Ойтоған ауылына қарасты талай жерлердің өз алдына бір-бір тарихы бар. Ауыздан -ауызға таралған , сондай жерлердің бірін жазушы ақындар өлең сөзбен жеткізсе, енді бірі , әңгіме қылып жазғандары да бар.. Солардың бірі , Ақсулық ақынымыз Жамау Бұхарбайдың «Кіндік қоңыр» хикаясы болса, енді бірі Серік Жәнабіловтың осы Ойтоған жерінде Берсүгір атаның шаңырағында Жансүгірдің баласы Ілиясқа Молықбай атаның келіп есім бергені. Сондай хикаяның бірі осы «Жолбарыс соққан» жайлы журналист Серік Жанабілов ағамыз өз кітабында жазған болатын . Бұл ауыздан , ауызға тараған аңыз әңгімені ауылымыздың тұрғыны болған Шәріпов Сәкен атамыз өз кезеңінде төте жазумен 1966 жылы жазған екен. Шәріпов Сәкен 1928жылы осы Ойтоған ауылында дүниеге келіп, қырық жыл бойы шопан болған кісі. Қайнардың ішінде Қуандық руынан тараған бойында ақындық қасиеті бар , аласа бойлы жұқалтаң келген кісі 10- бала тәрбиелеп өсіреді. Төте жазумен хат таныған Сәкен ата , аздап өлең жазатын , өз ортасында домбыра шертіп, азды көпті ортада суырып салма ақындығымен елдің көңілінен шығатын. Ол кісі отырған жер той думан болатын,- дейді көз көрген қариялар. Атаның көзі кеткен соң (2000ж) , қойын дәптері қолдан қолға көшіп , ағайын балалары «аудартып жазамыз»- деп тоқырау жылдары жоғалтып алған екен. Осы жазба төте жазудан аударылған қалпында кісі қолынан, кісі қолына өтіп, ауылымыздың музыка сабағының белді мұғалімі Л.Бекқалиева бір кездері балаларға сабақта пайдалану үшін алып сақтап қойған екен. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай, Сәкен атаның осы жазбасы «Жолбарыс соққан» аңызын ақпараттар құралдарына жариялап жаңғыртуды жөн көрдік.
«Жолбарыс соққан» аңызы
(21.03.1966ж жазылған Шарипов Сәкен атаның қойын дәптерінен)
Дағдымыз өткендерден хат алатын
Жерімде түрлі атаумен аталатын.
Белгілі төбелер бар, қыстаулар бар.
Айтады көз көргендер мағлұматын.
«Жолбарыс соққан» -дейтұғын бір төбе бар,
Халқымды білмек деген бір кәде бар.
Біз соңын мән –жайын сұрағанда,
Мынадай аңыз айтады қариялар.
Ғасырдай мезгіл өткен содан бері,
Әркімнің бір роман ғой туған жері.
Бұл соның бір парағы болсындағы,
Көңілдің әңгіме боп қонсын шері.
Ну қамыс «Жаман Ақсу» өзен бойы,
Әркімнің әр төбеде мекен-жайы.
Ол кезде біздің Кеңес дәуірі жоқ,
Болыс, би ауқаттылар ел құдайы.
Құяды «Жаман Ақсу» Ақсуға кеп,
Атайды осы өңірді жұрт «Құйған» деп!
Сол жерден бес шақырым жоғарырақ
Көп құмнан зор шағыл тұр биігірек.
Бір ақ үй Сақай елі –Жетібайлар,
Қосақтап жабағысын бие байлар.
Сол шағыл бауырында қыстаулары,
Тап болды «Кедей соққы»-тосын ойлар.
Бір бие жабағалы жоқ боп шықты,
Жорамал -« ұры алды» -деп олар ұқты.
Бір түйе аяқ асты тағы да жоқ….
Күзетке қос жігіттен қойды мықты.
Келе атқан мезгіл еді таң сібірлеп,
Жайылды түбек жаққа жылқы беттеп.
Бүйірден оқша атылып «бір тарғыл зат»
Бір байталды лақтырды қос дізірлеп.
Бұл байтал қос жігіттің бірінікі ед
Көрмесе «күнәлі сөз»-ұрыныкі ед.
Сылқ етіп қамыс іші барып түсті,
Жоқ болды «тарғыл тағы» тамағын жеп.
Жайларын айтты көрген ғажап затты
Бұл қайдан келген пәле ойға батты.
Ауылдың ақсақалы, жігіттері,
Бұл не –деп түсін болжап атын тапты.
Әрине, бұл «Жолбарыс» -күшті жыртқыш,
Біздің жер көріп отыр мұны тұңғыш.
«Мұны қалай құртамыз»?! –ақылдасты ел,
Жаңалық әр маңайға кетті сыбыс.
Сонымен бір аздаған күндер өтті,
Күшейтті өздерінше ел күзетті.
Әйтеуір ығын тауып күн құрғатпай,
Аз малды кедей ауылын зор күйзелтті.
Көмекке көрші –қонсы шақырылды,
Айт деді жігіттерге ақылыңды.
Осындай сұрақ қойды Жетібайлар,
Мынаны құрт, аяман еш тұқымды .
Төменгі қайнардағы қарасайдан,
Көп жігіт қабар алып мына жайдан.
Ауылына Жетібайдың келіп түсті.
Ашбаққа зор тағымен үлкен майдан.
Ол кезде жоқ па заты мылтық деген
Табылар мылтық болса талай мерген…
Тағымен шықпақ болып жекпе жекке
Мәжіліс қорытындысын солай берген.
Ішінде «Қарасайдың» «Саурық батыр»-
Атанған,Дөмбіл қара жігіт отыр.
-«Қыл арқан әкеңдер» -деп сөз білдірді,
Не маған –не «мысыққа» заман ақыр!
Қазаққа сөз болыппа арқан деген,
Саурықты тамашалап бәрі көрген.
Орады қолбасынан жоғары қарай.
Ер жігіт өз күшіне кәміл сенген.
Білезіктен арқаннан киді сауыт,
«Жүрме» -деді, «маңына бәрін қауыт».
Айдатты бір құнанды түбек жаққа,
Жануар оқыранып шықты шауып.
Түбектің тығырығы еді арғы шеті,
Құнанның қайта бері қайтты беті.
Сол кезде жолбарыс та шықты атылып,
Ұсталды жемекші боп құнан етін…
Паналап бір түп талды соған жақын,
Саурық та сақтықпенен барды ақырын.
Тығып ап қонышына ақ қанжарын.
Көз қырын оңтайланып салды ақырын.
Тағысы ен даланың ол да сергек,
Емес қой жанын тегін ол да бермек.
Саурықтан ол да қалмай тез ұмтылды,
Айқасты екі тағдыр, ой –жекпе –жек.
Сап етті Саурық қолы нақ тамақтан,
Білінді қуанбағы оң қабақтан.
Тік тұрды, жығыспады, көп алысты,
Қапсырып жолбарыста сол қол жақтан.
Оң қолымен езгіледі кеңірдекті,
Жуасып жолбарыстың реңі кетті.
Сонымен сарық батыр жауын жеңді,
Ел көңілін шошып қалған тыныш етті.
Міне содан атанған «Жолбарыс соққан»,
Ақтөбені көресіз біздер жақтан.
Басында «вышкасы» бар ескерткіштей….
Осындай аңыз қалған өткен шақтан.
«Ойтоған» Бастауыш партия ұйымының мүшесі,
клуб әдіскері Э.Бекова