ОТАНДЫ СҮЮ — ИМАННАН

«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді; Ал­ладан қорқып оңашада жылаған көз және Алла жолында елін күзеткен көз» (хадис)Әрбір пенденің кіндік қаны тамған, туып өскен жері «Отан» деп аталады. Бүгінгі күні менің елім Қазақстан, менің жерім Қазақстан деген осы екі асыл сөзді еліміздің әрбір азаматы асқақ сезіммен, мақтанышпен айта алары хақ. Асыл дінімізде бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Исламда «Отанды сүю — иманнан» деген қанатты сөз бар. Отанды сүю оның мәнісі тек жырлар, өлеңдер айту, не болмаса түрлі деңгейдегі акциялар ғана емес, туған елге, туған жерге қызмет ету, қызмет ет­кенде де адал қызмет ету, қызыл сөзбен емес, іспен көрсету екендігі белгілі.Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы от­басына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тар­тылады», — деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие беруге, туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды, кісінің, мемлекеттің ақысын жемеуді үйретуге отағасы жау­апты. Өзіңізден бастап, ұрпағыңыз Ал­ладан қорқып, мемлекет мүлкін же­мей, оны қорғауға, одан әрі дамытуға күш салатын болса, елінің тыныштығын күзетуді илаһи борышым деп білсе, еліміздің болашағы жарқын деуге болады.Отанды сүю үшін адам өз тілін, тарихы мен мәдениетін білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетінің қадірін білмеген адам бірте – бірте өзге де құндылықтарынан ажы­райтыны анық. Және де өз елін сүйетін әр азамат шет жерде жүргенде кіндік қаны тамған жерін сағынбай қоймайды. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын) Мәдинаға һижрат жасаған уақытында «Хазрауа» деген жер­ге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Өзінің туған жеріне Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «УАллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», — деген. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың с.ғ.с. туған жерге де­ген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, та­сына деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Ата – бабаларымыз түрлі жағдайлармен ел­ден жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүрген. Сағынғанда есіне алып, сол топырақты иіскеп отырған. Ақиық ақын Мұқағали өлеңдерінде Отанның қаншалықты қастерлі ұғым екенін ұқтырғандай.

Отан! Отан!

Сен болмасаң, не етер ем?

Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,

Өмірден бұл өксуменен кетер ем.

Құс ұясыз, жыртқыш інсіз болмайды.

Отансыз жан өмірінде өңбайды

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға – сол қайғы!

Күн көреді, әкесіз де, анасыз,

Өмір сүрер әйелсіз де, баласыз,

Ал Отансыз – нағыз сорла панасыз.

Осындай ұлан — байтақ жерімізді баба­ларымыз сан ғасырлар бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, найзаның ұшымен, білектің күшімен, жүректегі иман нұрымен сақтап қалып, бізге қалдырған аманаты деп түсінуіміз керек-ақ. Отан деп отбасы мен ошақ қасын, жұтып жүрген ауасын, ішіп жүрген суын, байлығы мол кең-байтақ жерін, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелерімізді, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығы мен ынтымағын тілеу әрбір мұсылманның діни де, әрі азаматтық боры­шы. Сондай-ақ, қазақтың біртуар азаматы, халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан атамыз айтқандай, «Отан үшін отқа түс — күймейсің» дегені отанды қорғау жолында бәріне бара білу, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, ар-ожданын ақшадан биік са­найтын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні белгілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауа­дай қажет қасиет екені баршаға аян.Туған жерінің көркейгенін қалаған әрбір аза­мат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы тиіс. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы қажет. Құранда: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105-аят) делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған міндетіне немқұрайлы қарамауы керек. Осы себепті туған елін сүйетін әрбір аза­мат мұнысын нақты ісімен дәлелдеуі ке­рек. Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын»,-деген қағиданы берік ұстанған жөн.

Ислам дінінде Отанды, туған жерді қорғау ең қасиетті борыштардың бірі болып саналып, оны қорғау жолында қайтыс болғандар шәйіттердің қатарынан саналатындығы бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін көрсетіп тұрса керек. Сондықтан әрбір еліміздің азаматын ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жері мен салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін берік ұстануға шақырамыз.Жаратушы Алла елдің амандығын, Отанымыздың тыныштығын, халқымызға иман байлығын нәсіп етсін!

Әмин!

Ақсу аудандық мешіті.

Мәліметпен бөлісу: