Оқу жылы ойдағыдай аяқталмақ.


Ақсу  ауданы  білім бөлімі  басшысы
Рамазанов Бегімбек Сейпілмәлікұлы

Міне тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Санаулы күндерден соң мектеп оқушылары оқулық беттерін жауып, жазғы демалысқа шықпақ.Ал мектеп бітіруші түлектерді алда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынды үлкен сынақ күтіп тұр.

Еліміздің  тарихында  алғаш рет жарияланып отырған төтенше жағдайға байланысты  биылғы соңғы қоңырау салтанатты жиынының өткізілу тәртібі туралы өзгерістер.

Дәстүрлі  25 мамырда соғылатын соңғы қоңырау биыл 1-10 сыныптарға қашықтық форматында өткізіледі. Әр сынып жетекші өз сыныбымен биылғы оқу жылында  оқушылардың қол жеткізген жетістіктерін айтып,  үздік оқушыларды марапаттап, ата-аналарға алғыс айтып, оқу жылының қорытындысын сынып сағаты ретінде өткізеді.  25 мамыр күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірі Асхат Аймағамбетов, облыстық, аудандық білім басшыларын және білім беру ұйымдарының педагогтарымен оқушыларын соңғы қоңырау мерекесімен телеарна арқылы онлайн құттықтауымен бастайды, сынып сағатымен жалғасын табады.

«Birgemiz: ТҮЛЕК 2020» мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тұжырымдамасы әзірленді.Түлектерге арналған қорытынды аттестацияның болмауына байланысты және ҰБТ-ға дайындалу қажеттілігін ескере отырып, 11-сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру және соңғы қоңырау 3-4 маусымда өтеді.

  • Мектеп бітіру іс-шараларын өткізу бойынша ұсыныстар

Іс-шара мектеп аумағында, ашық алаңда әр сынып үшін бөлек өткізіледі, уақыт аралығы — 20 минут

  • Түлектер рәсімге мектеп формасында қатысады
  • Әрбір түлекпен 1 немесе 2 ата-анасы қатыса алады
  • Маскалық режимді міндетті түрде қамтамасыз ету және қашықтықты сақтау керек
  • Жол берілмейді
    Мектеп немесе педагогтерге сыйлық алу үшін ақша жинау
    Ивент-агенттіктерді, аниматорларды шақыру
    Мерекелік дастархан жасап, аса салтанатты өткізу
    Автокөліктерді жалға алып, қала ішінде экскурсия жасау
    Мейрамхана, дәмхана және көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыру.

Салтанатты бөлімнен кейін мектеп түлектерінің ағаш отырғызу акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта осы акция жыл сайын 25 мамырға орай ұйымдастырылатын болады.

МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР ҮШІН ҰБТ-ге ДАЙЫНДЫҚ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Сонымен  қатар  ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында 26 орта мектепте 381 түлек мектеп бітіреді. Қазіргі таңда 345 оқушы, оның 302 оқушы онлайн түрінде, 43 оқушы дәстүрлі түрде ҰБТ-ге қатысуға өтініштерін тіркеді. Қатысу пайызы 90,2 %

ҰБТ-ге қатысатын 345 оқушының 332 оқушы қазақ тілінде және 13 оқушы орыс тілінде өтініш білдірді.

«Алтын белгіге» үміткер саны 17 оқушы және «Үздік аттестатқа» үміткер саны-28 оқушы.

Төтенше жағдайға  байланысты әр аудиториядағы оқушы саны ең көп болғанда 75 адам болады. Әр оқушы ара қашықтығы 2-3 метр аралықты сақтайды. Аудиторияға кіргізілу тәртібі мектеп бітіруші түлектерге  арнайы түсіндірілетін болады. ҰБТ барысында тиым салынған заттарды (телефон, шпор т.б) алып кіруге  ниеттенген, тестілеу кезінде қолданған оқушылар болған жағдайда, ҰБТ өткізілетін аудиториядан шеттетіледі. Тест нәтижесі жойылады. Аудиториялар толығымен  бейне бақылаумен қамтылған.

ҰБТ сұрақ базасы 30% жаңарды. Апеляция келесі күні емес, тестілеуден соң сол күні онлайн  түрде беріледі. Биылғы ерекшелік, грантқа конкурсқа түскен кезде мамандықтар қазақ, орыс тілдеріне бөлінбейді. Гранттардың саны мамыр айының соңына дейін жарияланады.

Биылғы  мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілейміз.  Арман мақсаттарың орындалып, грант иегерлері атануларыңа тілектеспіз. Сәт сапар, жас түлек!

Мәліметпен бөлісу: