1 ҚАЗАН — «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ!»
Осыдан 32 жыл бұрын, яғни 1990 жылы желтоқсан айының 14 жұлдызында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Содан бері ауданымызда жылдан жылға қарттар күні дәстүрлі түрде аталып өтілуде. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Халқымызда «Қариясы бар елдің қазынасы бар», «Көп жасаған қария арқылы теңіз дария» деген киелі сөз бар. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген.
Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналағы және орасан күш-қуаты әрбір жанұяға ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Әлбетте, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері болашаққа тыныш та еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерен еңбегі мен, қажырлы жігерінің арқасы екені анық.
Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейірімділік пен көмекке зәру.
Ауданымызда еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін ардагерлер ұйымы бар. Бұл ұйымның құрылғанына 35 жыл болды. Бүгінде 35 жылдық тарихы бар ұйым құрамында 4660 ардагерлер бар. Президентіміз Қ.Тоқаевтің саясатына сай ауданымызда қарттарға лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіліп келеді. Дегенмен ауданымызда әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар.
«Баталы ер арымас деген жастар үлкеннің батасын алуға ұмтылған. Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудандық ардагерлер ұйымы ауданның барлық кәсіпкерлеріне, еңбек ұжымдары басшыларына ардагерлерге көмек көрсетіп, олар үшін осы атаулы күнді ерекше айлық мерекеге айналдыру үшін
үндеу жолдаймыз.
Кімде кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе атасы мен әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады. Қарт кісіні құт-береке деп тыныса, ол ұрпақ
көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді»,-деген сөз бар.
Жастарымыз ата-анасының қадірін кеш болмай тұрып түсінсе екен. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. «Көп түкірсе көл болар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»,-деген халқымызда жақсы мақал бар. Ендеше бір жұдырықтай жұмыла қимылдап елдігімізді көрсетейік.
Барлық ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымымен байланыс жасап, көмекке зәру егде адамдардың тізімін алып, мүмкінділікке қарай, материалдық жағынан көмек көрсетіп өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз.
Келешекке бей-жай қарамайтын, елін — жерін, отанын сүйетін патриот азаматтардың белсенділігі арқасында еліміздің болашағы жарқын болары анық.
Ардагерлердің гүлдеуі түсіністікпен қабылданады деген сенімдеміз. Ізгі ниетпен. Ақсу ауданы ардагерлер кеңесі.
Кеңес төрағасы А.АЙТБАЕВ.