Республика күніне орай ауданымызда бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Алдымен аудан әкімінің идеология бөлімі бойынша орынбасары Есжанов Ғазиз Отарбайұлының кабинетінде бас қосылып, алдағы шаралардың жоспары бекітілді. Жиынға әр өткізілетін шараға жауапты мекемелер мен мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Соның нәтижесінде аудан бойынша спорттың волейбол, баскетбол, шағын футбол, еркін күрес, т.б. түрлерінен мерекелік турнирлар мен түрлі мәдени шаралар өткізілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері біздің тәуелсіз еліміздің басты нышаны екенін білдіріп Ту алаңында Қазақстан Республикасының туы көтерілді.
Мерекеге орай, Ақсу ауылында спорт кешенінің ашылу салтанаты болды. «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтіп, аудан әкімі Базарханов Есім Сейілханұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтар мен азаматшаларды мерекелік марапаттармен марапаттады. Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Сүлейменов Бейбіт Жаңылысұлымен бірлесе — мәдениет үйінің директоры Досмұхамбетов Асхат Сейденұлына Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді.
Кәсіподақ ұйымының төсбелгісімен «Ақсу ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы» бөлімінің басшысы Мырзеков Нұрлан Қомарұлы, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Құрманғалиева Баян Дәулеткелдіқызы және Ойтоған ауылдық округінің бас маман есепшісі Жандайбекова Ләззат Жандайбекқызы марапатталды.
Сондай — ақ, Республика күніне орай облыста өткізілген Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына ауданымыздан Кенжебаевтар отбасы қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп, 300 мың теңге сертификатпен және арнайы дипломмен марапатталған болатын. Жеңімпаздарды және Сабырбаевтар отбасын жеңістерімен аудан әкімі тағы да құттықтады. Сонымен қатар спорт жағынан да биіктен көрініп жүрген оқушыларды және де аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асат Мұсабаевты «Алғыс хатпен» және «Отан Патриоты» деген төсбелгімен марапаттады.
Мерекеге орай, мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқан жас мамандар ант қабылдау рәсімін жасады.
Дәл осы күні облыста да осындай мерекелік шара өтіп, мерекеге орай жетісулық азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.
Солардың бірі — Ақсу ауданының өркендеуіне сүбелі үлес қосып, көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп, ел игілігін еселеу жолында талмай ізденіспен келе жатқан ардақты азамат, ауданымыздың ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкері Есқали Есеновтің еңбегі бағаланып, Мемлекет басшысының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып қайтты.
Біз бұл жерде негізгі құрметті наградаларға ғана тоқталып отырмыз. Мерекеге байланысты марапаттар көп болды. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
25 қазан күні орталық алаңда арнайы мемлекеттік Гимн орындалып, патриоттық әндерден мәдениет қызметкерлерінің мерекелік концерті өтті. Мереке құтты болсын!
Көк Туымыз мәңгі желбіресін!
Ербол СЫМХАНОВ.