Орбұлақ шайқасы: Тарихи қойылым тамашалағандарға ұрыс алаңында қалғандай әсер берді


Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен Алтын орданың 750 жылдығы аясында Талдықорған атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы сахналанды. Ашық алаңда шайқасты жаңғыртуға 1 500 адам тартылды.


Жоңғар шапқыншылығындағы Орбұлақ шайқасы қазақ батырларының ерлігімен тарихта қалды. Оқиға 1643 жылы Жоңғар Алатауы бөктерінде Орбұлақ сайында болған. Жоңғарлардың 50 мың қолына қарсы Жәңгір хан бастаған қазақты небәрі 600 сарбазы тойтарыс беріп, Самарқаннан Жалаңтөс батыры қалың қолымен жеткенше жауды ұстап тұрған. Бұл шайқас қазақ батырларының алғаш мылтық атып, түрлі әдіс-айлалар қолдануымен ерекшеленді.
Жауынгерлер терең ор қазып, бетін жауып, жоңғарларды сол жерге құлатқан. Садақшылар жасағы біраз жоңғарды улы жебелерімен жер жастандырады. Одан қалған жауды «сасықтеке» шөбінен дайындалған улы түтінмен улайды. Қазақ сарбаздары өздері уланып қалмауы үшін беттерін ешкінің майы жағылған шүберекпен тұмшалап алады. Бұл шайқаста жауынгерлер ұрыс тактикаларын дұрыс қолданып, бірлескен әрекеттерінің арқасында жаудың сағын сындырып, кері шегінуіне мәжбүрледі. Ал Самарқаннан жеткен Жалаңтөс батырдың 20 мың қолы бұл соғыста жоңғарлардың жеңілісіне әкеп соғады.
Талдықорған атшабарында тарихи оқиға барынша шынайы суреттелді. Көрермендер тура бір ХVII ғасырға тап болып, ұрыс алаңында қалғандай әсер алды. Каскадерлар мен кәсіби актерлар ұрыстың шытырмандылығын еселей түсті.
Шайқасты қайта жаңғыртуға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Болат Әбділманов, «Мың бала» кинотуындысымен әйгілі болған жас актерлар Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген қатысты.
Түрлі тарихи тұлғаларды сомдап жүрген кәсіби актер Болат Әбділмановтың айтуынша бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңы батыр бабалардың ерлігі.


«Ел үшін, жер үшін, халқы үшін жанын пида етіп, өмірден өтсе де осындай кең байтақ жерді қалдырып кетті. Бүкіл әлемде тоғызыншы орын алатын жерді қалдырып кеткені бабаларымыздың ерлігінің арқасы» — деп көрсетілімнен өзі де ерекше бір тебіреніп, толқығанын, рухтанғанын атап өтті.
Мамандар Орбұлақ шайқасындағы қазақ батырларының ерлігі «300 спартандықтардың» ерлігінен еш кем емес екенін, тарихи оқиғаның «Бородино», «Куликово» ұрыстарынан қалыс қалмайтынын айтуда. Әлемде болған кейбір тарихи шайқастарды бейнелеу сол елдің намысы мен батылдығын, қайсарлық рухын паш етумен бірдей.
Мұндай қойылымдар туристердің әдейі іздеп келіп тамашалайтын нысанына айналған. Талыдқорғандағы көрсетілімге Нұр-Сұлтан мен Алматыдан және басқа қалалардан халық арнайы келді. Қонақтар арасында шетелдіктер де болды.
Шайқасты тамашалаған жұрт өз әсерлерін әлеуметтік желілерде қалдырып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен де бөлісіп жатты. Әйгілі дизайнер, сән үйінің директоры Гаухар Өтелбаева пікір білдірді.
«Мен көптеген тарихи кітаптарды оқыған адам ретінде Орбұлақ шайқасынан ерекше әсер алдым. Тіпті отырған жерімнен құлап қала жаздадым. Ұрыс алаңында жүрген әрбір жауынгерге, қойылымның әрбір сюжетіне қызыға да, қызғана қарай бердім. Актерлар мен каскадерлардың ойындарының шынайылығын ұялы телефонның камерасы жеткізе алмайды. Сондықтан мұндай қойылымды келіп тамашалау қажет. Ұйымдастырушылар жобаны жалғастыруға міндетті. Ал білім саласындағы басшылар Талдықорғанға оқушылар мен студенттерді еліміздің барлық аймағынан әкеліп, олардың көруіне мүмкіндік беру керек. Орбұлақ шайқасында патриотизм де, рухани жаңғыру да бар», — деді Гаухар Өтелбаева.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орбұлақ шайқасын дәріптеу «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әлі де жалғасады деп атап өтті. Болашақта деректі фильмдер түсіріп, шайқасты көркем фильм ретінде ұсыну жағын қарастыру керек екенін айтқан өңір басшысы ойын бұл ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор жоба деп қортындылады.


Талдықорған ипподромындағы ауқымды шара тек шайқас көрсетілімімен шектелген жоқ. 2 тонна бауырсақ пісіріліп қонақтарға тегін таратылды. Осылайша ұйымдастырушылар Қазақстан рекордтар кітабының сертификатына ие болды.
Сондай-ақ ұлттық қолөнер шеберлері, ұсталар мен зергерлер шеберлік сабақтарын өткізді. Ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі болып, қазақ күресі, жамбы ату, садақ атудан, асық ойнаудан сайыстар ұйымдастырылды. Шара соңында Балпық бидің 325 жылдығына орай ат спорты ойындары өтті.

Мәліметпен бөлісу: