ОБЛЫС ӘКІМІ АҚСУ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Жетісу облысындағы Ақсу ауданы ірі және ұсақ мал саны жағынан өңірде бірінші орын­да тұр. Дегенмен мұнда жайылымдық жер мәселесін шешу керек, сүт өңдейтін кәсіпорын ашу керек. Сол сияқты Президент тапсырмасына бай­ланысты Ақсу қант зауытын жүргізу жолдарын қарастыру қажет. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауда­нында жұртшылықпен өткізген кездесуінде айтты, — деп хабар­лайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бейбіт Исабаев баяндамасын­да Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың облысқа кел­ген сапарында берген бірқатар тапсырмаларына, соның ішінде Ақсу ауданына қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

— Ақсу қант зауытына 12 млрд. теңге бюджеттік инвестиция­лар түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілгеніне қарамастан, зауыт тоқтап тұр. Соның салдарынан осы жазда қант тапшылығы орын алып, бағасы күрт өсті. Зауыт маңындағы қант қызылшасын өсірген фер­мерлер оны 150 шақырым жердегі Көксу қант зауытына тасымалдауға мәжбүр. Осыған байланысты Мем­лекет басшысы қысқа мерзімде зауытты іске қосуды немесе жаңа инвесторлар тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Со­нымен қатар, бізге облыстағы екі қант зауытының жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз етіп, онда шығарылатын ақ қант көлемін 2026 жылға дейін 180 мың тоннаға дейін жеткізу керек, — деді Бейбіт Исаба­ев. Бұл ретте мемлекет тарапынан қызылша өсірушілерге көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы айтты. Дегенмен Ақсу ауданында 565 га қызылша себіліп, оның 500 гектарынан небәрі 4,1 мың тон­ на қызылша зауытқа өткізілген, өнімділігі 88 центнерді құраған.

Аудан әкімдігіне бұл мәселені түбегейлі зерделеп, кемшіліктерді қайталамас үшін келесі жылдың қант қызылшасының алқаптарын ұлғайтып, технология талаптарын сақтап, гектар өнімділігін арттыру бағытында шаруашылықтармен пәрменді жұмыс жүргізудің нақты жоспарын жасау тапсырылды.

Жалпы Ақсу ауданы ірі қара мал, қоймен ешкі басы бойын­ша облыста 1-ші орында, картоп егістігі бойынша 2-ші орында, майлы дақылдар бойынша 3-ші орынды иеленеді. Алайда ауданда майлы дақылдарды өңдейтін цех жоқ. Картоп пен көкөніс сақтайтын бір ғана қойма бар. Аудан осы бағытта жұмыс жүргізуі керек.

— Облыс тұрғындарымен кез­десулерде ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлердің тапшылығы мәселесі жиі көтеріледі. Ақсу ауданында да бұл мәселе күрделі болып тұр. Әсіресе, Қызылағаш, Қапал, Ма­тай ауылдық округтерінде. Бұл мәселені шешу үшін жер комисси­ясы құрылып, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Аудан тұрғындарының жеке ауладағы мал басына 195,5 мың га. жайылымдық жер бекітілген, бұған қоса 5200 га. жайылымдық жерлерді мемлекет мұқтажы үшін алып қою жұмыстарын жүргізу қажет. Пайдаланылмай жатқан 219 мың гектар жердің жыл ба­сынан 9,9 мың гектары ғана мем­лекет меншігіне қайтарылған, 50 мың га жайылым жерлер қайта айналымға енгізген. Бұл облыс аумағындағы ең төмен көрсеткіш, — деп облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды сынға алды.

Сол сияқты Б.Исабаевтың ай­туынша, 2016 жылы басталған Қызылағаш су қоймасын, су жи­нау торабын және Қызылағаш өзеніндегі магистральдық канал­ды қайта жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қызылағаш су қоймасының суын толық пайда­лану үшін биыл Қызылағаш суару алқабы құрылысының басталуы­на республикалық бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, мердігер компания анықталған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, айналымға 5,3 мың гектар жаңа суармалы жерлер енгізілетін бо­лады.

Облыс әкімі өз сөзінде шағын және орта бизнесті дамыту, туристік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Мәселен, қазір ауданда тұрғын үй алуға кезекте 791 адам тұр. 2023 жылдың наурыз айында Жансүгіров ауылында 50 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй мен 10 жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2023 жылы 20 жеке тұрғын үйдің құрылысына қаражат қарастырылатын бола­ды. Бұдан басқа, Қапал ауылын­да 20 жеке тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу 2023 жылдың қараша ай­ында аяқталады. Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, ол үшін жеке инвестордан 36 жаңа пәтер сатып алынады.

— Менің жаңа жеке қабылдауыма кірген азаматтардың көпшілігі тұрғын үй мәселесін көтерді. Бұл ауданда қолжетімді баспанамен қамтудың әлі де өзекті екенін көрсетеді. Сондықтан аудан­да жоспарланғаннан бөлек, 60 пәтерлік тағы бір тұрғын үй салуға қаржы бөлу керек деп шештім. Оны бюджетке өзгерістер енгізіп, қарастырамыз, — деді Б.Исабаев.

Ауыз су, жол жөндеу, жұмыспен қамту, мәдениет, білім, денсаулық салаларына қатысты да бірқатар мәселелер айтылды. Мәселен, газ­дандыру бойынша Президенттің тапсырмасымен Үкімет «Талдықорған — Үшарал» маги­стралды газ құбырын тартуға қаржы бөліп, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудан­дарына газ жеткізу жұмыстары басталады. Сол сияқты алдағы уақытта республикалық бюджет­тен бөлінетін қаржыға жөнделетін медициналық нысандар ішінде Ақсу аудандық ауруханасы да бар.

Кездесу бұдан әрі «сұрақ-жауап» бөлімімен жалғасты. Сұрақтар негізінен жол жөндеу, суармалы су жетіспеушілігі, мектептерді жөндеу мәселелеріне қатысты болды.

Мәселен, Көлтабан ауылының тұрғыны Мұрат Рахимов ауыл­да салынатын мектептің жайын қозғады. Ол алғашында 120 орын­ды мектептің құрылысы жоспар­ланып, кейін жоба 80 орынды етіп өзгертілгенін, балалардың саны­на қарай 120 орынды бастапқы жоба қалса деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі құрылыс және білім басқармаларына өзара бірлесіп, ауыл халқының демографиялық жағдайын, оқушы санын, алдағы екі-үш жылдағы болжалды өсім көрсеткішін есепке алып, түбегейлі шешім қабылдауды тапсырды. Мектептерге қатысты қойылған сұрақтарға берілген жауап­тар барысында Жансүгіровтегі Ж.Сыдықов атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілетіні белгілі болды. Сол сияқты Көшкентал ауы­лына да келесі жылы жаңа мектеп салу белгіленген.

Сонымен қатар тұрғындар өтінішіне сай Талдықорғандағы Өнер мектебіне ақын Сараның аты беріледі. Облыс әкімі ақынның 170 жылдығына дайындықты ерте бастау қажеттігін де тілге тиек етті.

Аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Сәбит Бармақов Қапал өңірінің бірқатар мәселесін көтерді. Соның ішінде жайылымдық жерлердің, су­армалы судың жетіспеушілігі, жол жөндеу мәселелері бар. Мәселен, ұсыныс ретінде айтылған 1 шақырым жерге ло­ток салу мәселесі алдымен арнайы мамандар тарапынан зерделенетін болады. Жобаның нақты тиімділігі зерттеледі. Сол сияқты Арасаннан гранит та­ситын жүк көліктері Қапалға дейінгі жолды бұзып кетеді. Мы­салы, орташа жөндеу жасалып жатқан 48 шақырым жолдың 20 шақырымы жасалып біткен бо­латын. Бірақ сол жасалған жол­ды жүк көліктері бұзып үлгерген. Сондықтан тиісті басқарма оған қайта зерттеу жасатты, соның қорытындысына сәйкес тағы бір қабат асфальт төсеу туралы шешім қабылданған, жоба қайта түзетіледі. Ал, Суықсайдың тау арқылы жүретін жолына бұрын гравий төселіп жасалған болатын. Енді тұрғындардың өтініші бой­ынша оның ұстінен бір қабат ас­фальт төсеуге жобалық-сметалық құжат дайындалды. Оған қоса тұрғындар Жаңалық ауылынан Ақсуға дейінгі 22 шақырым жол күрделі жөнделсе деген тілегін білдірді. Облыс әкімі облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшы­сы Ғалымжан Дәрібаевқа арнайы шығып, жолды өз көзімен көріп, зерделеуді тапсырды.

Сонымен қатар Вера Ушако­ва Ж.Сыдықов атындағы мектеп оқушыларын тасымалдайтын Га­зель көлігі ГЭС-қа дейін ғана ба­рып, ар жағындағы Зерносовхозға кірмейтінін айтты. Балалар ары қарай 1 шақырымдай жаяу жүруге мәжбүр болады. Бұл мәселені ау­дан әкімі жақын күндері шешетін болады.

Жалпы осы жиында облыс әкіміне жиырмаға жуық сұрақ-өтініш айтылды. Сұрақтарға жауаптар беріліп, барлығы хаттамаға енгізілді, тиісті шара­лар қабылданатын болады.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.

Мәліметпен бөлісу: