Үмітін үзіп орыстан Абай неден түңілді?

немесе

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ПАТШАСЫ ТУРАЛЫ ОЙ — ДЕРЕК

Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ,

Қазақстанға еңбегі сіңген журналист.

Ұ.Бағаев атындағы сыйлықтың иегері,

Ақсу ауданының «Құрметті азаматы».

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен.

Абай

БОЛЫСТЫҚҚА ТАЛАС ЕЛДІ БҰЗЫП ТЫНДЫ

– Дүйсен аға, Абай өмірінің соңғы сәттері жайлы деректер жоқтың қасы деуге болады. Қайран елім қазағым деп қайғысын жүрегіне жамаған ақын қазасының сыры неде екенін тарқатып айтып берсеңіз?

– Иә, Әлем Әдебиетінің Патшасына айналып отырған Абайдың өз дәуірінде жазған саяси әлеуметтік өлеңдерінің тамырынан сол зар неге шықты, өзі мақтаған орысынан неге түңілді?

Енді сенің сұхбатыңа орай қолдағы бар естеліктерді аударыстырып қарасақ ол былайша өрбір еді: – Абай өлеңінің астарында патша үкіметінің «Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» деген зымыстан саясаты жатыр. Бұл саясаттың негізі 1867 жылы қабылданған Жаңа Низам ережесі болып, онда қазақ жеріне болыстық билеу жүйесін ендіріпті. Бұған Абай да басқалар да көнді бодан ел болған соң. Болыстық жүйеде рулық – әулеттік және территориялық – аумақтық басқару жүйесі болды. Абай осы рулық – әлеуметтік жүйені қолдады. Өйткені, тұтастықта өмір сүрген ел тыныш болады деп түсінді. Расында бір рулы елді бір болыс басқарады. Сол рудың ақсақалдары бас болып ұсынған адамдары сайлауға түседі. Ең бастысы қаймақтай ұйып отырған ел алатайдай бүлініп таласпайды.

Бірақ қулығына найза бойламайтын Патша үкіметі территориялық – аумақтық басқару тәсілін енгізді. Мақсаттары тыныш елді іркіттей ірітіп, тоз – тоз қылып жіберу еді. Міне, осы зымиян саясаты бірінші рет тәжірибе ретінде Сырдария генерал – губернаторы Николай Гродеков эксперимент ретінде көрді. Яғни, олар болыстыққа 12 рудан тұратын 12 ауылды таңдап алды. Мысалы, Құли, Шылмамбет, Қоралас, Сіргелі, Жаныс секілді жеке – жеке руларды біріктіріп, бір болыс жасап енді өздерің іштеріңнен бір болысты сайлап алыңдар ерік өздеріңде деп қызығына қарап отырды. Аңқау, аңғал қазақ бірінші жылы билікке, болыстыққа онша таласпады. Бірақ келесі сайлауда «Қырық рудан жиналған өңкей қиқым» дегендей дау – дамай, таластың көкесі болды. Патшаның сұрқия саясаткерлерінің көздегені осы еді. Патша саясаткерлерінің мүдделері қазақтарды өз ішіне сыймастай етіп, бір – біріне айдап салу болды. Ақыры қазақтарды қырықпышақ қылып, сырттан бақылап отырды. Болыстық бақару қазақтың мінезін ғана өзгертіп қана қойған жоқ, руаралық сыйластықты бұзды, жұдырықтай жұмылып «Аттан» дегенде бір тудың астына жиналатын халықтың басы бірікпестей болды. Өйткені, болыстыққа таласып сайланудың салдарынан бауыр етін кесіп беретін қазақ шоқпар сілтесуге, тіпті бұрқыратып домалақ арыз жазуды үйреніп, бірін – бірі өлтіруге дейін барды. Абай осының бәрін көрді. Бүкіл өмірі осы жүйеде өтті. Патша үкіметінің сұрқия саясатын терең түсініп, бәрінің баянсыз екенін біліп, биліктен де өз еркімен кетті.

«Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде «Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың»,-деп күңіренеді. Енді қазақ ырқынан айырылды, бодандық қамытты бір жола киді деп қауіптенді. Мұны Абай білімі арқылы да, ілімі арқылы да білді, халқының мінез – құлқының өзгергенін, ұсақталғанына қатты қапаланды. Осының бәрі Абайдың жүрегінен зар шығарып, қайғысына қайғы жамады.

Бұданда ары зерделеп, зерттеп қарасақ орыстан күдерін үздірген көптеген нәрселер жетерлік болды. Соның ең қауіптісі, орыс билігінен біржолата күдер үздіруі 1902 жылғы Николай патша ІІнің құпия жағдайда өз қолымен жазған раскривте (өз қолымен жазатын жасырын бұйрық)патша «Қазақтарды тез арада орыстандырып, шоқындыру керек. Көнбесе жер бетінен жойып жіберіңдер» деп жасырын бұйрық беруі еді. Осы жасырын бұйрықтың көшірмесі Абайдың қолына түседі. Ал Абайдың «орыстың тілін білу керек, мәдениетін ұғу керек» деп сенген бір тірегі осылайша жалп етіп құлады. Міне, орыстарға жақындау арқылы олардың жымысқы ойын түсінген Абайдың құса болғаны осы жайт.

Мәліметпен бөлісу: