа жоба жоспар құрып, ел болып болашаққа аттанар сәтте келді. Халықпен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Себебі, мұнда халық өңірдің дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ, өздерінің ұсыныс – талаптарын ортаға салуға мүмкіндік бар. Сондықтан жыл сайынғы есеп беру барысында біраз түйіткілді мәселелердің басы шешілетіні өтірік емес.

 

Бұл жолы Көшкентал ауылында болған есептік кездесудің куәгері болып қайттым. «2018 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, бейбітшілік пен бақыттың жылы болғай!» деп жағымды тілекпен сөз бастады ауыл әкімі. Әрі қарай төрт аяғын тең басқан жорғадай, көсіле еркін сөйлеп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ауылшаруашылық саласы бойынша мал шаруашылығы және егін шаруашылығы жайлы айта келе, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша, мүгедектерге көрсетілген көмек, қайырымдылық акциясы туралы да жақсы деректер айтты. Денсаулық, білім салалары бойынша, жастардың жұмысы, тартылған инвестиция туралы қысқаша мәліметтер берді. Ауыл тазалығы, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы да кеңінен тоқталды. Ауыз су жүйесі мен құрылыс саласы бойынша айтып өтті. Тіркелген қылмыстар мен салынған айыппұлдар жайында тілге тиек етті. Ауыл тұрғындарынан түскен ұсыныстар мен өтініштердің орындалу барысы туралы айтып, баяндамасын аяқтады. Менің аңғарғаным 277 түтінді құрайтын, екі елді мекеннен тұратын Көшкентал ауылдық округіне  әкім болып сайланғанына аз уақыт болсада Ұлан

Серіков жұмысына толықтай кіріскендей көрінді. Иә, әр салада алдыға ілгерлеу бар, бастысы ауылдың салықтан қарызы жоқ, ұрлық тіркелмеген екен.

Қызылағаш ауылындағы болған есепке тоқталсақ, Сәуле Мәжитқызы тәжірибелі һам білікті әкім. Бір жылдары қызылшадан ауданның жоспарын орындағанын да көзіміз көрген. 356 үй тізімі берілген. Осыдан біраз жылдар бұрын су қоймасы жарылып талай жанның қабырғасын қайыстырған еді. Содан бері бұл ауылда суармалы жерге су тапшы екені

белгілі. Су тапшылығына қарамастан шаруалар өткен жылы 130 гектар жерге қант қызылшасы себіліп, орташа өнім 700 центнерден айналған.  Ауылшаруашылығы арналған 2046 гектар жер пайдаланбағаны анықталып, пайдаланбаған жерлердің актісі Ақсу ауданы жер қатынастары бөлімінің инспекторы С.Тәсібековқа берілген.   Жұмыспен қамту орталығы арқылы 66 адам жұмысқа орналасқан. Ауылдық округте өндіріс, сауда нысандары бойынша 2 нысан құрылысы салынған, толықтай айтсақ Архабаевтың наубайхана және шұжық цехы. Салынған ғимараттардың қабылдау құжаттары болмағандықтан іске қосылмай тұрғаны айтылды.

Есептік кездесуде ауыл әкімдері мен қатар ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауылдардан сайланған депутаттар да елге есеп берді. Соңында аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы есеп берді. Өткен жылдың айтулы оқыйғасы Ақсу қант зауытының іске қосылып 80 мың тонна қант қызылшасын өңдегенін, нәтижесінде 500 — ден астам адам жұмыспен қамтылып, жүздеген отбасына табыс әкелген. Жұмыссыздықтың азайғанын, керекті мамандарды Ақсу политехникалық колледжінде оқытылып, дайындалғанын тілге тиек етті.     Ал, зауытты шикізат пен Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында еңбек ететін дала еңбеккерлері қамтамасыз еткені айтылды.  Қазіргі таңда зауытты тоқтатып жөндеу жұмыстарына кіріскенін, алдағы 3 жыл ішінде Ақсу қант зауыты модернизациядан өтіп, келешекте ешқандай кедергісіз жұмыс жасауға қауқарлы болатынын айтып, бір қуантып тастады.

Биылғы жылы Көшкентал ауылындағы мектеп жаңадан салынатынын, және Қызылағаш су қоймасының қайтадан жасалып жатқанын ауыл тұрғындарына жеткізді. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың науырыз айында республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен бағытындағы жолды қытайлар бастайтынын және Жансүгіров ауылында 180 орындық спорт кешені құрлысы басталады. Ауданымыздың экономикасының өсуі үшін  инвесторлар тарту керек. Инвесторлар тарту үшін еңбасты мәселе жол жасалу керектігін баса айтылды. Мысал ретінде Суықсай ауылына поляктар он милион евро қаржы құйып, жүз гектер алма бағын отырғызуға келісім шартқа отырғанын, енді жолдың жасалуын ғана күтіп тұрғаны айтылды. Сондықтан алдағы уақытта жолдардың жасалатыны бұл жүйеге түйін болды. Және де корппоратив құрудың маңыздылығы туралы тілге тиек етті. Аудан әкімінің есебі тыңдалғаннан кейін шығатын қортынды алдағы уақыттарда әлі талай міндеттер мен жобалар тұрғаны, оларды атқару үшін ел болып бірлесіп және мемлекеттік бағдарламарды тиімді пайдаланып ел өркениеті жолында еңбектену керек екенін түсіндік.

Есептік кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов жүргізіп отырды. Оған аудандық мекемелерінің басшылары, аудандық, облыстық ақпарат құралдары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл тұрғындары қатысты.

Ауылдардың және аудан әкімінің есебіне жиналған жұрттың атынан Н.Қасабаева,   Ж.Касимова, А. Ержан,  А.Разбекте сөз сөйлеп қанағаттанарлық баға берді.

 

Кенжебек ӘКІМБЕК.

Көшкентал — Қызылағаш ауылдары.

Мәліметпен бөлісу: