Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.
Президент депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселеге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең бірінші кезекте, мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша мән берген жөн.
Бұдан бөлек, Президент саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалары мен бастамаларына тоқталып, көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткен партиялардың, өзін-өзі ұсынған депутаттардың азаматтық белсенділігіне оң баға берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.
Президент бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп баға берді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, демократия үздіксіз жүретін үдеріс екеніне айрықша назар аударды. Президенттің пікірінше, әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау ортақ парызымыз екеніне назар аударып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамыту мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент бақытты балалықтың негізі отбасы институты екеніне тоқталып, ата-аналарды тәрбие мәселесіне салғырт қарамауға шақырды. Әсіресе, ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, керісінше, оларға ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырудың, Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатудың маңыздылығы жөнінде пікір білдірді.
Жиында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәжіліс депутаттары Юлия Кучинская, Ринат Зайытов, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, кеншілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев сөз сөйледі.