ҚОБЫЗШЫ
Қобызшы Молықбай шал Матайдағы,
Матайда Кенже, Тұңғат, Сақайдағы.
Қазақта қобызшыдан қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы – деп ақын Ілияс Жансүгіров жырға қосқан Қобызшы Молықбай Байсақұлының туғанына биыл 165 жыл толады. Ақсу (Жетісу) өңірі халқының мақтанышы, рухы ерекше қадірленетін Байсақұлы қобызшы Молықбайдың есімі, бүгінгі таңда жалпы қазақ жұртына жақсы танымал болды. Соңғы жылдары ол туралы танымдық мақсаттағы жазбалар мүмкіндігінше жариялануда. 1994 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан Серік Жанабіловтың «Молықбай қобызшы» повесті кітап болып шықса, қобызшы Молықбайды терең зерттеушілердің бірі және сондай көптеген еңбектердің авторы Жемісбек Толымбековтың танымдық деректері бар. Осы деректерге сүйеніп 2020 жылы жерлес ақын Болатбек Әбілқашев «Қобызшы» деректі дастанын жазды. Онда қобызшы Молықбай туралы:
Сол бір ерте қараңғылық, күнде ескі,
Емшілік пен ақындығы үйлесті.
Үш ішекті, төрт бұрышты домбыра –
Қолына алып, сал – серілік күй кешті.
Өр шыңына шығып биік бұлбұлым,
Күй аңыратқан қобызынан үлгі мың.
Қобызшы еді ол – «Ақ көбікті» аңыратып,
Дүрілдеткен «Ерәлінің дүлдүлін».
«Бозінгенді» күңірентіп сөйлетті,
Күркілдетіп «Көк көбікті» селдетті.
Күйін шертіп «Ноғай, қазақ жыласқан»,
Тыңдаған жұрт көздің жасын көлдетті.
Күй ғып төкті айтар ойдың қисынын,
Ширықтырып тыңдаушының түйсігін.
Ел ішінде аңыз қалған сондықтан,
«Тоқсан күй» деп қобызында күйшінің… деп суреттеледі. Ендеше Молықбай атамыз туралы тоқталып өтсек.
Молықбай Байсақұлы — қобызшы, бақсы, кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1857 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Өнерпаздық, емшілік қасиеттері әкесінен дарыған. Молықбай — мақаламыздың басында айтқандай жыр дүлдүлі I.Жансүгіровтің кіндік әкесі, ақынның «Күйші» поэмасының басты кейіпкері. 1930 жылы . «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, 31 сәуір күні Алматы түрмесінде қайтыс болған. Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.
Бақ қонып, қасиет дарыған Байсақ «Желді қарағай» деген асуда өсіп тұрған қос қарағайдың жоғарылау тұрғаны жел соққанында үн шығаратынын тыңдап біліп, қобыз жасатуға сол қарағайды әкесі Бұғыбайға кестіртіп алады. Қобызды өз туысы Бектөлеге шаптырып жасатады. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған, аталас туысы, зергер шебері Естібай Мырзағұлұлы болады. Оның ішегі мен шанағына, әмісе жүйрік аттың қылын қолданып отырады. Байсақ қобызын арғын елінде ат бәйгесіне қосып, кие кісілері арқылы аламанда бірінші келтіреді. Соған байланысты ел-жұрты Байсақты «Дәупірім» деп атап кетеді.
Қобыздың мойынының морт сынғаны мен жаңқаның орнының тесігі бар. Байсақ кіреберіс босағадағы босанған әйелдің жолдасы көмілген, бет топырағы бос жатқан, шұңқырға аяғын тығып алып, оқыс құлап, тобығы мен жіліншегін сындырады. Сонда Байсақтың үйінің төрінде ілулі тұрған қара қобыз өздігінен жерге құлап, ол да мойынынан морт сынып, бір жағындағы жаңқасы орнынан тайып шығып, орны үлкен тесік болып қалады. Осы салдардан киелі үлкен қара қобызды ел-жұрт «жарық қара қобыз» деп атайды. Киелі жарық қара қобыз 1930 жылдан 1984 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мұражайына өткізілгенінше, Молықбайдың келіні, Адасқанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенде, сандықтағы қара жарық қобыз өрттен дін аман қалады. Бұл әлі шешуі табылмаған қобыздың кие, қасиеті десе де болар.
Молықбайдың әкесі Байсақтан кейін қара қобыз сегіз жыл иесіз үй төрінде ілулі тұрып қалады. Бір күні Молықбайды Садақтыда тары орып, баулап жүргенінде, әкесінің бір қаршыға бастаған жүз кісілік пір киесі көзіне көрініп, кие қысып, ие буып тастаған жерінен көпшілік ес-түссіз күйінде оны үйіне жеткізеді. «Ақсарбас» атап сойылып, Молықбайға әкесінің қасиеті қонып, үлкен нағашысы Қылышты (Қосымбайдың) бақсының дәріпі дарып, қобызда ойнап, бақсы-балгер, емші болып, жадынан өлең шығарып, қобыз сарынына қосып ән, жыр айтып, үш ішекті, төртбұрышты домбырада күй шертіп, халық қолдауымен сал-серілік ғұмыр да кешеді.
Молықбай — кеңес өкіметі белсенділерінің астамшыл істерінің қуғын-сүргінінің құрбаны болған. Молықбай Құрақбайдың келіні елі ноғас Имашқызы Дәмелінің төркіні мінгізген тор атқа ықыласы ауып, Құрақбайдан қалап сұрап алады. Молықбайдың аталас інісі Нөкербек, тор жорға атты Моқаңнан сұрап алып, кеңес өкіметі жасаған талай тойдағы жорға жарысына қосады. Ат басқа аттарға дес бермей, бас жүлдені әперіп отырады. Газет беттеріне тор жорға аттың суреті басылып шығып, даңқы асқақтайды. Тор жорға атқа кеңес белсенділерінің көңілі артып, әсіресе қызылдар белсендісі Күнтуов Құндақбайдың талабы ызғарлы болады. Қалау — тілектері орындалмаған кеңес белсенділері Молықбайдың ісін дік, кек көріп, 1928 жылы екі жүз пұт бидай астық «продналог» деп, оған салым салады. Молықбай өзіндегі бар мал мен қаражатын жиыстырып, салымды өтейді. 1929 жылы қызыл белсенділері Молықбайға үш жүз пұт бидай астық салымын тағы салады. Оны өтеуге мұршасы жетпеген Молықбайды белсенділер «халық жауы» деген желеумен қобызы мен өзін қамауға алып, тор атын, күміс ерін, үй мүлкін «тәрік» деп тәркілейді. «Халықтың Молықбайын ұстадыңдар, қарау ниет, жүзі қаралар» деп, қайнар Торыбай Молықбаймен бірге Алматыға айдалып, Көкесік түрмесіндегі абақтыға екеуі қамалады.
Молықбайдың түрмеде қобызбен орындаған күйлеріне, өнеріне тәнті болған түрме бастығы мен колонна басшысы Молықбайды үш күнге астыртын өз үйлеріне босатып апарып, қобыз сарынына дауысын қосып тартқан күйлерін үнтаспаға, одан пластинкаға жазып алады. Колонна басшысы Молықбайға түрмеден бостандыққа шығуға көмектесіп, «Молықбайды келіп, алып кетіңдер» деген, үй-ішіне телеграммамен хабар жібертеді.
Молықбайдың әйелі мен баласы өгіз арбамен бір ай мерзім шамасындай жол жүріп, Алматы маңындағы Көкесік түрмесіне жеткенінше, Молықбай іш ауруынан 1930 жылы көкек айының 30-ында 73 мүшел жасында қайтыс болып кетеді. Амалы құрыған әйелі мен баласы киелі қара жарық қобызды алып, кері елге оралады.
Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэмасында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қорқыт — иісі түркі еліне ортақ болса, Молықбай — қазақтың қобызшысы»,- деп ардақ қыла бағалайды.
Елдік дәрежедегі биік тұлға ретінде, оның өмірлік жолы мен өнердегі келбетін жақсы танып білу үшін, әлі талай зерттеулер қажет. Ол болашақтың еншісінде.
А.ҚҰМАРОВА,
І.Жансүгіров атындағы тарихи — өлкетану музейінің қызметкері.