Мемлекеттік тілдің жай — күйі мен ақпараттық төңкеріс қоғамының тілі қандай болуы қажет?

Тіл тарихында ешбір тілдің потен­циалы мен қолданыс аясына қарап баға берілмейді. Олай болатын болса пәленше миллиард халқы бар қытай тілінің қасында саны 20 миллионға шақ жететін қазақ тілі әлдеқашан құрып, жоқ болуы тиіс еді. Тілдің дамуы мен оның өлі тілге айналуы­на ең әуелі оның тарихи процестерге жау­ап бере алуы мен мемлекеттің тілді дамы­ту бағытының қоғамдық өзгерістерге сай бейімделуіне тікелей қатысты болады. Біз құдіретті санайтын, әлемде қолданыс аясы кең ағылшын, франсұз, герман тілдері жаңа заманғы процестерге әуел бастан бейім бола алғандығынан да алға жылжыды және соған сай қоғамы да дами түсті. Қазақ тілінің кемшін қалу не қоғамдағы әлсіз қолданысын әуелі кеңес отаршылдығына немесе халықтың салғырттығына жаба салу, әлбетте, оңай дүние. Алайда, мемлекетіміздің сонау 18-19 ғасырлардағы индустриялды дамудан тысқары жатқанын да ескеруіміз қажет. Еуропа жұрты өз тілдерін индустриялды өркениеттің тілі ретінде бейімдеді. Әйтпесе, Шекспир мен Гамлетті мың құбылта суреттеген әсем тілдерімен мақтанып жүре беру олардың да қолдарынан келер еді. Америкалық зерттеуші Э.Тоффлер ХХ ғасырдың орта­сында жазған еңбегінде дүниежүзі елдерін әлеуметтік-экономикалық даму жағынан екіге бөліп қарастырған болатын: «Жердегі адамдар өмір сүріп жатқан уақыты бойын­ша жіктеледі. Көптеген жағдайларда олар бұдан бір ғасыр бұрынғы аталары сияқты өмір сүреді. Бұлар өткеннің адамдары, жер тұрғындарының 70%-ын құрайды. 25%- дан астамы дамыған өнеркәсіпті елдерде тұрады. Олар заманауи өмір сүреді. Олар – қазіргі күннің адамдары». Өркениеттің аграрлы және индустриялы болып омы­рылуы XVI ғасырдағы Нидерландыда болған саяси оқиғалардан басталғаны белгілі. XVII ғасырдағы ағылшын либерал- демократиялық революциясы өнеркәсіпті қоғамның толық жеңіске жеткенін және оның аграрлы қоғамнан артықшылығын бұлжытпай дәлелдеп берді. Осыдан ба­стап Еуропа елдері суырылып алға шығып, адамзат өркениетінің жетекшілік легін мығым иемденіп алды.

XVIII ғасырда Ұлыбритания өнеркәсіп төңкерісін жүзеге асырып, құқықтық қоғам орнатып, классикалық парламентаризм еліне айналып жатқанда, қазақтар биліктің хандықтан өзге де тұрпаты болатынын, мал бағудан да басқа кәсіп бар екенін ескермей өмір сүріп жатты. Ресейдің барған сайын шекараға жақындап келуі, бекіністер салуы, от қарулы әскер ойна­туы, бір сөзбен айтқанда, соғысқа дайын­далуы қазақ хандарының естерін жиюына әсер ете алмады. Олар бағзы замандар­да әуені алмап, жерді жалмаған Шыңғыс, Жошы, Бату, Мамай, Тоқтамыс хандардың ұрпағы екенін ұмытты. Тымақтарын баса киіп алып, сойылсоғарларын ертіп алып, бірін-бірі барымталаудан қолдары тимеді. Кеңестік кезеңде де қазақ тілінің дамуына аграрлық принциптерге сай ғана мүмкіндік берді. Қазақ тілі «ең бай тіл» статусын тек әдебиетте, пафосты өлеңдерде, ұзын шұбалған тілектерде ғана көре алды. Ал индустриялды қоғам талап етіп тұрған өндірістік-технологиялық жабдықтарды, т.с.с. технологиялық жетістіктерді атауға келгенде бай тіліміздің қуаты жетпей қалып жатты. Неге? Себебі, біздің тіліміз тек ауылдағы шаруашылық тілі ретінде ғана қалып қойды. Бұлай қалдыру кеңес үшін де тиімді еді. Біз сондықтан да тәуелсіздіктің бастапқы кезеңі мен 2000 жылдардағы кезеңде қалада амалсыздан орыс тілін қолдануға тырыстық. Ал енді индустри­ялды дүмпу толастап, ақпараттық дүмпу ғасырында, нейрожелілер мен Chat GPT секілді ақпарат ғасырының жетістіктері бар ғасырда тілімізді қалай қоғамда авторитет етіп ұстап тұра аламыз? Бірге жауап тауып көрелік.

Тiлдiң қалыпты өмiр сүруi оның онтологиялық мәселелерiн шешумен ғана қамтамасыз етiлмейдi. Егер қарастырылып отырған тілде заманауи қоғам мүшелері қабылдайтын татымды мәдениет жасал­маса, онда жетілдірілген грамматиканың болуының өзі тілді дағдарыстан құтқармайды. Тiл тағдыры оның сыртқы байланыстарына – тiлдiң қоғамдық өмiрмен қабыса арабайланысына тәуелдi. Қазақ тiл ғылымында осы мәселелер – тiл философи­ясы шеңберiнде зерттелетін, сырттан болып жататын әсерлер ескерусіз қалған. Қазақ тілін дамыту үдерісіндегі келесі стратегиялық адасу осыдан бастау алады. Тіл философи­ясы шеңберінде тіл контенті, оның мазмұны, сапасы және бұқараның оны үйренуге қажеттік тудыру мүмкіндіктері зерттеледі. Қоғам мүшелерінің тілге қатынасы көркем мәдениеттің, бұқаралық ақпараттың, мек­тепте оқытылуға ұсынылатын білімнің мазмұнымен айқындалады. Бұқараның тілді қабылдауы – тілді қажетсінуі неме­се қажетсінбеуі, оны үйренуге құлшынысы немесе оған енжарлығы да осы контексте қарастырылады. Тіл философиясын тіл грамматикасынан бөлек, жеке бағыт ретінде зерттеу Батыс ғылымында бұрыннан бар. Кезінде Ф.Бэкон атап өткендей, Англия үшін «мектеп грамматикасынан бөліп алып дамытуды қажет ететін пәндер қатарына жатқызуға барлық негізі бар тіл философия­сы» қазақ лингвистика ғылымында географ­тар аяқ басып көрмеген аумақты белгiлейтiн ақтаңдақ сияқты болып қалып қойған.

Мемлекеттік тілді мәртебесіне сай орнықтыру үдерісінде ол тілде жасалған мәдениеттiң бәсекеге қабiлеттiлiгi неме­се қабiлетсiздiгi, ғылыми шығармаларға сұраныстың болуы немесе болмауы, мектептегi бiлiмнiң сапасының жоғарылығы немесе төмендігі, таралатын ақпараттың бұқараның назарына iлiгуi немесе iлiкпеуi мәселелерi қазақ тiл ғылымының назарынан тыс қалды. Тiлдiң қазiргi заманғы жоғары интеллектiлi, жан-жақты мәдениеттi адам­мен арабайланысы, азаматтардың қазақ тiлiнде таралып жатқан материалдардың – тіл контентінің сапасына белгiлi деңгейдегi реакциясының көрiнiсi болып табылатын психологиялық фактор да ескерусiз қалды. Көркем өнер мәселелерiн зерттеушiлер жастардың ұлттық өнерден сырттап кетуіне көңiл бөлмедi, оның себептерiн ашуға ты­рыспады, бұл – жастардың патриоттығының кемшiндiгi деген кiнәлаумен шектелдi. Қазақ тiлiнде таралатын материалдардың тақырыптық және идеологиялық аспектiлерi сарапқа салынбады. Шекаралық меже­ге жақын тұрған, ғылымдар тоғысында қарастырылуға тиісті зерттеу объектілерінің ішіндегі аса маңыздыларының бірі – тіл контенті, оның сапасы және бұқаралық санаға әсері. Қазақ тілінің контентін тұтынушыға рухани құндылық ретінде қажеттілігін, тілді үйренуге мүдделілік және оған көпшіліктің ынтасы болуын зерттеудің өзектілігі өте жоғары. Қазақ тілінде жасалып жатқан көркем әдебиеттің, беріліп жатқан білімнің, тара­лып жатқан ақпараттың мазмұны, идеялық бағдарлылығы, ғылыми дәйектілігі және олардың қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай дамыту үдерісіндегі рөлі әлі ашылған жоқ. Тіл үйренуге мүдделіліктің заңды өзгертіп қоюмен немесе биліктің пәрменімен немесе күштеумен емес, тіл контентінің сапасының жоғарылығымен жүзеге асыры­латыны қазақ лингвистерінің қаперіне әлі кірген жоқ. Мәселенің осы қырына терең үңіле алмаған қазақ тілші ғалымдары тілді айналысқа енгізу істерін әкімшілікке аударып қойып, өздері сырттай бақылаушы және сы­наушы рөлінде қалып отыр.

Тіл контенті дегенде алдымен сол тілде жасалып жатқан көркем мәдениет, әсіресе, өнердің өзге салаларына «құрылыс материа­лын» беретін көркем әдебиет ойға оралады. Көркем әдебиет көлемі жағынан тіл контенті құрауыштарының ішіндегі ауқымдысы ғана емес, халықтың рухани болмысын айғақтайтын, дүниетанымын, эстетикалық сана деңгейін көрсететін фактор, ұлттық мәдениеттің квинтэссенциясы ретінде көрініс береді. Сондықтан тілге қызығу сол тілде жа­салып жатқан көркем әдебиетке қызығудан, тіл үйренуге мүдделілік сол тілде жасалып жатқан көркем өнерді игеруге мүдделіліктен басталады. Көпшілікті көркем әдебиетімен баурап алған тіл ғана құдіретті тілге айна­лады. Бұл тезис өркениетті елдердің тілші ғалымдарына ежелден белгілі. Амеркалық зерттеуші Э.Сепир айтқандай, «фран­цуз тілін үйренуге адамдар ол тілде оқуға татитын әдебиет болғандықтан құмар». Бұл формуланың қазақ тіліне де қатысты қолданымдылығы дәлелдеуді қажет етпе­се керек. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді үйренуіне мүдделілігі ол тіл арқылы түсіп жатқан рухани өнімдердің, соның ішінде, көркем өнер туындыларының бәсекеге қабілеттілігіне, мазмұнының тартымдылығына, рентабельділігіне тікелей тәуелді. Өкінішке қарай, қазақ лингвистері үшін ғана бұл құбылыс сыры ашылмаған тылсым дүние болып қалып отыр. Олардың ойынша, көркем әдебиет туындыларын жа­саушы жазушылар лингвистика ғылымынан тәуелсіз әрекет етеді.

Тіл тағдырына ықпал ететін екінші фактор – сол тілде сабақ оқытылатын жоғары және орта мектептегі білім контенті болып табы­лады. Мектеп – тіл үйрену үдерісіндегі ең маңызды буын. Өйткені, тіл мектепте арнайы бағдарламамен, ұзақ уақыт үзіліссіз, замана­уи педтехнологияны қолданып оқытылады. Өзге арналар арқылы үйренген тіл, әдетте тұрмыста түсінісу деңгейінен аспайды. Тек мектептен үйренген тілмен ғана адам сол тілде ресми іс жүргізіп, шығармашылық қызмет атқара алатын деңгейге көтеріледі.

Индустриялы қоғамның баласы мектеп­тен постиндустриялы қоғамдағы өмір мен еңбек, ғылым мен технология туралы білім алуы керек. Өйткені, ол мектепті, содан кейін ЖОО-ны бітіріп, еңбекке араласқанда ел дамудың сол басқышына шығатын бо­лады. Егер керісінше болса, балаға мектеп аграрлы қоғам өмiрiн сипаттайтын бiлiмді ғана ұсынса, онда нәтиже де керісінше бо­лады. Бiлiм мазмұны мен қоғамдық практи­ка арасындағы сәйкестiктiң болмауынан, мұғалiмнiң бергендерiнiң өмiрлік практика­да пайдалануға жарамсыздығынан, ол мек­тептен құр қол шығады, мектепті тәмамдап үлгермей-ақ алғанының бәрiн ұмытады. Ең бастысы, бала мектепте дәріс алған тілін де білмей шығады. Мұның себебін тағы сол – өркениеттердің омырылуы теориясын бетке ұстай отырып, іздеу керек. Индустри­ялы қоғамда өмір сүріп жатқан жас адамға аграрлы қоғам өмірінен алынған білімді ұсынуға болмайды.

Тіл философиясы шеңберінде қарастырылуға тиісті, оның тағдырына тура қатысы бар келесі мәселе – сол тілде тара­латын бұқаралық ақпараттың сапасы мен оның бұқаралық санаға әсері. Бұқараға таралатын тіл контентінің сапасы қоғамда үстемдік еткен саяси режимнің сипаты­мен айқындалатыны белгілі. Үнемі өрлеп отыратын, ашық қоғамның демократияшыл баспасөзінің тілді жетілдіруге тура және игі ықпалы бар. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға әділ саяси баға беретін, келеңсіздіктерді өткір әшкерелейтін, халықтың мүддесін діттейтін газетті неме­се журналды көпшілік іздеп жүріп, тауып оқиды. Осыдан тiлдiң де демократияның жемiсi екендiгi көрiнедi.

Демократиялық емес қоғамның баспасөзі халықты өзінен аластатады. Айнала­да болып жатқан нағыздықты объективтi түсiндiре алмау, үрдісшіл баға, жалған және жағымпаз ақпарат бұқараны сол ақпарат басылып отырған басылымнан ғана емес, қолданылу тiлiнен де жирендiредi. Көпшiлiк iздеп жүрiп оқымайтын, өз беделiмен тарал­майтын басылымды салық төлеушiлердiң қаражатына ұстап отырып, әкiмшiлiк ша­ралармен тарату – шын мәнiнде, бұқараны тiлден де үркiту, демек тiлге де берiлген соққы. Қазiргi қазақ тiлдi басылымдардың көбi сонысымен бұқараны қазақшадан үркiтушiге айналып, өзiн қоршаған дүниемен байланысын үзiп отыр. Ханс-Георг Гада­мер айтқандай, «егер бiз герменевтикалық тәжiрибенiң тiлдiк сипатын түсiнетiндей дұрыс көкжиекке шыққымыз келсе, онда бiз тiл мен дүние арасында болатын байланы­старды зерттеуiмiз керек».

Қазақ тілінің жайына алаңдаушылар мемлекеттік тілді дамытамыз десе, осы айтылған контенттің сапасына көңіл бөлуі керек. Қоғам талқылайтын, сапасы бар, қоғамды ойландыра алатын кинолары­мыз, жастар тыңдауға лайық әндеріміз, оқушы мектепте қызығып оқитын пән кітаптары мен әдебиеттер, әсіресе ғылыми әдебиеттер болуы керек. Жастардың қызығатын әлеуметтік тақырыптарына, оның ішінде әйел теңдігі, әлеуметтік мәселелер, заманауи ғылым жетістіктері ту­ралы айтатын ғылыми ресурстар, барлығы қазақ тілінде сапалы әрі қызықты болуы керек. Және тіліміз стандартталуы керек. Алайда осының бәріне дем беріп, қолдау көрсететін, мемлекеттік тілдің дамуына алаңдаушы үкімет пен оны қолдаушы, қысым көрсе қорғаушы заң керектігін баса айтқымыз келеді.

Б.ҚАНАТҚЫЗЫ,

Жетісу облысының «Тіл» оқу — әдістемелік орталығы КММ Ақсу аудандық филиалының меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: