Үміт отын маздатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы көкірекке сенім ұялатып, үміт отын маздатты.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған Президент қомақты қаржылай қолдау жасалғанын атап өтті. Алайда мәселенің мәні қаржымен шешілмейтініне де ерекше тоқталды. Әр аймақтың ерекшелігіне қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дүкен сөресіне, яғни ел игілігіне ұсыну туралы ойы бізге де ой салды. Отандық кәсіпкерлер уақыт талабына бейімделуі керек. Яғни, аграрлық кешенде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды үйрену алдағы тіршілігімізге жеңілдіктер әкеледі деген үміт бар.

Бұл Жолдау, сондай-ақ, таяу болашақта саяси реформаларға және бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралардың оң жүзеге асуына мұрындық болмақ. Жолдаудағы маңызды басымдық – ел экономикасын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау. Бұл бағытты өз тіршілігімізбен сабақтастырсақ, Жаркент өңіріндегі халықтың негізгі тіршілігі мал және егін шаруашылығымен тікелей байланысты. Сонымен қатар экономикаға тірек болар шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, сауда-саттық салалары да өркен жайған.

Біздің ауданда жыл сайын 44,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылы 175 мың тоннадан аса өнім өндірілді. Дала өндірісіндегі жетекші дақыл жүгерінің егіс көлемі 23 мың гектардан аса алқапты құрайды. Өңірде 9 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілері халыққа түрлі қызмет көрсетіп, аудан экономикасын табыс биігіне көтеруде. Жолдауда егін мен мал шаруашылығын барынша жоспарлы дамыту арқылы ішкі нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің, соның ішінде халық күнделікті тұтынатын ет, сүт бағасын тұрақтандыру мәселесі аталып өтті. Қазақстан елі табиғи мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жағдайда азық-түлік өнімдерінен ешкімге алақан жаймайтыны анық. Жолдаудан қолдау тапқан біз осы мүмкіндіктерге жетеміз деген сенімдемін.

Тасқын Жапарқұл,
ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері, кәсіпкер
Панфилов ауданы

Мәліметпен бөлісу: