ӨНЕР ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде Ардагерлер ұйымына 35 жыл толуына орай, аға буын өкілдеріне, яғни, ата — әжелерге арналған «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық байқау өтуде.

Іс-шараның басты мақсаты – ауданымыздағы өнерлі ата — әжелерге рухани қолдау көрсетіп, ән салу, қолөнер сынды өнерлерін халыққа жеткізу. Қарияларымыздың өнердегі, өмірдегі үлгі болар жолдарын жас ұрпаққа насихаттау. Ата — әжелерімізді байқауға қатыстыру арқылы көнеден келе жатқан ұлтымыздың мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, ұмыт болған қолөнер бұйымдары мен әндерді қайта жандандыру.

Арнайы құрылған топ мүшелері осы аптада Ақсу, Ойтоған, Жаңалық, Қаракөз, Б.Сырттанов, Қарашілік, Қызылағаш ауылдық округтеріне барып, өнер байқауына қатысушы үміткерлерінің «Жеке ән салу», «Хор және ансамбльмен ән салу», «Қолөнер бұйымдары» және т.б. жанрлары бойынша өнерлерін тамашалап қайтты.

Ауданда қарттарға арналған «Өнерім – өмірім» байқауы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оның негізгі мақсаты — біздің аймақтың талантты ата — әжелерін рухани қолдау, олардың өнерін, соның ішінде ән мен қолөнерді насихаттау, ұмытылған қолөнер мен әндерді жанданды­ру.

Жыл сайын өңірлер мен қатысушылар саны артып келеді, – деп атап өтті аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Айтбаев. 30 қыркүйек күні байқау қорытындыланып, аудандық мәдениет үйінде Гала концерт өтеді.

Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ.

Мәліметпен бөлісу: